Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
АСТАНАДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП КӨРМЕСІ - АРҚА АЖАРЫ

АСТАНАДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП КӨРМЕСІ

Таяуда Астана қаласының көрме орталығында «Eurasian Book Fair-2016» атты Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі Үкімет қаулысының ресми бағдарламасына енгізілген еді. Көрменің басты мақсаты – ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа, кітап саудасы, ғылыми білім беру және полиграфиялық компанияларын Еуразия кеңістігіндегі бірегей үлкен интеллектуалдық алаңда біріктіру болып табылады.

Көрме жұмысына жақын және алыс шетелдердегі 20 мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның, Ресейдің, Беларусьтің, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркияның, Қытайдың, Германияның, Польшаның, Грекияның, Албанияның және т.б. 80-нен аса компаниялары атсалысты. Қатысушылардың ішінде баспагерлер, редакторлар, кітапханашылар, кітап саудасы қызметкерлері, танымал ғалымдар, жас зерттеушілер, жоғары оқу орындарының ұстаздары, кітаптану, кітапханатану саласының мамандары, тарихшылар, тіл білгірлері, журналистер, педагогтар, өнертанушылар, мәдениеттанушылар, билік органдары мен БАҚ өкілдері болды. Көрме-жәрмеңкені негізгі ұйымдастырып өткізген республикадағы ірі де беделді баспалардың бірі – астаналық «Фолиант», ал, оған ресми қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.
9 қараша күні көрменің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, еліміздегі кейбір дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, т.б. қатысты.
Көптеген елдердің кітап саласындағы өкілдерінің бастарын нақ біздің еліміздің астанасында қосу идеясы жайдан-жай тумағаны анық, себебі, бүгінгі Астана – Еуразиядағы ең қарқынды даму үстіндегі мегаполистердің бірі, небір инновациялық және интеллектуалдық технологияларды жүзеге асыру орталығы. Сондықтан да, еуразияшылдық идеясы көрменің басты өзегіне айналды. Және де бұл идея жақын һәм алыс шетелдердегі әріптестерді біріктіру, жаңа жобалар дамытуды ынталандыру, болашақтағы негізгі іс-қимыл бағыттарын айқындау мақсатына қызмет етеді. Халықтар мен әдебиеттер достығын нығайтуда, адамдардың, әсіресе, өскелең ұрпақтың білім әлеуеті мен
рухани деңгейін көтеруде зор рөл атқарады.
Өткізілген көрменің басты гуманитарлық мәні – бұл ширек ғасырлық тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің жетістіктерін паш ету, әдебиетке және кітап оқуға, сөз өнерінің қыры мен сырына қызығушылықты арттыру, қоғамда рухани мәдениетті кеңінен
насихаттау.
Аталмыш көрме-жәрмеңкенің тұңғыш өтіп отырғанына қарамастан ұйымдастырушылар тарапынан оны мәдени және іскерлік байланыс-тарды нығайтуға, рухани-ізгілік ағарту, білім беру мен мәдениет салаларында мемлекеттік, қоғамдық және кәсіпкерлік құрылымдардың белсенді ынтымақтастығын арттыруға арналған ұтымды да қолжетімді алаңға айналдыру үшін мейлінше үлкен жұмыс атқарылғаны бірден көзге ұрады. Көрме аясында ғылыми-практикалық конференция, жаңа басылымдардың тұсаукесерлері, дөңгелек үстелдер, белгілі мәдениет қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі форумдар, байқаулар, викториналар кірген ауқымды мәдени-іскери бағдарлама жүзеге асырылды.
Әсіресе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ғылыми-практикалық конференция ақпараттық тұрғыдан өте бай, ғылыми терең де мағыналы, аса қызықты болды. Конференцияда Тәжікстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы А.Ходжаевтың («Осы заманғы мәдениет, білім және ақпарат кеңістігіндегі кітаптың рөлі»), Ресей ғалымы А.Воропаевтың («Ресей кітап нарығы: ахуалы мен үрдістері»), Еуразия университетінің ұстазы А.Есдәулетовтің («Қазақстан Республикасындағы кітап шығарудың және баспа ісіне кадрлар даярлаудың ахуалы мен проблемалары») және басқалардың құнды баяндамалары тыңдалды.
Секциялық отырыстарда жасалған хабарламалар да өзектілігімен, пайдалылығымен есте қалды. Жалпы көрме барысында «Түркологияның  көкейтесті мәселелерін талқылау бойынша ашық семинар», «Кітап мәдениеті аясындағы кітапханалар», «Еуразия кеңістігіндегі кітап және мәдени орта», «Балалар әдебиеті: халықаралық деңгейге шығу жолдары», «Аударма кітап – халықтар мен елдердің өзара түсіністік кілті» және «Оқулық кітап – тәрбие мен білім берудің маңызды құралы» атты 6 секция жұмыс істеді.
Маған бесінші секцияны басқарып жүргізудің және сол тақырып бойынша тиісті баяндама жасау тапсырылды. Біздің секциядағы тартымды баяндамалардың бірін Беларуссиядан келген жазушы, «Мастацкая літаратура» баспасының директоры Александр Бадак жасады (айтқандай, ол «Звязда» газетінің бас редакторы Александр Карлюкевичпен бірлесіп мен орысшаға аударған Немат Келімбетовтің бірнеше шығармасын беларусь тіліне тәржімалаған). Секция тақырыбын талқылау барысында көптеген тың ойлар, жақсы ұсыныстар ортаға салынып, олар қабылданған ұсынымдарға енгізілді. Мәселен, кәсіби мамандар даярлау мақсатында қазақстандық институттар мен университеттердің филология факультеттерінде аударма ісі бөлімдерін ашу қажеттігіне назар аударылды.
Төрт күндік көрменің бағдарламасы өте тығыз болды, газет бетінде оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Қай павильонда болмасын қатысушы елдердің жаңа кітаптары, тақырыптық стендтері мен мұндалап тұрды, авторлық кездесулер, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер жұмыс істеді, әртүрлі елдер баспагерлерінің арасында іскерлік келісімдер жасалып жатты, көрмеге келушілер үшін лоторея ойыны ұйымдастырылды, конкурстық бағдарламаның жеңімпаздарын және көрме қатысушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді. Іс-шаралардың арасында республикаға танымал музыкалық және шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетті. Әйтеуір, көрмеге келушілер бір сәт те бос болмады десек, артық айтқандық емес. Ал, олардың арасында жастар, студенттер мен оқушылар көп болды. Мұның өзі қазіргі кезде жастарды кітап мүлде қызықтырмайды деген жиі айтылатын пікірді теріске шығарғандай еді.
Көрме аясында жаңа әдебиеттердің тұсаукесерлері көп өткізілді. Бірінші күні, мәселен, отандық кітаптардың ішінде  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен жарық көрген Жарылғап Бейсенбайұлының орыс тіліндегі «Чокан Валиханов» атты еңбегі таныстырылды. Бұған дейін бұл шығарманың алғашқы тұсаукесері былтырғы жылдың соңында Мәскеудегі орыс география қоғамының штаб-пәтерінде өткен болатын.
Келесі күні белгілі жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты деректі кітабы таныс-тырылды. Бұл шығарманың қазақ тіліндегі басылымы үстіміздегі жылдың басында жарық көрсе, орысшасы («Семипалатинская трагедия») жуырда, Семей ядролық полигонының жабыл-уына 25 жыл толуы қарсаңында басылып шықты. Аталмыш еңбектің және жоғарыда айтылған «Чокан Валиханов» кітабының орысшаға аударылуына осы жолдардың авторы белсенді түрде қатысты. Сөз соңында Қазақстан Респуб-ликасы Премьер-Министрінің орынбасары И.Тасмағамбетовтің Еуразия халықаралық кітап көрмесі-жәрмеңкесінің қатысушыларына арнаған сөзінен үзінді келтіргенді жөн көрдік.  «Кітап – бұл адамзат өркениеті үшін дамудың негізі, рухани азық және білім көзі, – дейді мемлекет қайраткері. – Ал, бұл дегеніміз, кітапқа байланысты кез-келген шара немесе іс-әрекет әрқашан жоғары дәрежеге және құрметке ие болады… Көрменің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғаны, «ЭКСПО» әлемдік мамандандырылған көрме қарсаңында өткізілуі және бұл үшін еліміздің жас астанасының таңдап алынуы – жай ғана орайлас келу емес. Егер кітап адамзат үшін жоғары ізгілік пен дамудың, жасампаздық пен жаңашылдықтың кепілі болса, онда біз үшін Тәуелсіздік – рухани ілгерілеудің, ЭКСПО – зияткерлік пен инновациялардың, ал, Астана – жасампаздық пен үдемелі дамудың символы». Иә, шын мәнінде солай. Келушілердің, барлық шетелдік қатысушылар мен меймандардың үлкен кітап көрмесінің павильондарынан нақ осындай ойлармен кетіп жатқанына сенімді болдық.
2013-2014 жылдарда маған Майндағы Франкфуртте, кітап басуды ойлап тапқан Гутенбергтің отанында өткен атақты Дүниежүзілік кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысудың сәті түсіп еді. Әрине, онда бұл шара әбден жетілдірілген жолға қойылған, жыл сайын өтеді, ол жердегі ауқымдылық пен неміс халқына тән мұқияттылық, ұқыптылық, дәлдік еріксіз таңдай қақтырады. Алайда, Астана көрмесі де, ауқымдылығы жаңағы айтқандай болмағанымен, өзінің ұйымдастырушылық дәрежесімен, әр күнінің терең
ойластырылуымен, іс-шараларының алуан түрлілігімен, қызмет көрсету деңгейімен атышулы неміс көрмесінен кем түспеді. Осының өзі айналасы ширек ғасырдың ішінде елеулі экономикалық белестерді бағындырып қана қоймай, халықаралық, дүниежүзілік мәні бар рухани биікке көтерілген жас мемлекетіміз үшін кеудемізге мақтаныш сезім ұялатты.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
жазушы-аудармашы,
көрмеге қатысушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар