Жаһандану үдерісі қоғамның барлық саласын қамтып, жалғасып келеді. Мәдениет пен өркениетте бір ел озық үлгі көрсетсе, екінші мемлекет экономика мен технологияны бағындыруды көздейді.
Бәрінің ойлайтыны өз елінің, ұлтының қамы. Көштен біздің еліміз де қалмай, «жаһандану» тенденциясын кең қолдану үстінде. Ал, тілдік жаһандануда қазақ тілі, өзге елдің нұсқауымен емес, қазақтың өзінің көзқарасымен өркендеуі керек. Алайда, дүниеге өзгелердің көзқарасымен қарау, өзге ұлттың тілімен соны жеткізу тіліміздегі күрмеулі мәселе екені ақиқат.
Жуырда осы тақырыпты қозғаған «Жаһандану дәуіріндегі мемлекеттік тіл және руханият» атты дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға «Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Қуаныш Қажиахметов модераторлық етсе, арнайы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің лекторы Лайс Мусин, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл, Көкшетау шекаралық бақылау қызметінің кіші бақылаушысы Байжол Балташ қатарлы шара қонақтары тіл жайында ой, түйіндерін айтып жеткізді. Сөз алғандар тақырыпты ашып, тілдік мәселені тарқатып, айналамызда болып жатқан кемшіліктерді қозғауға тырысты.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін деген мақсатпен талай жиындар өткізіліп келеді. Қайсысы нәтиже беріп, ана тіліміздің абыройы артқанын ешкім ашып айта алмайды. Әйтеуір, қағаз жүзіндегі жоспарлы жұмыстар. Мемлекеттік тіл саясатын жүргізу жөніндегі комиссия мен тіл басқармасы жұмысын тоқтатқаннан бері бұл жұмыстардың тоқырауға ұшырауы заңдылық еді. Бұл құзырлы органдар орыстілді азаматтардың үлес салмағы басым, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тар Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында бөлім ретінде басқармаларға қосылды. Салдары тіл саясаты саласына пәрменді жұмыстардың жүргізілмеуіне алып келді. Соңғы жылдары тілдерді дамыту басқармаларын қайта құру туралы айтыла бастаған әңгімелер көңілімізге үміт сыйлағаны өтірік емес. Себебі, бөлім немесе орталық ретінде қалып қойған тілдік ақуалдың мәселесі білдей бір басқарма тарапынан көтерілсе, нәтижесі де өнімді болар еді.
– Тіл басқармасы ашылатын болса, бірқатар жұмыстар жасалуы керек. Өзінің жеке басқармасы болмағаннан кейін қадағалануы аз болып келеді. Бұған дейін ішкі саясаттың бір бөлімі ретінде жұмыс істеп жатқанын көріп келеміз. Сондықтан, алдағы уақытта басқа органдар сияқты мекемелерге бақылау жасайтын қарымы, құзыры мықты орган болуы керек, – деді өз сөзінде Бақыт Смағұл. Бірлестік төрағасының айтуынша, қазақ тілінің қолданысын есіктен шыға көруге болады. Ал, жиын, кездесулерде қазақша сөйлейтіндер болса, разы боламыз. «Бұған дейін де жаздық. Дүкендерде немесе өзге де тақтайшаларда ылғи орысша, ағылшынша атаулар. Мысалға, елдің қамын ойлаған, ұлы Абай, қазақтың жерін сақтап қалған Жұмабек Тәшенов және елдің қамын ойлаған Еркін Әуелбеков көшелерінде өз ұлтының сөздері аз, басқа бір ұлттың шұбарланған атаулары тұр. Сол атауларды алып қарасақ, кейбірінде қазақшасы да жоқ. Кім назар аударып жатыр? Мен айтып едім, айтылған сол жерінде қалған сияқты, – деді ол. Талассыз, көз көрер шындық. Енді жаһандануда өзге тілдермен иық тірестіру үшін осындай олқылықтың орнын толтыру орынды болар. Иә, ономастика саласында да ұсыныс көп. Жер, су, қала, кент, ауылдардың көне атауларын қайтару да – тілдік абыройдың бір көрсеткіші.
– Жалпы, тілге келгенде басқашалау көзқарас ұстанамын.Көп мәселелер тілге байланысты болып келеді. Бірақ, тілдің жанашыры болу деген екінің бірінің қазақша сөйлеуі емес ғой. Көбінесе, публицистикалық материалдарда тілді міндетті түрде біреуді кінәлаудан бастаймыз. Өзгелер неге сөйлемейді, заң неге жоқ дейді. Заң Конституцияға жазылды. Тағы бір заң жасап қойсаң да, іске аспайды. Мәселе, заңда емес, тілді қолдану құралдарында, – деген пікірін білдірді Лайс Қапезұлы. Бірақ, бұл пікірмен ішінара келісу қиын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана заң мен тәртіпті негізге алған Жолдауында заң – тәртіп пен әділеттілік орнатудың кепілі екенін атап көрсеткен жоқ ба? Сол әділеттіліктің бірі мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуы деп дөп басып айта аламыз.
Сондай-ақ, шекаралық бақылау қызметінен келген қазақ тілінің жанашыры Байжол Балташ басынан өткен оқиғалары арқылы ана тіліне деген сүйіспеншілігі артқанын айтып, тілдік қолданысымыздың өз деңгейінде емес екенін алға тартты. «Қазіргі қоғам үшін ана тіліміздің қадірі бар ма? – деген өте күрделі сұрақ. Қазіргі жағдайда, айналамыздағы адамдар балабақша, мектеп, университетте болсын, күнделікті өмірде орыс тілін қолданады. Осылардың барлығы көпшілік ортаға байланысты пайда болады. Кеңес үкіметі кезінен ата-анамыз орыс тілін үйренді, сөйледі. Мен тоғыз жыл мектепті қазақша, төрт жыл колледжді орысша оқыдым. Кейін әскерде Оңтүстік Қазақстан облысында нағыз қазақи жерде болдым. Ол жақта бәрі қазақша сөйлейді. Маған қиындау болды. Солтүстіктен келгендеріміз орысшалап сөйлейміз. Кейін үйрене келе, бәріміз қазақша сөйлейтін болдық. Қанша дегенмен бір қазақтың баласымыз ғой» деп Байжол Қанатұлы қазақ тілін дамытуды өз айналамыздан үйрену, үлгі ету арқылы жалғастыруға болатынын тілге тиек етті.
– «Тіл – құрал» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Әрбір ұлттың белгісі тілі ғой. Қазақ тіліне жанымыз ашиды. Анамыздың сүтімен берілген тіл үшін шырылдамағанда, не үшін шырылдаймыз? Ол үшін тілімізді дұрыс құрметтеуіміз, дәріптеуіміз және дамуына үлес қосуымыз керек, – деп түйіндеді шара соңын модератор Қуаныш Қажиахметов.
Сөз соңын біз де қорытсақ, Қазақстан деп аты айқындалған елде қазақ тілінің мәртебе, абыройы үшін әлсін-әлсін жиын өткізу, ал, ол жұмыстың өнімсіз болуы қынжыларлық жағдай. Солай болса да, атадан қалған киелі қазынаны қаз-қалпында ұрпаққа сыйлау бүгінгі әрбір қазақ ұлтының мойнындағы міндеті. Осыдан бір ғасыр бұрын «Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің әр жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз» деген еді Алашорда өкіметінің төрағасы, мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханов. Міне, бүгінгі қазақ тілі деп зар қағуымыз осы күрестің көрінісі һәм жалғасы.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.