Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Отбасы құндылықтары» күні кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығында «Мейірімділік жолымен» атты шара өткізді.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова отбасы – шағын мемлекет екендігін, сол шағын мемлекет қуатты болған жағдайда еліміз де өркендейтінін атап өтті. Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова баланың тұлға болып қалыптасуында отбасы институтының маңызы зор екендігін, қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдердің өзінде жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген халық болғандығын айтып, әр қазақстандықтың бойында мейірімділік деген асыл қасиеттің болу қажеттігіне тоқталды.
Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығының директоры Қайрат Темірбаев орталық жөнінде баяндап, балаларға шат күлкі сыйлаған қонақтарға алғысын білдірді. Шара соңы поляк мәдени бірлестігі ұжымының ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Назгүл Рабилова.