Биыл облысымызда 13 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Олардың жартысынан астамы қазақ сыныптарына барса, солардың ішінде әріптесіміз Ырысалды Ахметқалиеваның ұлы Бейбарыс Сабырғали да бар. Ол биыл Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясы оқушыларының қатарын толықтырып отыр.
Әрине, қыркүйек туа, әр отбасының абыр-сабыр болып, үміт артып, көз қуантқан өз бүлдіршінін алғаш рет мектепке жетелеуі – үлкен оқиға. Ол жалғыз ата-анасы, ата-әжесі, туған-туыстарына ғана емес, әр әке, әр ананың бірге аралас-құралас еңбек ұжымына да қуаныш.
Солай демекші, бірталай жылдан бері Ақмола облыстық «Арқа ажары» және «Акмолинская правда» газеттерін шығарып келе жатқан «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектелуі серіктестігі де осы райдан танбай, бауыр еті – балалары мектепке барған ата-аналарымен бірге шаттанып, бірге толқуда. Жылдағыдай, бұл жолы ұжымда білім әлеміне тұңғыш қадамын жасаған Бейбарысымызға ақ жол тілеу рәсімі болып өтті.
Серіктестік директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиұлы төрт көзі түгел жиналған әріптестерінің көзінше анасы Ырысалды мен талабы таудай жеткіншекті қолына «Әліппе» ұстап, мектеп табалдырығын аттауымен құттықтап, сол жылы сөзінде қаламы қарымды, шығармашылығы табысты анасын өнеге ете отырып, көптеген ұлықты сөздің тиегін ағытты. Ара-арасында ұяң да болса, елгезек қалпымен «рахмет, рахмет!» деп қоятын сүйкімді ұланға таудай талап, бармақтай бақ тілей келе, газет редакциялары атынан ішіне қажетті оқу құралдары салынған әдемі сөмке, қашанда бала көңілі кет әрі емес тәттілерді тапсырды.
Бұған қоса, тәрбиесі қазақы, қылығы өтімді ұланның өзі мен ата-анасына бағытталған құттықтау хат та бала келешегіне өз алдына бір бағдар дерлік.Әріп танып, сауат ашқан соң өзі де оқып, араға уақыт салып қайта оралып, көп жайды, ондағы өрілген ақ тілек, игі ниеттердің мағынасын да көңілге түйіп қояр.
Ақ жол саған, жеткіншек! Сыныбыңда, мектебіңде жақсы оқып, үлгілі, озат оқушы атануыңа, Мұқағали атаң айтқанындай, сол алтын ұя – білім ордаңа тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуыңа тілектеспіз! Осы бастан ерінбей, жалықпай, білім әлеміне бойлай бер, тереңнен ойлай бер! Өйткені, тәуелсіз еліміздің болашағы әманда сендердің, жас ұрпақтың қолында.
«Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің ұжымы.