Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Төрткүл дүние құлақ түрген дүбірлі  дода - АРҚА АЖАРЫ

Төрткүл дүние құлақ түрген дүбірлі  дода

Сонымен бүкіл әлем жұртшылығы жіті құлақ түрген Францияның астанасы Париж қаласындағы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары да аяқталды. Ол шілденің 26-сы мен тамыздың 11-і аралығында өтіп, арғы күні салтанатты жағдайда мәреге  жетті. Енді миллиондаған спорт сүйер қауымның көз қуанышына айналған осы төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеден көңілге түйгенімізді аз-мұз ортаға сала кетейік.

Бұл Олимпиадада Қазақстан қалай өнер көрсетті?

Осылай деп өз-өзімізге сұрақ қойғанда, жауабы көңіл көншітерлік емес екендігін бірден айта кеткен жөн. Басында жоспар басқаша еді. Бір боксшыларымыздың өзі бірнеше медаль, оның ішінде кемі бір-екі алтын сыйлайды деп күпінгенбіз. Ал, жеме-жемге келгенде олай болмай шықты. Мұның алдында сегіз қоламен ғана қанағаттанған Токио Олимпиадасы сияқты, бұл соңғы Олимпиада да Қазақстанның спорт саласында толықтай қайта реформа жасау керектігін тағы бір айғақтап берді. Бұған себеп, біздің мемлекеттен спорттың 25 түрінен ел намысын қорғай барған 80 спортшының көпшілігінің олимпиадалық спорт алаңдарында әлемнің түкпір-түкпірінен келген өз әріптестерімен ойлағандай спорттық бәсекеге түсе алмауы.

Қазақстан үшін Олимпиаданың бірінші күні жеңіп алған дзюдошы Елдос Сметовтың алтын медалі ақыр аяғында біз үшін осындай деңгейдегі жалғыз жүлде болып шықты. Басында осы жетістікке сүйеніп, қоржынымызға алтын енді үздіксіз түсетіндей көрінген патша көңіліміз бірте-бірте біздің спортшылардың қауқары мен әлсіздігінен суына берді. Ақыры, сол жалғыз алтын тым құрыса екеуге де жетпей, қоржында сол жалқы күйі қалды.

Сонымен, тоқетеріне келсек, бұл турнирде қазақстандық спортшылар 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен командалық есепте небәрі 43-інші орында тұрақтады. Жоғарыда айтқанымыздай, жарыс жолына шыққан отандастарымыздың өнерлері мен қолынан келген қауқары біз күткен межеден әлдеқайда төмен соғып,  қарын аштырып жатты.

Жарыстарда тек Елдос Сметовқа жедеғабыл өнер көрсеткен гимнасшы Нариман Құрбанов, боксшы Нұрбек Оралбай және грек-рим күресінен Демеу Жадыраев күмістен алқа тақты. Сондай-ақ, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай, садақшылар Ислам Сәтпаев пен Александр Ле қолаға қол жеткізді. Бұл жүлдегерлеріміздің бәріне Олимпиада төрінде Қазақстанымыздың атын шығарғандары үшін мың мәрте алғыс!

Ал, осылай дегенде бұрынғы әрбір жазғы Олимпиада сайын қалыптасқан дәстүрді бұзып, соңғы екі жазғы Олимпиадада бірде-бір рет алтынның ауылынан көріне алмаған боксшыларымыз туралы не айтамыз? Париж рингіндегі өнерлері мақтауға келмейтіндігі бір күміс, бір қоладан да көрініп тұр. Көздерінде от жоқ, тез шаршап қалады дейді қалың көрермен. Сол белдесулерді ой елегінен өткізген халық қалт айтпайды, демек, өзіміз қолды-аяққа тигізбей, шашбауын көтеруді ғана білген боксшыларымыз төрт жылдың басты сайысына физикалық жағынан да, моральдық-психологиялық жағынан да тиісті дайындықсыз келген. Ауызды қу шөппен сүртпесек те, көз көріп, көңіл түйсінгеннен кейін осылай демеске амал жоқ.

Париж өзбек боксшыларының Олимпиадасы болды

Әдетте, Орта Азиядағы құдайы көршілеріміз өзбек бауырларымызға қарап, спорттың бокс түріндегі әу-жайымызды салыстыратынымыз бар. Бұған дейін өзімізді бірде олардан алда, бірде тең дәрежеде көріп келгеніміз де жасырын емес. Бокс әлемінде біз ес біліп, есейгеннен бері Куба оғландарының қауқары керемет еді. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында алтынды топырлатып алатын соларға қарап бой түзейтін өзге елдер бұл спорт түрінде кубалықтарды өздеріне пір тұтқандай жағдайда еді. Енді бұл спорт түрінде өзбектерді үлгі тұтатын сияқтымыз.

Өйткені, Париж Олимпиадасында бокстан осы ағайындардың дегені болды. Сөйтіп, бокста біздің қазақ мығым деп келген басымыз осы жолы бес бірдей боксшысы алтыннан алқа таққан өзбектерге аузымызды ашып, көзімізді жұмып қалғандай болдық. Енді былғары қолғаптан осы бауырларымызды пір тұтатын шығармыз деген сөзге бет бұрып жатқандығымыз да сондықтан. Расында да бұл жолы жылдан-жылға өрлеп келе жатқан өзбек боксы сан жағынан да, сапа жағынан да мүлдем жаңа биікке көтеріліп, айдай әлемді таң қалдырды десе  болады. Бес бірдей чемпион болса, бір кезде кубалықтарда ғана болған шығар. Сол ел сияқты, осы спорт түрінен мүлдем жаңа бетбұрыс жасап отырған өзбек боксшылары сонда бұл жетістікке қалай жетіп отыр деген заңды сұрақ туындайды.

Оның төркіні біздіңше, бұл елдің жоғарыда айтып жатқанымыздай, төрт жылдың басты бәсекесіне жан-жақты, дұрыс дайындалып, өз боксшыларын нағыз бабында алып келуінде жатыр ғой деп ойлаймыз. Сосын да шаршы алаңда жасындай жарқыраған Хасанбой Дусматов, Абдумалик Халоков, Асадхуджа Муйдинхуджаев, Лазизбек Муллажонов, Баходир Джалолов өздеріне ешбір қарсылас шақ келтірмеді. Қазақ боксшыларымен жекпе-жекте де олар өз шеберліктерін қапысыз танытып жатты. Ал, Олимпиада алтынын жеңіп алған осы спортшыларының ішінен Баходир Джалолов 52 келіден жоғары салмақта екінші мәрте Олимпиада чемпионы атанып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Өкінішке орай, бізде мұндай спорт Олимпінде дәл осындай үздік нәтижеге қол жеткізе қойған боксшы әлі жоқ. Марқұм Бекзат Саттарханов егер көзі тірі болса, бұл биікті бағындырар ма еді. Алайда, ғұмыры қысқа болды.

Ал, жалпы боксшыларының осы бес алтыны, дзюдо мен таэквандодан, сондай-ақ, еркін күрестен алған тағы үш алтыны, барлығы сегіз алтын, екі күміс және үш қоламен биылғы Олимпиадада 13-інші орыннан көрінген өзбектер ешкімге намысты қолдан бере қойған жоқ. Қайсарланып, жігерленіп, тіпті күрес түрлерінде жапондықтардың өзінен басым түсіп, жеңісті жұлып алып отырды.  Осылайша, бұл жазғы Олимпиада әдетте, жеткен жетістігімізді осы өзбек елімен салыстыратын біз үшін жалпы, ойлағанымыз бола қоймаған, негізгі бәсекелесіміз – көрші елге де есе жіберген сәтсіздеу бір спорт жарысы болды.

Арық сөйлеп, семіз шықсақ…

Иә, Олимпиада сияқты төрткүл әлемнен ең үздіктерді жинайтын төрт жылдың басты бәсекесінде алдын ала «біз өйтеміз, біз бүйтеміз» деп тон пішу әрине, қиын. Сонда да бірқатар спорт түрлерінен бағымыз жанып, асығымыз алшысынан түседі деп дәмеленгеніміз рас. Бірақ, «үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» демекші, жеме-жемге келгенде жеңілістің ащы дәмі көп болды да, алғашқы бір-екі қуаныштан кейін медальдар қарасы тым ұзап кетіп, аяғына қарай ғана бой көрсетті. Бұл екі ортада үкілеп сенім артып, ақжолтай үмітпен шығарып салған спортшыларымыз іріктеу сайыстарынан өте алмай, бірінен соң бірі кейін қалып жатты.

Қазақстан Париж Олимпиадасында спорттың 25 түрінен сынға түскенімен, соның ішінде дзюдо, күрес, бокс, садақ ату сияқты шамалы спорт түрлерінен ғана медальға қол жеткіздік. Қалған сайыстарда жолымыз болмай, ақтық бәсекелерге, яғни, финалдық кезеңге шыға алмай жаттық. Шыққан күнде де жүзу, жеңіл атлетика, пневматикалық винтовкадан ату сияқты жарыстарда соңғы орындарда қалып қойдық. Бұл нені көрсетеді? Әлі де болса тұтастай еліміз бойынша осындайда әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатын шеберліктері жоғары спортшыларды даярлай алмай жатқанымызды. Жалпы, Олимпиадаға бізден барған үздіктердің көбінің өз спорт түрлері бойынша көрсеткен көрсеткіштері жеңімпаздар мен жүлдегерлерден көп төмен жатыр. Сонда көкейге «егер деңгейі анау айтқандай, көңіл көншітерлік болмаса,  оларды апарған да, апармаған да бірдей ғой» деген ойдың да келіп қалатыны бекер емес. Бәрібір сол Олимпиада лицензиясын жеңіп алғанымен, салық төлеуші халықтың қаржысына құр санды көбейтіп, барады да келеді.

Ендігі бір мәселе, натурландыру, яғни, құрамаға басқа елдерден спортшылар тарту. Жуырда осы Олимпиада күндері өзбек жаттықтырушысы тегі бізге, қазақстандықтарға қарата, «біз шет елдерден спортшыларды тартпаймыз. Өйткені, ондай келгендердің жеңісі уақытша жеңіс. Ол өз маңдай терімізбен келген тәтті жеңіс емес. Өз ұлтыңнан шыққан, өз ұлтыңды асқақтататын жеңістің жөні бір басқа. Біз міне, осыған бағыт ұстаймыз, осыны дұрыс көреміз» деп салды. Рас, мысал үшін алсақ, көршілес Өзбекстанда да басқа елден, ауысқан натурландырылған спортшылар жоқ емес, бар. Бірақ, біздегіден аз. Біз болсақ, осыны жөн көріп алғандығымыз сонша, тіпті сонау Африка елдерінен қара нәсілді спортшыларды өзімізге тартып, ел атынан жарыстарға қосатын болдық. Қазаққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын, түрі басқа сол африкалық қос спортшы қыз бұл Олимпиада түк көсегемізді көгерткен жоқ. Қауқарлары квалификациялық сайыстардан әрі аса алмады. Мұндай заты басқа, аты біздікі болып жүрген спортшылар бұл жолы Қазақстан құрамасында басқа спорт түрлерінен де бой көрсетті. Бірақ, оңдырғандары шамалы. Тіпті, сеніп, үлкен үміт артқан теннисші Елена Рыбакинаның өзі жарысқа бір күн қалғанда бара алмаймын деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Мұның бәрінен туатын қорытынды, сол өзбектердей Олимпиадада жұлдызымыз жарық жансын десек, намысқой, жүрегі қазағым деп соғатын ұл-қыздарды тек өз ортамыздан іздеп тауып, тәрбиелеуіміз керек. Жоғарыдағы билік басындағылардан бастап спорт функционерлеріне дейін бір сәттік жеңіл-желпі жетістікке алданбай, келешегі бар жастарымызбен осы бағытта жатпай-тұрмай жұмыс істеулері тиіс.

Сосын қазақта арық  сөйлеп, семіз шығу деген бар. Мұны спорттың жартасқа өрмелеу түрінен Әмір Маймұратовқа қарата айтсақ, өкпелемес. Рас, Әмір алғашқы іріктеу жарысында күтпеген жерден Олимпиада рекордын жаңартып, медальға деген үмітімізді асқақтатып, өсіре түсті. Өзі де берген сұхбатында «енді менің алдымда ешкім жоқ, жеңіс тұғыры менікі» деп қалды. Алайда, финалдық сайыста кейін қалғаны жанға батты. Одан да келешегі зор бұл жас жігіттің біз үшін арық сөйлеп, семіз шыққаны дұрыс болар еді. Міне, біздің кей спортшыларды осындай бір өз-өзіне деген астамшыл сенімділік те жарға жықты ғой деп ойлаймыз.

Ал, енді Париж Олимпиадасына шынын айту керек, біздің Ақмола облысынан қатысқан екі спортшымыз да жарытпады. Велоспортшы Андрей Чугай көрсеткіші төмен болып, іріктеу кезеңінен аса алмады. Ал, боксшымыз Карина Ибрагимоваға облыс орталығында үлкен экраннан көрсетілім ұйымдастырылып, қолдау зор болып еді, бірақ, ол да алғашқы жекпе-жегінде сылбыр қимылдап, пуэрто-риколық Лозада Мотта Ашлейанға тізгінді беріп қойды.

Сонымен, бірде қуантып, бірде жабырқатқан Париж Олимпиадасы да зу етіп өте шығып, кезекті 2028 жылғы Лос-Анджелес жазғы Олимпиадасына берді. Қазақстан құрамасы бұл ХХХІV Олимпиадада бүгінгі олқылықтардан түзу қорытынды шығара алып, жақсы өнер көрсетер деп сенеміз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар