Атаулы онкүндік жастар әлеуетін арттырады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев пен жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков облыста Халықаралық жастар күнін мерекелеудің жай-жапсары туралы баяндап берді.

– Жыл сайын дәстүрлі түрде елімізде 12 тамыз – Халықаралық жастар күні өткізіліп тұрады. Бұл күнді 1999 жылы 17 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы белгілеп, Жастар істері жөніндегі министрлердің Дүниежүзілік конференциясында 12 тамызды «Халықаралық жастар күні» деп жариялау туралы шешім қабылдады. Осы бағытта Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті тарапынан бұл күнді жоғары деңгейде мерекелеуге арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Тұжырымдамаға сәйкес 3-12 тамыз күндері аралығында еліміздің барлық аймағында жастарды жан-жақты қолдау мен дамытуға бағытталған қоғамдық, маңызды шаралар ұйымдастырылып, өткізілетін болады, – деді өз сөзінде Сабырхан Кенжебаев.

Жастар ресурстық орталықтары жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеуді және қолдауды, жастар ортасындағы жағдайға мониторинг пен талдауды жүзеге асырады. Орталықтың қызметі жастардың әлеуметтік және жеке дамуына ықпал етуге және жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтары жастар жобалары мен бағдарламаларын іске асыру, бейресми білім беру, жастарды консультациялық қолдау және олардың өзін-өзі дамытуы үшін ашық кеңістіктер құру арқылы жастармен жұмысты жүзеге асырады.

– Қазіргі уақытта Ақмола облысында 210 599 жас азамат тұрады. Оның ішінде ауыл жастары 91 912 адам болса, қалалық жастар 118 687 адамды құрайды.Көкшетау қаласы бойынша қырыққа жуық жастар және еріктілер ұйымдары бар, ал, жалпы облыс бойынша мұндай ұйымдар саны 130-дан астам. Күн сайын кешкі уақытта, кестеге сәйкес Көкшетау қаласының жастар ұйымдары өкілдері Сәтбаев көшесі, 1 Б мекенжайы бойынша орналасқан акт залында жиналады. Мұнда танысып, жаңа ақпарат алмасу және өз жобаларымен айналысу нәтижесінде біздің аймаққа пайда әкелуі мүмкін еркін орта қалыптасады.Өңірімізде бірнеше белсенді жастар ұйымдары қызмет етіп келеді. Мысалы, «Qazmed Jastary», «Қазақстан қызыл жарты ай», «Жаңа Ұрпақ Степ», «Мейірімді жүрек», «Лидер кз» қоғамдық бірлестіктері, «Көкшетау» студенттер Альянсы»  корпоративтік қоры, «Workout Center Akmola» қозғалысы, «The Legasy Show» би студиясы, «Думан» педагогикалық жасағы,  «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы», «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалы, «Зерделі Ұрпақ» жастар бірлестігі, «Темірқазық» әдеби клубы, «Жас Сарбаз» қозғалысы,  «Luvi dance» би студиясы, «Правда», «Зияткер»және «Dilmar» дебат клубтары мен облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесіп, түрлі форматта шаралар өткізіп отырады.Аталмыш ұйымдар жастарымыздың рухани дамуына, бос уақыттарын тиімді пайдалануына және жастар саясатының дамуына септігін тигізуде, – деп жалғастырды отырысты жастарресурстық орталығының басшысы.

Облысымыздың барлық өңірлерінде он күн бойы жастарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Әр күн арнайы бір тақырыпқа арналып, жүзеге асырылатын болады. Атап айтсақ, 3 тамызда экологиялық мәдениетті дамыту, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалалары және аудандардың әкімдіктері мен жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен саябақтар, көшелер, өзен-көлдердің жағалауларында сенбіліктер өткізілді. 4 тамыз жастардың өзін-өзі дамытуын ынталандыруға, көшбасшылық және кәсіби шеберлік идеяларын ілгерілетуге бағытталған шараларға арналды. 5 тамыз күні  барлық мемлекеттік және жеке кәсіптік ұйымдарының қызметкерлерімен жаппай таңғы жаттығу және репродуктивті денсаулық жайлы тікелей эфир ұйымдастырылды. 6 тамызда жұмысшы жастар арасында Абай Құнанбаев күніне орай интелектуалды ойын ұйымдастыруіске асырылды. 7 тамызда  «Қарттар – асыл қазынам» іс-шарасын және балалар үйлерінде қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарлануда. 8 тамыз күні полиция департаменті жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп, «Адалдық алаңы» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы және алаяқтыққа жол бермеу мақсатында адамдардың жаппай жиналатын орындарында   үлестірме материалдары таратылады. 9 тамыз күні жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады және «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы шеңберінде жастарды жұмысқа орналастыру бойынша әлеуметтік желілерде бейнероликтер жарияланады. Сондай-ақ, Қосшы қаласында «Жасыл ел» еңбек жасағындағы жастардың жұмысын насихаттау бойынша іс-шара өтеді. 10 тамыз Қазақстан тарихы бойынша осы қала тұрғындарымен сауалнама жүргізу көзделіп отыр. Степногорск қаласында жастардың қалалық мұражайға саяхаты өткізілмек. 11 тамыз қоғамға жат мінез-құлық пен нашақорлықтың, құмар ойындарының және вандализмнің таралуының алдын алу бойынша облыстық квест ойыны және «Есірткісіз болашақ» ұйымымен бірлесе отырып, нашақорлық тақырыбында жастарға арналған тікелей эфир ұйымдастырылатын күн. Сонымен қатар, облыс аудандары мен қалалары жастар ресурстық орталықтарының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында нашақорлық, лудомания, вандализм бағыттары бойынша бейнеролиткер жарияланады. Ал, онкүндіктіктің соңғы күні ішкі саясат, мәдениет, кәсiпкерлiк және өнеркәсіп басқармалары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қала және аудан әкімдіктері,жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен белсенділерге Жастар күніне орай Алғыс хат табыстау шаралары, сондай-ақ, Халықаралық жастар күні аясында «Open air» іс-шарасы ұйымдастырылмақшы.

Жалпы, облыс бойынша аталмыш мерекеге орай, 150-ге жуық іс-шара өткізуді жүзеге асыру жоспарда тұр. Оның 20-ға жуығы облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен өткізілетін болады.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар