Краснофлот ауылында жергілікті атқарушы органдардың ықпалымен өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл аудандағы осындай 6-шы бекет. Жаңа өрт сөндіру бекеті үш елді мекенді, сондай-ақ, далалық алқаптар мен ормандарды өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.
Бұл үшін ауылдағы өрт сөндіру көлігі мен ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры ауыстырылып, жаңа қақпалар орнатылды, сондай-ақ, жылу жүйесі жаңартылды.
Өрт сөндіру бекетінің ашылуына аудан әкімі Достанбек Есжанов, Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Р.Базарбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Д.Шелкоплясов және ауыл жұртшылығы қатысты.
Өрт сөндіру бекеті жылытылатын гаражбен жабдықталып, өрт сөндіру автокөлігі бар бекеттің 3 адамнан тұратын жеке құрамы тәулік бойы кезекшілікте болады.
Жаңадан құрылған құрам тек өртке ғана бармай, сонымен бірге, өздеріне жүктелген жауапкершілік шеңберінде өз аймағында болып жатқан басқа да төтенше жағдайларды жоюға, қиын жағдайда қалған адамдарға, көмек көрсетуге әрқашанда дайын.
Жылдан-жылға шалғайдағы елді мекендерді өрттен қорғауды қамтамасыз ету Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың да бірінші кезектегі міндеті болып табылады. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса түспекші.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.