Ағалар жылы шуағын төгіп тұратын

Өңірімізде ел игілігі үшін ерен еңбектің үлгісін танытып, жеткен жетістіктерімен талай марапаттарға ие болып, жерлестерінің құрметіне бөленген, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған аға буын өкілдері  жетерлік. Солардың бірі – Амангелді Аяпбергенов ағамыз. Редакцияға жиі соғып, жағдайымызды біліп, ел амандығын, аудан жаңалықтарын сұрап  тұратын ақжарқын ағамызды әңгімеге тартып, өзі туралы өткен кезең, бүгінгі жағдай, ел болашағы жайында көкейдегі пікірлерін білдік.

–Мен 1941 жылы ауданымыздағы Қарашілік ауылында дүниеге келдім. Барлық замандастарым сияқты ес біле бастасымен, еңбекке араластым. 12-13 жасымызда таңғы 4-5-те тұрып, отын-шөп дайындау науқанына қатыстым. Ауылдан біршама қашықтықта орналасқан Қайнар өзені, Жаншолпан деп аталатын орманды жердің төңірегінде  орналасқан егіс алқаптарынан Теміржан Сәбиуллин екеуміз пар өгізбен ауылдағы қырманға астық таситынбыз. Кейіннен Сталинец-6 комбайнында істеген Жапалақ Баймұханбетов, Сәрсенбай Сәдуақасов ағаларымыздың  сабан жинағышта тұратын көмекшілері болдық.

1958 жылы жергілікті мектептің 7 сыныбын бітіргеннен кейін, трактор-егіс бригадасының бригадирі Хамит Аяпбергенов Зеренді селосына  тракторлық курсқа жіберді. Ағамыздың тапсырмасымен мені, бала кезімізден бірге өскен, жолдастығымыз бүгін де жалғасып жүрген, түйдей құрдасым Амангелді Қасымовты және тағы басқа бірнеше қазақ-орыс жігіттерін  колхоздың  пар  атымен аудан орталығына жеткізіп салды. Алты ай оқып, тракторист-машинист мамандығын алғаннан кейін елге оралып, 1959  жылдың наурыз айында орталығы Дороговка селосында орналасқан «Труд пахаря» колхозына қабылданып, еңбек жолымды бастадым. ДТ-54 тракторымен жер жырту, егіс алқаптарын өңдеу жұмыстары, МТЗ-2  дөңгелекті тракторымен шөп шабу, оны тасу, өзге де жүктерді жеткізу күнделікті  міндетім  болды. 13  жыл  бойы СК-3 комбайнымен егін жинау науқанына қатыстым. Жерлестерім Балташ Өтегенов  пен Әнуар Акпаров жүгері егумен айналысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп  жүрді.

Менің маман болып қалыптасуыма сол кездері өздерінің ерен еңбектерімен білікті механизаторлар атанып жүрген ағаларым Дәулетбек Оспанов, Құрманғали Мұханбеталин, Иман Сұлтанов, Қажымұрат Ғабдуллин және тағы басқа жерлестерім айтарлықтай үлес қосты. Біздің еңбегіміздің есебін Қабылқақ Абдуллин мен Жақсылық Нұрмағамбетов  жүргізіп отыратын.

Мамыр айы туысымен ауылдағы кеңшардың малдарын бірнеше күн Көксеңгірдегі жайлауға айдап апарып, бірнеше бригада мүшелері күзге дейін сонда еңбек ететінбіз. Осы маңызды науқанды  ұзақ жылдар бойы Есімбек Боқановпен, есімдері жоғарыда аталған Амангелді Қасымовпен, Теміржан Сәбиоллаұлымен  бірге атқардық.

Осылайша бір-біріне ұқсас  күндер, айлар, жылдар өте берді. 1960  жылы «Зеренді» кеңшары құрылып, бригадамыз соның құрамына кірді. 1962 жылы «Пухальск» кеңшары ашылып, Қарашілік ауылы Дороговка бөлімшесінің бригадасы болды. 1973 жылдың ақпан айында жаңадан «Ленин жолы» кеңшары құрылып, ауылымызға бөлімше мәртебесі берілді. Қай кеңшарға қараса да, түсіністігі мен ынтымағы жарасқан бригада мүшелері  алдарына қойылған міндеттерді ойдағыдай  атқарып  отырды. 1977 жылы бөлімше басқарушысы Алдан Кәмиевтың ұсынысымен мені Чистополье селосындағы ауыл шаруашылығы  мамандарын  даярлайтын  училищеге оқуға жіберді. Осы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, К-700 тракторын жүргізу құқығына ие болдым. Осы кезеңнен бастап 15 жыл бойы осы  техникада жұмыс  істедім. Сөйтіп, 2004  жылы  зейнеткерлікке шықтым. Мұнан кейін де сүйікті мамандығымнан қол  үзгім  келмей, абзал азамат Серік Қабданов  басқарған «Ерұлан» ЖШС-ында 4-5 жылдай жұмыс істеп, еңбек жолымды әрі жалғастырдым. Аталған кезеңнің, өмірімнің осылайша еңбекпен өткеніне еш өкінбеймін. Еңбек шыңдады, есейтті, құрметке бөледі.

Қазір қолым бос, баламның қолындамын, жағдайым жаман емес, тиісті зейнетақымды уақытында алып отырамын. Өткен жылдарға ризамын. Еңбегім лайықты бағасын алды. Бірнеше орден, медальдармен, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің  күміс медалімен  марапатталдым, алған  Алғыс хаттарым мен мақтау қағаздарым да жеткілікті. Дегенмен өмір ағымында бәрі бірдей жақсы бола бермейтініне  де  көз жеткіздім. 2007  жылы  ұзақ  жылдар отасқан  жан жарым Рымжан өмірден озды. Осы аяулы жаннан айрылған қайғымды ұлдарым мен қыздарымның амандығын тілеумен басуға  мәжбүр болдым. Аллаға  шүкір, олардың бәрі бүгінде ержетіп, отбасыларын құрып, өмірден өз орындарын тауып отыр. Тағы бір өкініштісі, әртүрлі жағдайға, соның ішінде өзге де көптеген елді мекендер сияқты құлдырай түсуіне байланысты туып-өскен ауылымнан қоныс аударғаным. Әр жыл өткен сайын тұрғындары азайып бара жатқан ауылымның тағдыры   қайта-қайта есіме түссе, көңілім құлазып, бір түрлі боламын, – дейді абзал аға.

Өмір, еңбек жолы осылайша жалғасқан, жергілікті трактор-егіс бригадасында механизатор болып жұмыс істеген Амангелді Қуанбайұлы ағамызды бала кезімнен білетінмін. Кейіннен тағдырдың жазуымен, жергілікті  тұрғындар Дәукеш деп кеткен, сол жылдары бригадир қызметін атқаратын Дәулетбек Нәкенов ағамыздың ұсынуымен өзім де бригада құрамына әр түрлі жұмыстар атқарушы ретінде жұмысқа қабылдандым. Бұл – 1976 жыл болатын. Екі айға тарта байырғы механизаторлардың бірі Хади Абдуллин әбимен қоғамдық малға сабан тасыдық. Қыс түскенде сол кездегі бөлімше  басқарушысы Алдан Кәмиев басқа жұмысқа ауысқан құрдасым Балабек Шаяхметовтің орнына мал шаруашылығында жұмыс істеуді ұсынды. Осылайша Амангелді ағамыз басшылық жасайтын шағын ұжымда қатарластарым  Жұмабек  Рахметов, Төлеген  Хикметов және жасы бізден  біршама  үлкен Сәлімжан Әділовпен, Өмірбек Смаиловпен бірге ірі қара  малға күтім жасауға  кірістік. Шынын айту керек, жұмыс өте қиын болатын, себебі,   барлығы, атап айтқанда трактор тіркемесіне сүрлем, шөп, сабан тиеу, оны түсіріп, оттықтарға  салу, малдардың астын тазалап, арту  барлығы қолдың  күшімен  атқарылатын. Бізбен қатар, құрамында  жоғарыда есімі  аталған Ұлы Отан соғысының ардагері Хамит Аяпбергенов, Ғалымжан Әділов ағамыз, сыныптастарым Айбек Мұқанов, Мұсылманбек Рахметов бар екінші ұжым  жұмыс істеді. Екі топ  арамызда  ресми  келісім  жасамасақ та, шын мәніндегі  өзара  социалистік  бәсекелестікте болатынбыз. Жұмысты бір-бірімізден асыра істеуге ұмтылатынбыз. Кей жағдайларда, нақтырақ айтқанда жемшөп алу, мал суару кезегін сақтамай, келіспей де жататынбыз. Дегенмен оның  бәрі соңғы нәтижеге аса әсер етпейтін. Негізгі көрсеткіш – малдардың қосымша салмақ қосу жоспары әрдайым асырыла орындалатын. Сол жылдардағы игі дәстүрлердің бірі – әр айдың 4-і «Малшылар күні» мерекесінде жарыс қорытындысы шығарылатын. Солардың бірінде аудан, шаруашылық орталығынан бірнеше басшылар келіп, біздің жақсы жұмысымызды атап өтіп, әрқайсымызға он сомнан сыйақы берілгені де әлі есімде.

Амангелді ағамыз өте талапшыл, кемшілікті бетке айтатын, қажет болса  сыпайылап жекіп те жіберетін. Ол кісіні бір жағынан сыйласақ, екіншіден тайсақтайтынбыз. Ағамыз бәрімізден  ерте  тұрып, трактордың  радиаторына су құйып, от алдырып, бізді үйлерімізден жинайтын. Ұйықтап қалған кездерімізде сабырлықпен күтіп алып, «бұларың дұрыс емес, үкіметтің жұмысындасыңдар, жауапкершілік болуы керек» дейтін. Осылайша өтіп  жатқан күндердің  бірінде ағамыз К-700 тракторын жүргізушілерінің курсына барады деген хабар келді. Шынын айтқанда, біз оған қуанбасақ, тақа «қап» дей қойған жоқпыз. Енді жеңілдеу болатын шығар дедік. Дегенмен олай болмады. Оның орнына уақытша келген Балташ Жиенбаев ағамыз да талапты төмендеткен жоқ. Сөйтіп жүргенде мамыр айы келіп, мен  әскер қатарына шақырылдым. Бір жылдан аса уақыттан кейін елге қысқа демалысқа келгенімде, Амангелді ағамыз К-700 тракторымен көше тазалап жүріп, үйімізге  «қайырлы болсын»  айтуға келгені  де  әлі  есімде. Кейіннен еңбек  жолымыз түйіспесе де, қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Анда-санда болса да кездесіп, өткен кезеңді  есімізге  алып, бір жадырап қаламыз.

Сөз соңында сексеннің сеңгірінен асқан ағамызды барлық жерлестерімнің атынан күні кеше ғана аталып өткен Еңбек күні мерекесімен шын жүректен құттықтап,  алдағы  ғұмырының бақыт пен шаттыққа  толы болуын тілеймін!

Қайрат  ҚАЗИЯКПАРОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар