Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қолы қимылдағанның, аузы да қимылдайды - АРҚА АЖАРЫ

Қолы қимылдағанның, аузы да қимылдайды

Елден Әкімбай нағашым келген. Төрт баланың төртеуі де жұмыссыз. Ауру емес, мүгедек емес. Тепсе темір үзетін қып-қызыл жігіттер. Тек кәсіп таппай қиналып отыр.

–Сонда олар не істейді? – деп сұрадым мен.
–Ит жүгіртіп, аң аулайды. Басқа қазір ауылда не істей қойсын.
Әңгіме сонымен тұйықталған. Келесі күні жолсапарға шықтық. Қияндағы Жақсы ауданы. Жақсы селосында тұратын жеке кәсіпкер Андрей Морозовтың алғашқы әліппесін түйсініп, разы болдық. Сол сәтте елде қарекетсіз отырған бір үйдің төрт діңгегіндей төрт жігіттің болашағы ойландырған. Ал, Андрей болса бала кезінен талпыныпты.  
Бала кезінде қолына ойыншық тисе бұзып тастайтын. Әсіресе, трактор, машиналарды. Титімдей бөлшектерін епті саусақтарымен абайлап ұстап, қайтадан жинайтын. Ойыншық трактордың бөлшектері артық қалып жататын. Қайта бұзып, қайта жинайтын. Сөйтіп жүріп темір атаулыға «өш» болып алды. Әлдебір өрнектерді, шым-шытырық оюларды әуелі ойша көз алдына әкеліп алып, кейін жіңішке сымдардан көкірегіндегі көркем суретті оюларды кестелеп шығаратын.
Қима селосындағы кәсіптік-техникалық колледжде оқыды. Жаны қалаған оқу орны. Электрмен дәнекерлеуші болып шықты. Бұл өңірде біршама қат мамандық. Қалай болғанда да сұранысқа ие. Арада біраз уақыт өткен соң Жақсы селосына көшіп келді. Алғашқыда әр жерде жұмыс істеген. Бар ынтасымен өзіне тапсырылған шаруаны тап-тұйнақтай етіп орындап жүргенімен, әйтеуір бір нәрсе көңілінен шықпады. Ондағысы жұрттың айтқанын істеуден гөрі өзі шығармашылықпен ойлап, жүзеге асырғанның ләззәтының бөлектігі. Қарап жүрмей баяғы бала кезіндегідей шылдыр шүмектің жуандығындай сым темірлерден ою ойып, бұйымдар жасай бастады. Содан соң жеке кәсіпкер ретінде өз шаруасын дөңгелете бастаған. Алдымен есік жасады. Темір есік, ұзындығы екі жарым метр, биіктігі кісі бойындай. Қара темірден жамап-жасқап қалқита салған, салмағы зілдей, епетейсіз есік емес, есік алдына көрік беретін, әрқилы оюлармен ойылған, бір қарағанда көздің жауын алатын сүйріктей сұлу, әдемі есік.  
Содан соң пеш жасауға кірісті. Ауызекі тілде самауыр деп аталады. Пішіні де кәдімгі самауырға ұқсас. Қалыңдығы 3-4 миллиметрлік темірді қос қабаттап дәнекерлейді. Ортасында ашық қалған кеңістікке су толтырылады. Оттығы ішінде, кәдімгі самауырдың нақ өзі. Темір пешті жаққан бойда іштегі су қайнап, ыстығы жоғары өрлейді. Сөйтіп, отынды үнемдеуге де, жылуды жақсы беруге де септігі мол.  
Қазір не қымбат, темір қымбат. Қайсы болса да. Сондықтан, әуелі тапсырыс алғанда бағасының қақ жартысын күні бұрын алып алады. Өйткені,
тапсырған затты істеп шығару үшін шикізатын сатып алу керек қой. Жарнама беріп көрген емес.
– Жақсының кез-келген көшесінде мен жасаған қақпалар мен дуалдар самсап тұр. Көзі түскен, көріп қызыққан адамдар сұрамай ма, кім жасады деп,–дейді жеке кәсіпкер Андрей Морозов, – міне, нағыз жарнама сол емес пе? Адал еңбегімнің нәтижесі. Сынықсүйем жалғаны жоқ. Осындай зат керек болған адам әлгі жерде ауылдастарым кәдесіне жаратқан, пайдаланып жүрген заттарды көздерімен көріп, қолдарымен ұстап дегендей, беріктігіне, әдемілігіне көзін жеткізген соң салып ұрып маған келеді. Ал, мен болсам ешкімнің меселін қайтарып көрген жоқпын. Бағаны да тым аспандата беруге болмайды. Халықтың жайын ойлау керек қой, екінші жағынан тым қымбат сұрасам жұрт айналып өтпей ме. Есіктерді 45 мыңға, пештерді 50 мың теңгеге жасаймын.  Кәсіпкердің айтуына қарағанда, өз ісін одан әрі өрістету үшін екі миллион теңге алты пайыз үстемемен несие алған. Қазір темірден түйін түйген Андрейдің шеберханасына Жақсының төңірегіндегі әлденеше ауылдан ат арытып әдейілеп келіп бұйымтайын айтатындар көбейіпті. Ел іші болған соң жақсы хабар жерде жатпайды ғой.  Біз ғой әншейінде ел ішіндегі жастар екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Тіпті, қос-қос дипломы барлар да жұмыссыз дейміз. Жұмыс жоқ емес, бар екен. Андрейдің қолынан келген іс Әкімбай нағашымның балаларының қолынан келмегені қандай өкінішті.  

Байкал Байәділов.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар