Жуырда Тараз қаласының «Тараз-Арена» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен қазақ күресінен «Кәсіподақ Барысы» республикалық турнирі болып өтті.
Қазақстан Республикасы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Астана қаласы мен Ақмола облыстық ұйымының атынан осы турнирге Целиноград ауданының Қоянды ауылының №2 орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі, қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, ҚР чемпионатының жүлдегері, ҚР кубогінің жеңімпазы, «Астана барысы» турнирінің 2023 және 2024 жылдардағы чемпионы Нұрдәулет Айсағалиев қатысты. 110 келі салмақ дәрежесінде күрескен онымен бірге, Қоянды ауылы №1 орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі, белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спортшебері, қазақша күрестен Ақмола облысы спартакиадасының 2017 жылғы чемпионы, «Ақмола барысы» турнирінің 2018 және 2020 жылдардағы жүлдегері, облыс чемпионы Ербол Нұрланұлы да 87 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Бұл палуандардың бапкері Нұрбол Сұлтан Целиноград ауданы Қарөткел ауылы ІТ лицейінің дене шынықтыру мұғалімі. Қазақша күрестен ардагерлер арасында облыстық, аудандық турнирлерінің жүлдегері, 2022 жылғы «Қараөткел барысы» турнирінің жеңімпазы.
Осы жарыста әсіресе, бірнеше қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, «Кәсіподақ Барысы» белдігін қанжығасына байлаған Нұрдәулет Айсағалиевтың өте сәтті өнер көрсеткенін айта кетуіміз керек. Соның нәтижесінде оның турнир жеңімпазы атанғаны облыс кәсіподақтары үшін үлкен мерей болды. Ендеше, боз кілемдегі жеңісің құтты болсын, Нұрдәулет дейміз оған. Осындай мерейлі күндерің алда да жалғаса берсін.
Марат САЙДАЛИН.