Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қолда бар мүмкіндіктер тиімді пайдаланылсын - АРҚА АЖАРЫ

Қолда бар мүмкіндіктер тиімді пайдаланылсын

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Қорғалжын ауданында болып, аудан орталығындағы құрылыс нысандарын аралап көрді және тұрғындармен есеп беру кездесуін өткізді.

Қорғалжын ауылында «IronConstruction» серіктестігі 2 пәтерлі он тұрғын үйдің құрылысын аяқтауда. Мүмкін, дәл осы үйлерде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын ақмолалық отбасылар алдағы уақытта қоныс тойын тойлайтын болар.

Әр пәтердің алаңы 80 шаршы метрді құрайды, қабырғалары газдалған бетоннан және қасбеті жылу панельдерінен жасалған. Бір қарағанда, үйлер жақсы көрінеді. Алайда, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бахыдбек Оспанбековтың айтуынша, жоспарлануы онша сәтті емес. Шатыры мен қасбетіне сыни пікірлер бар.

– Бізді сапа ойландырады, тұрғын үй барлық талаптарға сай болуы керек және оған әрлеу жұмыстары да кіреді. Мемлекет үйлерді мемлекеттік сатып алу конкурсының шарттарына сай болған жағдайда ғана сатып алады, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Құрылыс компаниясының басшысы Гүлсім Әділова анықталған кемшіліктердің барлығын жоюға уәде берді.

Сондай-ақ, аудан орталығында жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, бірақ, қаржы тапшылығына байланысты мердігер жобаны мерзімінде аяқтай алмай отыр. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақованың айтуынша, жетіспейтін 180 миллион теңге келесі жылдың басында бөлінеді. Оған қоса, жылу мәселесі де шешімін таппаған. Мердігер «Жаркент Алғыр құрылыс компаниясы» ЖШС жобаның құнын реттемей, модульдік қазандықты өз бетінше салады деген келісім бар.

Халықпен есеп беру кездесуінде Қорғалжын ауданын дамытудың негізгі бағыттары талқыланып, өңірдіңжетістіктері мен кемшіліктері де айтылды. Мәселен, ауданның өнеркәсіп саласындағыбірден-бір орта кәсіпорын – «Астана – Агропродукт» ЖШС және 21 шағын кәсіпорын бар. Ауданда ірі өнеркәсіп орындары жоқ, соның салдарынан облыстың жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі бар болғаны 0,1 пайыз ғана.

– Егіндікөл ауданында ғана бұл көрсеткіш төмен. Бірақ, онда ауыл шаруашылығы дамыған, оның жалпы көлемінің 4,3 пайызын құрайды. Ал, Қорғалжында 2,4 пайыз ғана. Бұл ретте, еңбекақы қорының 80 пайызға жуығын бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысы құрайды, аудан табысының жартысынан астамы жалақы қорынан түсетін әлеуметтік салық түсіміне байланысты, – деді бұл ретте, облыс әкімі.

Аймақ басшысы «Астана – Агропродукт» өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруда қиындықтарға тап болып отырғанын атап өтті. Бұл ішкі нарыққа баса назар аудара отырып, жұмысты қайта құру керек дегенді білдіреді. Сапалы ет өнімдеріне сұранысты халық пен қоғамдық тамақтандыру саласы қамтамасыз етеді. Аудан әкімдігі кәсіпкерлікке көмектесуге міндетті. Ауданның елордаға салыстырмалы түрде жақындығын ескерсек, мұны істеу соншалықты қиын емес.

Жергілікті билікке толық өндірістік циклді жолға қойған «Kazbeef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тәжірибесін үйрене отырып, азық-түлік өндірісін, оның ішінде ет, сүт және дайын жартылай фабрикаттарды өндіру міндеті жүктелді. Кәсіпорын өз өнімдерін ішкі нарықта да, экспорттық нарықта да табысты өткізеді.

Әкімдіктің басты міндеттерінің бірі – инвестиция тарту. Құрылыс құмының мол қорын ескере отырып, ауданда құрылыс материалдары өндірісін жолға қою қажет.

Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі орақ науқанының нәтижесіне назар аударды. Бұл ретте, Қорғалжын ауданында астықтың жалпы түсімі 180 мың тоннадан асты, орташа өнімділік гектарына 12 центнерден айналды. Дәнді дақылдар шығымына мемлекеттің қолдауы, агротехнологияларды ұстану және қолайлы ауа райы әсер етті. Қазірдің өзінде шаруалар қаржы институттары алдындағы міндеттемелерін ұмытпай, алдағы жаңа  ауыл шаруашылығы маусымына дайындықты бастауы керек.

Нақтырақ айтсақ, биылғыжылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау 140 миллиард теңгеден асты, оның 46,5 миллиарды қайтарымсыз субсидиялар.

– Субсидиялар – бұл жай ғана мемлекеттік көмек емес, еңбек өнімділігін арттыру және бизнесте түпкілікті нәтижеге жетуге ынталандыру тетігі, – деп еске салды облыс әкімі. – Субсидиялау фермерлер үшін сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарының қолжетімділігін арттырады. Биылғы жылы Қорғалжын ауданының агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 4,3 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп.

Алқызыл қоқиқаздарымен танымал мемлекеттік табиғи қорық орналасқан Қорғалжын ауданының туризмді дамытуға жақсы әлеуеті бар. Дегенмен, бұл сала соңғы үш жылда әр маусымда 200 адамнан аспаған. Аудан әкімдігіне туризм саласына инвестиция тарту мүмкіндіктерін қарастыру, елді мекендерді, оның ішінде аудан орталығын дамытудың бас жоспарларын әзірлеу тапсырылды.

 

Кездесуде аудан тұрғындары тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымға, коммуналдық шаруашылыққа қатысты түйткілді мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов тұрғындармен есеп беру кездесуінен кейін азаматтарға жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар