Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Түсінбестік азаматтардың заңды жете білмеуінен туындайды - АРҚА АЖАРЫ

Түсінбестік азаматтардың заңды жете білмеуінен туындайды

Бар байлықтың атасы – жер. Осы орайда, қазіргі нарық заманында жерге қатысты даулар жиі орын алып жатады. Әсіресе, жер телімдерін мемлекет қажетіне мәжбүрлі түрде алуға қатысты туындайтын даулар күрделі болып отыр. Газетіміздің тілшісі Ақмола облыстық сотының судьясы Роза Ертаевамен жер телімдерін мемлекет иелігіне алуға байланысты сотта қаралатын істерге, оның сипаты мен ауқымына қатысты әңгімелескен еді.

– Алдымен, жер телімдерін мемлекет иелігіне мәжбүрлеп алуға қатысты істердің жай-жапсары, саны туралы айтып берсеңіз?
– Өткен жылдарда және биылғы жылдың алғашқы жартысындағы сотта қаралған  осы санаттағы істерге назар аударатын болсақ, мұндай істер облыстың барлық өңірлерінде кездеспейтінін аңғаруға болады. Осындай істер негізінен Астананың төңірегіндегі аудандар мен облыс орталығында кездесуде. Атап айтқанда, осы санаттағы істерді Аршалы, Шортанды аудандық соттары мен Көкшетау қалалық соты және облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қараған.  
Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, бұл санаттағы істер жалпы істердің ішінде өте аз көлемде екенін көруге болады. Мәселен, 2014 жылы жерді мемлекет мұқтажына алуға байланысты сотқа 95 арыз түссе, олардың 49-ы қайтарылған, 39-ы сот өндірісіне алынған, 21 арыз қаралмай қалдырылса, 5 шағым бойынша қанағаттанарлық, ал, 1 шағымға қатысты талап-арызды қанағаттандырмау жөнінде шешім шығарылған. 2015 жылы 46 арыз түссе, 1-еуі қайтарылып, 45-і сот өндірісіне қабылданған, 25 талап-арыз қараусыз қалдырылып, 15 іске қатысты қанағаттанарлық шешім шығарылған. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 8 арыз түскен. Олардың 6-уы қабылданып, 1-еуі қайтарылған, 1-еуі қараусыз қалдырылған. 2 іс бойынша қанағаттанарлық шешім шығарылса, тағы 2 іс қайта қарауға жіберілген.
– Осы жекеменшік немесе заңды тұлғалардан жер телімдерін мемлекет иелігіне алу жайы қолданыстағы заңдарымызда қалай қарастырылған?
– Барша байлықтың басы – жер болып саналады. Сондықтан да, жерді күтіп ұстау, сақтау және тиімді пайдалану жайына мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлінеді. Қазақстан Рес-публикасы Конституциясының 26 бабында мемлекет қажеттілігі үшін жер телімдерін мәжбүрлеп алу жекелеген шектеулі жағдайларда ғана және жер құнына сәйкес залал толтырыла отырып жүзеге асырылатыны анық айтылған. Мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлеп алу нысаны заң бойынша тек жер телімдеріне ғана қатысты. Жер телімін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп алуға қатысты ақпарат меншік иесіне жеткізілген сәттен бастап мемлекет оны сатып алуға қатысты  артықшылықтарға ие болады. Мемлекет мұқтажына алуға жататын жер немесе басқа жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп алудың тәртіптері заңда жан-жақты қарастырылған.
Мемлекет мұқтажына алу жекелеген шектеулі жағдайларда ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Және ол жер телімін немесе жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп алудан басқа тәсіл қалмаған жағдайда ғана іске асырылады.  Сондай-ақ, мемлекет мұқтажына қаншалықты қажет болса, сондай мөлшерде ғана алу принципі негізге алынады. Егер мемлекет мұқтаждығын жер телімін мәжбүрлеп алудан басқа тәсілмен қанағаттандыруға болатын болса, мұндай жағдайда жер телімін алуға заң бойынша тиым салынады. Мемлекет мұқтажына мынадай жағдайларда жерді алуға болмайды: коммерциялық немесе мемлекеттік емес мұқтаждықтар үшін, мемлекеттік емес мүдделер көзделген жағдайларда, мемлекет құзырындағы міндеттер шегінен тыс әрекеттерге байланысты қоғамдық мәні бар мақсаттарды қамтымағанда.
– Жер телімін немесе жылжымайтын мүлікті мемлекет иелігіне алуға байланысты туындайтын дауларда көбінесе келтірілген шығын құнының көлемі сөз болып жатады. Мұндайда шығын құны қалай есептеледі?
– Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алуға байланысты жер телімдерінің құны қалай белгіленетіндігі «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 67 бабының 2 тармағында анық көрсетілген. Үй салу үшін берілген жер телімін мемлекет мұқтажына алуға байланысты оның құны жер телімі мен үй құрылысының нарықтағы бағасынан жоғары емес деңгейде белгіленеді. Сот шешіміне сай азаматтық-құқықтық келісім бойынша меншікке көшкен жер телімі сол келісімде көрсетілген баға мөлшерінде және нарық бағасынан жоғары емес деңгейде белгіленуі тиіс. Жер телімінде орналасқан үйдің бағасы сол тұстағы нарық бағасынан жоғары емес көлемде белгіленеді.
Жер телімінің нарықтық құны  жоғарыда аталған заңның 208 бабына сай тәуелсіз сарапшылар арқылы анықталады.
 – Мұндайда сот шешімдеріне келіспей, наразылық танытатындар да кездесіп жатады. Осы жайында не айтар едіңіз?
– Мұндай түсінбестік жайлар, өкінішке орай, көбіне азаматтардың заңды дұрыс білмеуінен туындап жатады. Мәселен, Көкшетау қаласының әкімдігі сотқа Т. деген азамат тұрған жекеменшік үй алаңын мемлекет мұқтажына алуға қатысты талап-арыз берді. Талап-арызда алынатын жер телімі мен жылжымайтын мүлік құны сол тұстағы нарық бағасын ескеріп 14977073 теңге деп белгіленген. Сот талап-арызды қарап, заң шеңберінде оны қанағаттандыруға шешім шығарды. Сот шешімі шыққаннан кейін бір ай мерзім ішінде азамат Т. шешімге келіспейтінін айтып, жоғары сот қатарына шағымдануына болатын еді. Бірақ, ол белгіленген мерзімді өткізіп алып, сотқа кеш шағым түсірген. Ол сотқа жерін қала қажеттілігіне алуына қарсы еместігін, бірақ белгіленген залал құнына келіспейтінін айтып шағымданды. Дегенмен, заңда белгіленген мерзімді өткізіп алғандықтан, бұл іс сотта қаралмады.
Өкінішке орай, заңды және өз құқықтарын дұрыс білмеуден осындай түсінбестік жайлар туындап қалады. Біз құқықтық-демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Барлық даулы мәселелер заң шеңберінде шешілуі тиіс. Осыған орай, әр азамат өз құқықтары мен заңды білсе, түсінбестік жайлардан аулақ болары анық.

Сұхбаттасқан  Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар