Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тұңғыш Президент күніне орай, «Ұлы дала перзенті» тақырыбында музей сабағы өтіп, онда музей қызметкерлері оқушыларды Елбасының еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында атқарып келе жатқан қызметімен таныстырды.
Шараға Көкшетау қаласындағы мектептердің оқушылары қатысты. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Алма Құнанбаева оқушыларға еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардағы экономикалық дағдарыс пен жаңа нарықтық қоғам құрудағы кездескен қиындықтар, сондай ауыр кезеңде қиыннан жол тауып, елімізді биіктерге бастай білген Елбасының ерен еңбегі жайында айтып берді.
Бұрынғы одақ елдерін шарпыған соғыс өртінен аулақ, татулығы мен бірлігі келіскен көпұлтты мемлекетіміз бүгінде әлемнің озық елу елінің санатында.
Осының бәрі Мемлекет басшысының сындарлы саясатының нәтижесінде қол жеткен жетістіктер. Музейдің ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитова 25 жылда орын алған өзгерістер жайында баяндап, бүгінде әлемдік қауымдастықтан лайықты орнын алған Қазақстанның толағай табыстары туралы толымды әңгімелеп берді. Бұдан кейін оқушылар Елбасына арналған өлеңдер оқып, әуезді әндер шырқады, күмбірлетіп күй тартты.
Шара соңында музей қызметкерлері оқушыларға музейді аралатып көрсетіп, мұрағаттармен таныстырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты. Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.