Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Гитараның сазынан сыр ұғамын - АРҚА АЖАРЫ

Гитараның сазынан сыр ұғамын

немесе болмысы бөлек бард ақын, әнші,
композитор Табылды Досымовтың жан жары Қарлығаш Ибатовамен болған сыр-сұхбат

 

Бір жұма өтті ме, әлде одан да көп пе, кім білсін, қолым қалт етсе болды Табылдының әндерін тыңдайтын болдым. Ән сөздері жаныңды тербейді, әуезі жүректің қылын шертеді. Тыңдай бергім келеді.  Ағаның әндерінен қазақтың рухы, ауылдың иісі аңқиды. Танып білмейтін адамның жүрек толғанысын ән арқылы ұғынасың. Әншімен бірге ән қанатында со-онау зау биікке қалықтай жөнелесің. Гитараның сыңғырлаған сиқырлы сазына әдемі өлең өріліп, үйлесім тауып, әнші дәл сен туралы жырлап отырғандай, сенің көңіл хошыңды дөп басқандай әсерде боласың. Ән құдіреті деген осы-ау шамасы!  Бүгін тағы соңғы күндердегі ғадетіме басып, Табылды ағаның әндерін тыңдауға кірістім.  Мақала тағы да жайына қалды. Себебі, әнді тыңдай бергің келеді, ал, жүрек санаға ырық бермей, мені тыңдағысы жоқ. Не де болса, ағаның әндерін таспадан емес, бүгін өз жүрегімде жатталып қалған әуенге құлақ түріп жазатын болдым…

 

Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов туралы жазу ойда жоқта келген идея емес. Таяуда біз  өнерпаздың аяулы жары Қарлығаш Ибатовамен көгілдір Көкше елінде жолығып, танысып, ағаның ғұмыр жолы, шығармашылығы жөнінде кеңірек әңгімелеп беруін өтінген едік.
– Қарлығаш апай, «Жақсы әйел адамның бағы, кір шалмас ары» деген. Ағамен қайда, қашан таныстыңыздар, айта отырыңыз? – деп сөзге тарттық.    
Жүзінен мейірім шуағы төгілген, бойынан кісілігі мен кішілігі байқалатын биязы, мақпал мінезді Қарлығаш апа өзіне жарасымды жымиысымен бізді өзіне баурай жөнелді.
– Арқаға дәм айдап әкелді. Көкшетауда Табылдының курстас досы, журналист Асылай Айжарықованың мерейлі тойы өтеді деп шақырту алғасын, сонау Атыраудан арнайы келдім. Табылды өзі дүниеден өтсе де артында қалған отбасы бар деп бізді елеп, шақырғаны үшін қатты разы болдым. Адамның адаммен тағдырлас болуын Алланың қосқаны, маңдайға жазғаны деп ұғынамын. Менің көршім Табылдының нағашы апасы болатын. Сол кісі үнемі інісін мақтап отыратын, екеуімізді сол апа таныстырды. Табылды бір атадан жалғыз бала болса да, ерке емес еді. Балаларын ерекше жақсы көрді.  Үш қыз және Абыл деген ұлымыз бар. Қыздардан өрбіген бес жиенім – көз қуанышым. Ұлым Абыл әкесінен аумаған, жүріс-тұрысы ғана емес, өнерге деген құлшынысы, қабілеті атадан дарыған болуы керек,–деп бастады әңгімесін ол. –Табылды өте еңбекқор адам еді.   Жазудан, кітап оқудан ешқашан жалықпайтын. Туған жері Индерге деген махаббаты тым ерекше болды. Ұл-қыздарын ертіп алып, қыратқа шыққан қызғалдақтарды теруге апарып, сол жақта серуен құрғанды жақсы көрді. Ақбаян, Айнамкөз, Абыл мен Әйгерімге деген әкелік махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сырт көзге қатал болып көрінгенімен, балаларын әрқашан елеп-ескеріп, маңдайынан иіскеп жүретін. Қандай ән шығарса да отбасымен ақылдасатын, әр туындысына балаша қуанатын. Бір ғажабы, Табылды сөйлегенде сәл тұтығып сөйлейтін, ал, ән айтқанда онысы білінбей кететін.
Анасына деген махаббаты да ерекше еді. Ажал деген өмірдің бұлтартпай бұғаулайтын заңдылығы. Адамның артында ұрпағы, өлмес мұрасы қалса, онда оны өлді деуге болмайды. Мен де Табылдыны бұл өмірде жоқ деп айтуға аузым бармайды. Себебі, оның өзінен аумаған ұл-қызы, өлмес ән-жыры бар. Иә, рас жасырары жоқ, арқа сүйер азаматымның көзі тірісінде ешбір қиындық көрген емеспін. Ол барлық мәселелерді өз мойнына алатын. Балалардың киіміне дейін өзі сатып алып, тіпті күндегі тіршіліктің күйбеңін де өзі атқаратын. Мен тек үй шаруасымен айналысатынмын. Ол өмірден өткенде асқар тауым құлағандай, өкпек желдің өтінде қалғандай болдым. Жапырақ жаным солып, көңілім жүдеп, жүрегім қан жылады. Бірақ, жасөскін құлыншақтарымды көріп, шүкір еттім, алға қарай ұмтылдым.
…Төргі бөлмеде жалғызсырап, Табылдыны сағынып гитарасы тұр. Екеуіміз оңашада сырласамыз. Қолыма гитарасын алуға да батпаймын. Себебі, саусақтарым аяулы аспапқа тисе болды, ол да күңіреніп жылап қоя беретін сияқты…    
Оянбай қалам, бұл – шындық, ұрыспа, қарғам.
Шөлмек – тірліктің белгілі құлай сынары.
Гитарымды алып елеусіз бұрышта қалған.
Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі…
Апай өлең оқып отыр. Қимастық сезім жүректі қинап, көңілді толқытты. Дауысы дір-дір етеді. Мөлдіреген жас тамшылары тырс-тырс етіп, тылсым тыныштықты бұзып, өкініш пен қайғы-мұң біз отырған бөлменің қабырғасын теңселтіп тұрғандай. Іштей налиды, қайғырады, сағым болып сағынышқа айналған сол бір бейнені тағы бір көрсем, қамыққанда демеу, жабырқағанда жанынан табылсам ғой дейді.  Беу, жалған дүние, сен кімге мәңгілік тұрақ бола алғандай едің!..  
– Ақынның аузына Алланың өзі сөз салады деген рас-ау, – деп  сөзін әрі жалғады. – Қырық бес жасына қараған шағында ұйқысынан оянбай қалды. Ол өзінің өлімін сезіп кеткендей. Нағыз ұлылар өз болашағына байлам жасап, өмірінің жетер жерін айтып кеткен. Табылды осындай ақын еді.  Ол әндерінің сөздеріне аса мән беретін. Бард ақын деп сондықтан да атайды. Бұл жанр қазақта бұрыннан бар деп өзі айтушы еді. Бард өнері қазақтың жыраулық өнеріне ұқсас. Қазір әндеріне бойлай түссем, сөздерінде терең мағына жатыр екен. Жасырары жоқ, Табылды Алматыда оқығанда  жолдас-жораларының алды болатын. Онда оның әндерін, шығармашылығын құрметтейтін, бағалайтын ортасы бар еді. Бірақ, ол соның барлығын тастап, ата-анасымен бірге бір шаңырақта болуы үшін Индерге келді, осында тамыр жайды. Үнемі қазақтың тілін, ділін, өнерін насихаттаумен болды. Әсіресе, тарихты, шежірені өте жақсы білетін. Махамбеттей арысты пір тұтты. Көптеген көне жәдігерлерді тауып, оларды халыққа мұра ету жолында көп еңбек сіңірді. Ауылдың өрелі өнерпаздарын іздеп, солардың арасында шежірені білетін, көнекөз, кәрі құлақ ақсақалдарды тауып, олармен сұхбаттасып, қажет болса, сол айтқандарын кітап қылып шығарып жүрді. Сол еңбегін бұлдамайтын, іздене беретін. Мықты әншілер, жыраулар, ақындар болса олардың әндерін, ақық сөздерін таспаға түсіріп, жазып алып отыратын. Бір жерден бір тарихи мағлұмат естісе, соның анық-қанығын білмейінше жарғақ құлағы жастыққа тимей тыным таппайтын. Бәлкім біреу білер, біреу білмес Табылды спортқа да жақын еді. Ол белдескеннің белін үзіп, тірескеннің тізесін бүктіре алатын балуан да болатын. Тіпті, осы өнерін бағалаған облыстағы спортшылар еркін күрестен Табылдының  атында турнир де өткізді.
Мінезі бірбеткей еді. Ешкімге жағынуды, жалпаңдауды білмейтін.  Содан болар бастықтарға жақпады. Ол қарапайым халыққа жақын болды.
– Естуімізше, кезінде Иманғали Тасмағамбетов Атырауда әкім болып тұрған кезінде Табылды ағаға қала орталығынан пәтер бергенде де бас тартып, ауылда қалған. Осының барлығы перзенттік парыз, елге деген риясыз көңіл ғой, – дедік біз де ағаның адамгершілік қасиетін тілге тиек етіп.
– Дұрыс айтасыз. Иманғали Тасмағамбетов Атырауға әкім болып келгенде өнеріміз ерекше өрістеп кеңге қанат жайды.  Табылдыны шақыртып алып, облыс орталығынан жұмыс, баспана беремін дегенде де баспады. Басқа біреу болса, бас пайдасын ойлап, үйді алып өзі елде де қала берер ме еді. Ол  адал болатын. Иманғали аға сыйлаған үлкен гитара әлі үйде тұр. Түбінде оны мұражай ашылса сонда табыс етемін деп ойлаймын. Табылды өмірінің соңына дейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды. Сол кезде облысқа барса, бәлкім бір белді мекеменің басшысы да болар ма еді. Бірақ Табылдыға  мансап та, байлық та белді қызмет те керек емес еді. Ол ата-анасына, туған елге деген сүйіспеншілігін, туған жерге деген риясыз көңілін бәрінен де биік санады. Бәлкім бұл да дұрыс шығар. Дегенмен де, кезінде Алматыда қалғанда өнері өркендеп, өрістей түсер ме еді?! Көзі тірісінде әндерінің шарықтағанын, кеңге қанат жайғанын көрер ме еді, кім білсін?! Қазіргі таңда Абыл Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүр. Әкесінің жолын қуамын дейді, мен аналық ақ батамды бердім. Біз үшін елге келме, жаным. Өнеріңді өз ортаңда өрістет деп отырмын. Себебі, өнер адамы өз ортасын таба алмаса қиын…
ҚазМУ-де оқып жүргенде Табылдының әндерін білмейтін студент кемде-кем еді. Жастық дәурен қызығы мол думанды кештерде, отырыстарда үнемі ел назарында жүріп, өзінің лирикалық әндерімен кештің ажарын ашып жүрген, танымалдылыққа ие болып үлгерген Табылды ауданға келгенде көп қиналды. 1986 жылы болған оқиға оның шығармашылығына үлкен өзгеріс алып келді. Осы жылдары «Желтоқсандағы жыр-әні», «Қазақ едім дегенше…», «Әулет диалогы» және тағы басқа рухты, патриотты әндері туды. Оның бард әндерін тыңдағанда адамның еңсесі көтеріліп, елім деп еміреніп, жұртым деп жалындайтыны анық. Қалай дегенмен де оның жанашыры, досы көп еді. Әсіресе, Қазақ мемлекеттік университетінде журналистика факультетінде кіл жүйрікпен курстас болып, кейін сол қыз-жігіттер оның жан жолдастарына айналды. Олар Атырауға келсе болды бірден Табылдыны іздейтін. Алматыға әдеби кештерге арнайы шақыртатын. Сондайда төбесі көкке жетіп, ақбас Алатауға гитарасын бірге ала барып, әндерін шырқап, арқа-жарқа болып, бір серпіліп келетін. Табылдының өзі жоқ болса да оның өнерін бағалайтын іздеушісі көп. Солардың арасында әрине, сол кездегі курстас достарының еңбегі орасан. Жыл сайын ән фестивальдерін, еске алу кештерін ұйымдастыратын да солар. Атыраудың, қала берді барлық Қазақстанның Табылдыны білетін, өнеріне жанашыр болып жүрген азаматтардың алдында бас иемін!    
– Хоббиі болды ма? Ән, ақындық өнерінен басқа ұнататын ісі дегендей…
– Былайға жұрт біле бермейді, бірақ, Табылды тігіншілікпен де айналысатын, қолы епсекті шебер болатын. Ол үстіне кірпияз, тазалыққа жаны құмар, сұлулыққа іңкәр еді. Тіпті, киімдерін маған үтіктетпей, өзі тазалап шалбарының қырын келтіріп жүретін. Ол сондай талғампаз сері еді. Көңілі де сондай таза болды ғой…
– Өнер адамдары өзі біртүрлі халық. Түн ортасында тұрып өлең жазады, кейде болмашы нәрсеге күйіп-жанып өмірден баз кешіп кетуге бар. Жадыраса күндей нұрлы, дархандығы даладай, ал, көңілі баладай пәк ақынның жары болу оңай ма?
Біздің осы сұрағымызға өзіне жарасымды байсалдылығымен апай былай деп жауап берді. – Ол барда мен еш қиындық көрген жоқпын. Керісінше, өмірден өткенде қиындықтың не екенін түсіндім. Ол барда өмірім әнге толы болатын. Төргі бөлмеден әлі күнге дейін оның әні құлағымда сыңғырлап тұрады. Өмірім думанды еді, шіркін…
Түнде тұрып жазғанын оқытатын, я болмаса, «Барыңдар әрі, мен ән жазып отырмын» деп ашу шақырғанын, «мен ақынмын» деп кеуде кергенін көрген емеспін. Кісілігі де, кішілігі де, азаматтығы да, жан баласына жаттығы жоқ бауырмалдылығы да бөлек еді, – деп сөзін түйіндеді ол.
…Адам баласы өмірде өзіне идеал іздейді. Болмашы біреуге еліктеуіміз де мүмкін. Ал, шын мәнісінде шынайы кейіпкерлер жанымызда екен. Өткеніне шүкіршілік етіп, бүгініне тоқмейілсімей, қанағатпен қарап, болашағына зор сенім артқан Қарлығаш апайдың ақылына дән риза болыстық. Қазақтың маңдайына біткен өнер қайраткерінің шаңырағын шайқалтпай, шамын сөндірмей, балапандарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай ғибратты ғұмыр кешіп жүрген Табылдының жан жары Қарлығаш апа осыған айқын дәлел бола алады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғұмыр жолында осындай жаны таза, сертке де, сезімге де берік жандар көп болсын деген ой түйдік біз осы сұхбаттан.
***
…Таңнан ерте оянатын әуелгі әдетім. Оянсам ыңылдап ән салып жатыр екенмін. Жүрек те үнсіз. Бұл Табылды ағаның әні ғой.
Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым, әттең-ай,
Атырауға әкелер ем бір тауды…

Бір құдірет тұла бойда тасқанда,
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға.
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға!
Дауыс қай жақтан шығады өзі? Арқаға  Атырау-дан ән болып жеткен бұл не деген тылсым күш?! Енді түсіндім, жүректен шыққан ән, өлең жүректе жатталып қалады екен. Ал, Табылды ағаның әндері осындай сыр тұнған сырлы саздар. Сан жылдар  сорабында  ән керуені үзілмесінші!..

Әңгімелескен Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар