Елорда іргесіндегі ауданда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 16 алғашқы медициналық—санитарлық көмек нысанының құрылысы басталды.
Соның денін атап айтсақ, Нұресіл, Арайлы, Оразақ, Жалғызқұдық, Жаңаесіл ауылдарында 5 дәрігерлік амбулатория, Төңкеріс, Қараменді батыр, Мәншүк Мәметова, Ақжар, Өтеміс, Жаңа Жайнақ, Жарлыкөл, Рақымжан Қошқарбаев ауылдарында 8 фельдшерлік-акушерлік пункттің және Ынтымақ, Раздольное, Шалқар ауылдарында 3 фельдшерлік пункттің құрылысы жүргізілмекші.
–Мәншүк Мәметова, Қараменді батыр, Раздольное және Өтеміс ауылдарында қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары 35-45 пайызға орындалған. Сыртқы қабырғаларды кірпішпен қаптау және ішкі қабырғаларды сылау жұмыстары аяқталып, парапет пен желдеткіш шахталарды салу жұмыстары басталып, шатырды орнатуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нұресіл, Арайлы, Ынтымақ, Ақжар, Оразақ, Төңкеріс, Жалғызқұдық ауылдарындағы учаскелерде құрылыс жұмыстары енді басталып, іргетас шұңқырын толтыру және нығыздау, кірпіш пен қоршауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы және ішкі қабырғаларды қалау, сумен жабдықтау және оны бұру үшін құбырларды төсеу, бетон құю және іргетасты нығайту да рет-ретімен қолға алынып жатыр. Жаңа денсаулық сақтау нысандарын пайдалануға беру арқылы медициналық көмек біздің ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болады. Қазіргі уақытта медициналық кадрларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мемлекет медициналық мамандарды ынталандыру бағдарламаларын әзірледі, олар тұрғын үй мәселесінде қолдау, қаржылық ынталандыру, оқыту және әлеуметтік қолдау сияқты шараларды қамтиды. Ауылдық жерлерде жұмысқа кіріскен жас мамандар көтерме жәрдемақыны, ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үйге кредиттерді және әлеуметтік қолдаудың әртүрлі түрлерін қоса алғанда, айтарлықтай жеңілдіктер алатын болады, – дейді өз сөзінде аудандық аурухананың басдәрігері Дәурен Сибанбаев.
Ауданның емдеу мекемелерінде 83 жоғары білімді дәрігер, 237 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Ұлттық жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін арттыру. Соның ішінде бірінші міндет – ауылдық елді мекендерді стандартқа сай бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету болып табылады.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.