Фельдшер үстінен қылмыстық іс қозғалды

Жуырда Қосшы қаласының соты фельдшер А.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Науқасқа дәлелді себепсіз медициналық көмек көрсетпегені, абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін фельдшергеҚазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 320-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Сот үкімі облыстық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы, «Ақмол» қосалқы станциясы және Қосшы қаласындағы емханалардың медицина қызметкерлерінің жасақтарының қатысуымен жарияланды. Белгілі болғанындай, фельдшер «А.» жүрек ауруына шағымданған азамат «У.»-дың үйіне келіп, тиісті медициналық көмек көрсетпей, науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Бұдан кейін «У.» медициналық көмек алу үшін ауруханаға өз бетінше баруға мәжбүр болды. Онда жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылып, Миокард инфарктісі, Стентинг, Кардиогенді шок анықталған.

Сондай-ақ, «А.»-ның кінәсі сараптама қорытындыларымен, жәбірленушінің, куәлердің айғақтарымен, жедел фельдшерге науқасты шұғыл түрде стационарға жеткізуге нұсқау беретін нормативтік-құқықтық актілермен және басқа да іс материалдарымен дәлелденген. Жазаны тағайындау кезінде сот кінәлінің жасын және алғаш рет қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын ескерді. Сот үкімімен «А.»-ны медициналық қызмет көрсету құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сот облыстық денсаулық сақтау басқармасына жеке ұйғарым шығарды. Онда жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің медицина саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді өрескел бұзуы, абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққанына назар аударылды. Осыған тиісті шаралар қабылдау тапсырылады. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Қосшы қалалық сотының материалы бойынша дайындалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар