Кәсіптік мерекемізді толайым табыстармен қарсы алып отырмыз

Ғасырлар бойы құрылысшы мамандығы ерекше құрмет пен  беделге ие. Бүгінде біздің елімізде де бұл мамандық ең танымал да қажетті кәсіпке айналып отыр.

Құрылысшы болу – бұл тек ауыр еңбек қана емес, жасампаздықтың кепілі. Құрылысшылар адам баласы таңдай қағатын нәрселерді жасай алады және жайлы өмір сүруге жағдай туғызады. Қазіргі таңда құрылысшыларымыздың күш-жігерлерінің арқасында халқымыздың өмір сүру сапасы жақсаруда. Зәулім әкімшілік ғимараттарды, демалыс кешендерін, тұрғын үйлерді, сауда супермаркеттерін салып, қалаларымыздың қайталанбас келбетін қалыптастыратын да осы құрылысшылар. Жолдар төселіп, жаңа әлеуметтік, мәдени және өнеркәсіптік нысандар тұрғызылуда. Құрылысшылар қашанда небір нысандарды ұқыпты түрде қайта қалпына келтіріп, ұрпақтарымызға олардың әкелері мен аталарының қолдарымен жасаған құрылыстарды сақтап қалуға атсалысып жатады. Сонымен қатар, заманауи технологияларды игеріп, құрылыс индустриясын дамыту үстіндеміз. Өңіріміз дамып келеді, демек, бұл мамандық қашанда сұранысқа ие болары сөзсіз.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыру бойынша шараларды белгілейді. Ұлттық жоба алдағы екі жылда ауылдарды медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді, оның ішінде шалғайдағы елді мекендерді қамтуды, аудандық ауруханаларды көпсалалы медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғыртуды, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын скринингтік қамту, медициналық ұйымдар базасында елді мекендерде дәріханалар ашу, кадр тапшылығы мәселелерін шешу және ауылдық жерлерде медициналық көмекті дамытудың бірқатар басқа да бағыттары қамтылған.

Бүгінде осы жобаны іске асыру аясында іске қосылған 38 нысанда облыстың 14 өңірінің 43 мың тұрғыны медициналық қызметпен қамтылады. Олар – 3 фельдшерлік пункт, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт және 14 дәрігерлік амбулатория.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде апатты жағдайда және үш ауысымда оқытуды, орта білім беру ұйымдарындағы оқушылар орнының тапшылығын жоюды көздеген  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ақмола облысында осы жоба аясында 2025 жылға дейін 22600 орындық 18 мектептің құрылысы жоспарланған. Ол облыстың 6 өңірін – Көкшетау, Қосшы, Щучинск қалалары мен Целиноград, Шортанды, Аршалы аудандарын қамтиды. Ағымдағы жылы Целиноград ауданында 9200 орындық 7 мектепті және Көкшетау қаласында 3000 орындық 2 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

2024 жылдың көктемінде қатты су тасқыны салдарынан Қазақстанның 10 облысында жергілікті төтенше жағдай режимі күшіне енді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Қазақстандағы соңғы 80 жылдағы ең үлкен апат деп атады. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер қатарында Ақмола облысы да болды.      Зардап шеккен отбасыларды тұрғын үймен уақытылы қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта Атбасар, Бұланды, Есіл, Жарқайың аудандарында техникалық байқау нәтижесінде апатты деп танылған және қалпына келтіруге жатпайтын 331 тұрғын үйдің орнына жаңа үйлер салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдетуге құрылыс ұйымдары мен «Енки» кірпіш зауыты тартылып, тиісті өніммен үздіксіз және уақытылы қамтамасыз етіп отыр. Құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы жұмылдыру бойынша барлық мәселелер жедел шешілуде. Басты міндет – жылу беру маусымы басталғанға дейін тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, су басқан үйлердің тұрғындарын жаңа үйлерге көшіру. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әкімдері мен құрылысшылар осы жұмысты тезірек аяқтауға күш салуда.

Тұрғын үй құрылысы – экономикамыздың қозғаушы күші. Осы ретте, алда тұрған басты мәселелердің бірі – тұрғындар үшін баспананың қолжетімділігі. Халқымыздың әл-ауқаты тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты. Биыл жыл соңына дейін 14 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі, оның төртеуі жалдамалы, 10-ы несиелік үй. Бұл 695 отбасын, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 195 отбасын баспанамен қамтамасыз етеді. Жалпы, биыл пәтер кезегінде тұрғындарға тағы да қосымша 500 пәтер берілді.

Сонымен бірге, 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігінің енгізілуіне байланысты жалға берілетін тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражат тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға қайта бағытталды. Мемлекет басшысы сол 2022 жылдың 5 қаңтарындағы «Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» өткен кеңесте халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайталама тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялау тетігін енгізу қажеттілігін қарастырды.

2024 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарында кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 840 пәтер сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде 199 пәтер сатып алу құқығы жоқ жалға берілетін тұрғын үйлер санаты бойынша алынады. Осылайша Бурабай ауданында 40 тұрғын үй, Зеренді ауданында 10 тұрғын үй, Қосшы қаласында 20 тұрғын үй, Көкшетау қаласында 129 тұрғын үй берілетін болады.

Бүгінгі таңда Көкшетау қаласында 91, Қосшы қаласында 20, Бурабай ауданында 9, Зеренді ауданында 10 отбасыға пәтерлер сатып алынып, кілттері табыс етілді.

Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу әрі кейін жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй ретінде 641 пәтер, соның ішінде Көкшетау қаласында 385 пәтер, Бурабай ауданында 156 пәтер, Қосшыда 100 пәтер сатып алынады. Қазіргі таңда 193 пәтерді сатып алуға тендер жарияланды.

Облыс әкімдігі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне облигациялық несие беру арқылы 10 несиелік тұрғын үй немесе 577 пәтер салуға қосымша өтінім берді. Қабылданған шаралардың барлық кешені 2024 жылы 2 мыңнан астам отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтып, тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және тұрғын үй мәселелерін шешу үшін елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінетін түрлі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары енгізілуде. Мұндай мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы Отбасы Банкі акционерлік қоғамы болып табылады. Ағымдағы жылы Отбасы банкінің Ақмола облыстық филиалы әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 117 пәтер сатты. Осылайша, жетім балалар, көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар өздеріне баспана сатып алды.

Мемлекет тұрғын үймен қатар, әлеуметтік нысандардың құрылысына үлкен көңіл бөлуде. 2024 жылы Ақмола облысында 81 әлеуметтік нысанды іске қосу жүзеге асырылады. 2024 жылдың 6 айында 5 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Олар Целиноград ауданы, Қоянды ауылындағы ауысымына 25 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы Көкшетау қаласындағы  № 4 арнайы мектеп-интернатына жүргізілген 60 орындық кеңейту жұмыстары, Өтеміс ауылындағы 120 орындық орта мектеп пен Қосшы, Есіл қалаларындағы 2 спорттық-сауықтыру кешені.

Біздің құрыш қолды құрылысшыларымыздың арқасында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі де шешілуде. 2024 жылдың соңына дейін 1740 орындық 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Біржан сал ауданының Бұланды ауылында, Сандықтау ауданы Петровка ауылы мен Целиноград ауданының Жаңажол ауылында 80 орындық, Қосшы қаласында 1200, Бестөбе кентінде 300 орындық мектептер салынады деп күтілуде.

Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері де облыстың әрбір тұрғынын толғандыратыны сөзсіз. Жыл сайын облыс өңірлерінде денсаулық сақтау нысандары салынып, пайдалануға берілуде. 2024 жылдың басынан бері үш денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Олар Целиноград ауданы Қоянды ауылындағы ауысымына 25 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы және Қосшы мен Есіл қалаларындағы екі сауықтыру кешені.

Біздің өңіріміздегі құрылысшылардың арқасында мәдениет пен спорт мәселелері де оңтайлы шешілуде, бұл спортпен және өнермен  айналысуға, халықтың денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай туғызып, салауатты өмір салтына көшкен азаматтардың қатарын арттыруға септігін тигізуде. Ағымдағы жылы 3 спорт нысанының, яғни, Степногорск қаласы мен Жақсы селосындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Мәдениет селосындағы бір спорт кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, Степногорск қаласының Қарабұлақ ауылында да мәдениет үйінің құрылыс нысанын пайдалануға беру көзделіп отыр.

Сөзімді қорытындылай келе, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті арқылы өңірдегі барлық әріптестерімді кәсіби мереке – Құрылысшы күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға мықты денсаулық, бақыт, игілік, жасампаз еңбектеріңізге одан әрі табыс тілеймін. Тарихта өз айшықты қолтаңбасын қалдыруды мақсат еткен екі мамандық болса,  соның бірі құрылысшы мамандығы екенін естен шығармайық, қадірлі әріптестер!

Марат  ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық құрылыс басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар