«Кім десең, атым Мұса, тұлпар тұяқ»

Мұса Асайынов – 95

Сарғайған сары күздің ортасында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Көкше өнерінің көрнекті өкілі Мұса Асайыновтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Асқақ әнші, ақтаңгер ақын» атты рухани танымдық әдемі бір кеш болып өтті.

Бұл кеш Үкілі Ыбырайдың немересі, әйгілі Мұса Асайыновтың шығармашылығын толықтай дерлік тағы бір құлағымызға сіңіріп, көз алдымызға алып келуімен құнды. Мәдени шара Қазақстанның халық ақыны, өнердегі ағасы Көкен Шәкеевтің:

Қызба ақын, қызулы ақын алатұғын,
Қиыннан сөз қисынын табатұғын,
Дауысы, домбырасы бірдей сайрап,
Тыңдаған тыңдаушыға жағатұғын, –

деген өлеңдегі биік бағасымен басталды. Тағы бір атап өтерлігі, өнер кеші белгілі әнші әрі өнертанушы Сәрсенбай Хасеновтың авторлық жобасы аясында ұйымдастырылды. Кеш бойы найзағай жарқылындай, жазғы нұрлы жаңбырдың әсеріндей Мұса репертуарындағы ойлы да нәрлі әндері мен ақтаңгер айтыс ақынының арыны кең арнаулары халықтың жүрегінен үлкен орын алды.

Өнердің өркен жайған сүйрігі еді,
Айтыста жүлде бермес жүйрігі еді, –

деп ақындар жырға қосқан ерекше дарыны-ақ Мұсаның кім екенін айтып тұрғаны анық-ты.

Әлбетте кеш ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы «Нұркейдің әні» кеш беталысын мазмұнды бір арнаға салып жіберді.

Қазақтың айтыс өнері мен дәстүрлі ән өнерін жаңа бір биікке көтерген Мұса Мырзағұлұлы Асайынов 1929 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Өскен ауылында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Мұса Асайынов біріншіден, суырып салма ерен ақын, жазба поэзияда да өзіндік орны бар. Екінші жағынан, дауысы заңғар дара әнші.

Рухани-танымдық кеште ақын өмірінің маңызды кезеңдері, оның қазақ әдебиеті мен музыкасына қосқан өзіндік үлесі, сондай-ақ, шығармашылығының, қазіргі өнерге ықпалы мен өміршеңдігі сөз болды. Жастайынан айтыс өнерін, халық әндерінің орындау мәнерін көкірегіне құйып, жетіле де, алға қойған мақсатына жете де білген Мұса Асайынов қазіргі «Көкшетау» мәдениет сарайының салынуына да өз беделімен игі ықпалын тигізіп, осы іргелі өнер ордасында көркемдік жетекші болып қызмет атқарған. 1943-1964 жылдары үзбей облыстық айтыстарға қатысып, мұның соңы республикалық ақындар айтысында топ жарып, Құлагердей дара шығуына ұласқан. Сол тұстағы:

Көз тартар Көкшегүлдің қылтанымен,
Кім десең, атым Мұса, тұлпар тұяқ,
Атақты Үкілі Ыбырайдың ұрпағымын.
Қанатын шаршы топта самғап қаққан,
Жүлде алып, сан бәйгеде талмай шапқан,
Сом дене Айыртаудың жүйрігімін,
Жыр құсы кеудесінде сайрап жатқан, –

деп келетін төкпе жырының өзі-ақ көп жайды аңғартқандай. Көрнекті ақын жерлесіміз Кәкімбек Салықов өзінің ескеалу жырында:

Ақиық еді, қаймықпай кірер дауылға,
Құлагер еді, жаралған оза шабуға.
Айыртауда жоқ дейді ақын бауырым,
Ауыл жаққа бата алмай жүрмін баруға, – деп тебіренсе, ол да жайдан-жай  еместігі анық.

Осындай ән мен жырдың ақтаңгеріне арналған шұрайлы кештің ең маңызды тұстарын айтсақ, филармониямыздың белгілі солистері Мұса Асайыновтың айтып өткен небір кәделі әндерін орындап, мұның өзі көрермендерге бірегей суырып салма ақынның шығармашылығымен етене таныса түсуге мол мүмкіндік берді. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтар – сөз сарапшылары ақынның қазақ мәдениетіндегі орны мен маңызы және ауызекі дамыған халық шығармашылық өнерінің қазіргі жағдайы туралы өз ойларын ортаға салды.

Кеш өте тартымды, әсерлі болды. Елімізге белгілі «Айнакөл», «Гәкку» бишілер тобы мың бұралған билерімен одан әрі кеш сәнін келтірсе, сонымен қатар, Өмірбек Шешханұлы, Жанат Есов, тағы басқа да танымал әншілеріміз Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың әндерін құйқылжыта төкті.

Кеш соңында көрнекті ақын-жазушы, драматург Жабал Ерғалиев «Ән – өмір, ән – тағдыр, ән – тарих!» – дей келіп, тыңдарман қауымға бүгінгі кештің, дүниеге бір келер Мұса Асайыновтай ардақты да айшықты өнер дарабозының асыл мұрасының мән-маңызына тоқтала келіп, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ізгі құттықтауын жеткізді.

Кешке Алматы қаласынан арнайы келіп, қатысқан Фатима Мұсақызы Асайынова әкесі жайлы тебірене сөйлеп, осынау бір елеп-ескергендері үшін кештің ұйымдастырушыларына, әсіресе, Сәрсенбай Хасеновқа, бүкіл Көкше жұртшылығына ақ алғысын жүрекжарды мәнді сөзімен өрнектеді. Көрікті Көкше аспанындағы шоқ жұлдыздар да «Мұса дарабозымыз» деп жарқыраған әсерлі кеш жүректерді жаулай келіп, осылай жоғары өрнекте аяқталды.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар