Мамандығына адал  азамат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс дегенін айтты.

Қай қоғамда болмасын еңбек адамы қашан да құрмет пен қошеметке лайықты. Қаншама маңдай терін төгіп, қара жұмыс істеп, талай жылдар бойы кәсібіне адал жүрген азаматтар кейде елеусіз қалуда.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың осы бір өлең жолы Ермек Өміртайұлының өмірілік ұстанымына айналған. Ол еңбекті тіршіліктің алтын діңгегі санайды. Себебі, өзінің бар саналы ғұмыры еңбектенумен өтуде. Ермек Өміртайұлы Нұрсалықов талай жылдардан бері «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық мекемесінде бас энергетик болып жұмыс істейді. Таңертеңнен бері бірнеше мәрте хабарлассақ та, жұмыс уақыты аяқталар шақта ғана қолы босаған азамат жұмыс күні басталысымен қаланың ішінде кезек-кезек орын алып жатқан ірілі-ұсақты апатты жағдайларға барып, оны жоюға атсалысқан. Айтуынша, бір күні тыныш өтпейді, таңнан кешке дейін қарбаласқан жұмыстан тыным таппайды екен.

Бала кезі бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданында өткен ағамыз еңбектен еш тайсалмайтын елгезек болып өскен. 7 сыныпта оқып жүріп-ақ, келешекте өзін энергетика саласында жұмыс істейтініне сенген. Сөйтіп, орта білім алған соң, 1983 жылы қарт Алатаудың баурайындағы Алматыныңэнергетика институтына оқуға түседі. Оқуда жүріп, әскер қатарына алынып, Украинадағы сержанттар мектебінде шынығады, онда міндетін атқарып келген соң, оқуын қайта жалғастырмақ болады. «Әскерде де электрик болдым ғой» деп күледі ағамыз. Әскерден келген соң оқуын жалғастырмақшы болып, Алматыға қайта барады. Сол жылдың желтоқсанындасол кездегі еліміздің бас қаласыныңорталық алаңында өткен Желтоқсан оқиғасына қатысып, камераға түсіп қалады. Соның салдарынан оқудан шығарылып, білімі тағы аяқсыз қалыпты. Еліне оралып, құр қол отыруды намыс көрген ағамыз Щучинск автомектебінде алты ай көлемінде оқып, жүргізуші көлігіне ие болып, еңбек жолын бастап кетеді. Кейін араға бірнеше жыл салып, Алматыда аяқсыз қалған оқуына қайта орнығып, оны сырттай аяқтауына тура келген.

– Бала күннен энергетик боламын деген арманыма қол жеткізу жолында біраз тер төгілді, тіпті басымызды аман алып қалу үшін елге оралуға мәжбүр болдым. Сол кездегі саясаттың сойқанына ілігіп кете жаздап, оқудан қуылдым. Әйтеуір, маңдайға жазылған диплом екен, қолыма сол қағазымды алдым. Тоқырау жылдары ауыл тұрмақ, аудан орталықтарында да жұмыс тоқтап жатты, сонда Көкшетау  қаласына қоныс аудардым, қалалық электр жүйесінде, кейін бірталай жыл «КРЭК»-те (Көкшетау аумақтық электр тарату желісі) еңбек еттім. Қазір соңғы 3-4 жылдан бері осы «Көкшетау су арнасында» бас энергетик болып қызмет атқарамын. Жұмыс өзіңіз байқап отырғаныңыздай, таңнан кешке дейін қарбаласпен өтеді, –дейді Ермек Өміртайұлы.

«Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» дегендей, бұл ағамыз басқа түскен тағдыр талайына мойымай, берілмей, ерік-жігерінің, еселі еңбегінің арқасында өзінің көздеген  мақсатына жетіп, отбасының қызық-қуанышына кенеліп отыр. Ұлы Бауыржан да әке жолын қуған энергетика саласының майталманы, Солтүстік Қазақстан облысының М.Қозыбаев атындағы университетін энергетика саласы бойынша тәмамдаған, «КРЭК»-те жұмыс істеген, қазір жеке кәсіппен айналысуда. Қызы Нұргүл банк саласының маманы. Өмірлік серігі Гүлжан Асылбекқызы Көкшетау қалалық ауруханасында аға мейірбике.

–Қалада жаңа үйлер көп салынып жатқандықтан, тозып тұрған, ескірген коммуникацияның бәрі істен шығып, сыр беріп жатыр. Су арнасына қарасты нысандардың көбі сол тозудың салдарынан істен шығып қалады, су сорғыларының қозғалтқыштары кейде электр энергиясы жетпей қалып, әуреге салады. Жұмысымыз таңғы 07.30-да басталады. Біздің мекемеде 10 кезекші электрик бар, солармен су арнасына қатысты туындаған апаттардың басы-қасында жүріп, апат болған жердің су сорғыларын тоқтатамыз немесе картадан қарап, қай жерде қандай ақау болуы мүмкіндігін тексереміз. Түн баласы ұйықтап жатқанда дабыл соғылса болды, апат болған жерге жетуіміз керек, –деп жұмысының барысын түсіндірді ағамыз.

Алпысты алқымдап қалған еңбек адамының өз ісіне адалдығы мен тазалығы, жауапкершілігі мен әркімге бір жанашырлығы жастарға үлгі. Еңбекпен көгеріп, еңбекпен өз биігіне жеткен осындай адамдар арамызда өте көп. «Өз еңбегін жан-тәнімен сүймейтін адамнан ешбір мықты да, ешбір өнеге иесі де шықпайды» деп түйіндеді сөзін Ермек Өміртайұлы. Кейіпкеріміздің бар өмірлік мұраты осы бір сөзде, өз мамандығын сүюде жатқандай.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар