Өзінің құқығын білген тұтынушы ешкімнен опық жемейді

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде өткен жылдан бастап елімізде ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сапалы өнім» жобасы жүзеге асырылуда.

Бұл жоба – халық тұтынатын тауарлардың сапасын бақылауды көздейді. Облысымызда осы жоба аясында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров айтып берді. Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерден келіп түскен шағымдарды тұрақты негізде талдау және сараптама жүргізу үшін аккредиттелген сынақ зертханаларына күнбағыс майы, сүт, шұжық, кондитерлік және өзге де өнімдерге іріктеу жүргізілген. Сондай-ақ, ахуалдық штабтың бірлескен жұмысының нәтижесінде 2024 жылы импорттық өнімнің 23 түрі зерттеліп, 14 түрінен заң бұзушылықтар анықталған.

– Жұмыс нәтижелері бойынша төрт кәсіпкерлік субъектісіне 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл хаттамасы жасалды және оларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді. Зерттеу хаттамаларына сәйкес ондай заң бұзушылықтар тауарлар мен өнімдердің таңбалау бөлігінде көп анықталды. Атап айтқанда, бірқатар үлгілерде мемлекеттік тілде деректер жоқ. Бұл тұтынушылардың құқықтарына қайшы келеді. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес сатушы тауар туралы, сондай-ақ, өндіруші туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге міндетті. Егер ақпарат бір тілде немесе шет тілінде берілсе, ол құқық бұзушылық болып есептеледі, – деді Ерлан Ермекұлы.

Сонымен бірге, осы аталған Заңға сәйкес тауарды тиімді және қауіпсіз қолданудың мақсаты мен шарттары туралы мәліметтердің болмауы тұтынушылардың тауар туралы ақпарат алу құқығын бұзу болып табылады. Бұдан басқа, аталған Заңның 30-бабының 1.1-тармағына сәйкес сатушы немесе дайындаушы техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, жарамдылық мерзімі өткен тауарды айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

–Мұндай жағдайлардың алдын алу және өз құқықтарын қорғау үшін тұтынушылар мыналарды ескергені дұрыс. Әрқашан тауарлардың қаптамасындағы таңбалауды тексеруі керек. Қазақ тілінде ақпараттың болуы аса маңызды, себебі, бұл заңнаманың міндетті талабы. Сонымен бірге, тауардың жарамдылық мерзімін анықтап алғаны абзал. Өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын сәйкестік сертификаттарын немесе сәйкестік туралы декларацияны ұсынуды талап етуге де құқылы, – деп Ерлан Әубәкіров ендігі кезекте тұтынушылардың құқықтарына тоқталды.

Департамент басшысының айтуынша, осындай заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті органдар мен қоғамдық бірлестіктерге хабарласу қажет. «Сапалы өнім» жобасының негізгі мақсаты тұтыну нарығына контрафактілік, бұрмаланған, қауіпті және сапасыз өнімдердің енуіне қарсы тұру екендігін тағы бір  еске салайық.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар