Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Даналық кітабының» тағылымы - АРҚА АЖАРЫ

«Даналық кітабының» тағылымы

Биылғы жылдың 9 желтоқсанында Көкшетауда Ақмола облыстық мәдениет басқармасына қарасты әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Яссауи мұрасы: маңыздылығы, сипаты және ғибраты» атты аймақаралық ғылыми конференция өткелі отыр.  Осы орайда, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» кітабының көшірмесінің біздің өңірден табылуы Яссауитану ғылымына қосылған үлкен жаңалық десек артық емес. Осыған байланысты біздің тілшіміз конференция қарсаңында филология ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры С.Н.Жәмбекке жолығып, осы маңызы зор ғылыми еңбек туралы айтып беруін сұраған еді.

Тілші: Сәбит Нұрмұхамбетұлы, университеттің филология факультетінде «Ежелгі дәуір әдебиеті тарихы» курсынан көп жылдар дәріс оқыған ұстаз ретінде Құл Қожа Ахмет Яссауидің халқымыздың ежелгі мәдени мұрасы болып табылатын «Диуани Хикмет» дастанының әдеби-тарихи маңызына тоқтала кетсеңіз.
Сәбит Жәмбек: Әлемдік ориенталистика (шығыстану) мен түркологияда Құл Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметтерінің» алатын орны ерекше. Яссауи мұраларын зерттеу ісімен көптеген шетел, орыс, түрік, түркі тілдес елдердің ғалымдары мен қазақ ғалымдары айналысқан. Мұраны зерттеу ісі бүгінгі күні әлі де жалғасын табуда. Құл Қожа Ахмет Яссауи Орта Азия мен Қазақстан аймағынан шыққан ұлы ойшыл, философ, ақын. Сопылық поэзияның ірі өкілі. Орта Азия мен Қазақстанға кең тараған суфизмнің йассауия тарихатын негіздеуші шейх, ұстаз. Осы жерде сопылық ағымдар, тарихаттарға қысқаша тоқтала кетсем, сопылық бауырластық, ордендер тарихаттар деп аталынады. Ірі суниттік тарихаттарға: кадирия, маулявия, накшбандия, рифаия, санусия, сухравардия, тиджания, чишития жатады. Шийт бауырластығының тарихаттарына захабия, нурбахшия және хайдария жатады. Бекташия тарихаты екі ағымның да сипатын алған. Накшбандия тарихатының аздаған шийттік тармағы бар. Тарихаттардың конфессионалдық сипаты өзінің динамикалығымен ерекшеленеді. Ниматаллахия бауырластығы басында суниттік ағымда қалыптасқанымен, кейіннен таза шийттік ағымға айналды. Халбатия тарихаты керісінше, шийттік ағымнан суниттік ағымға ауысқан. Захабия мен нурбахшия сияқты шийттік бауырластық өз кезінде кубрабия сияқты суниттік тарихаттың қойнауынан шыққан. Мұндай ауыс-түйіс сопылық тарихаттарға тән болып келеді. Әр сопылық тарихаттың өз сыртқы айырым белгілерінің жүйесі, ғұрыптық инициациясы мен инвеститурасы, мистикалық тәжірибесі болды.
Суфизм  араб-ислам философиясының негізгі бағыттарының бірі, исламдағы мистикалық-аскеттік ағым болып табылады. Суфизмнің ірі теоретигі Әл-Газали (1058-1111ж.ж.) суфизмді исламның негізгі мәні деп есептеді. Әл-Газалидің негізгі еңбегі – оның ортоджсалды ислам мен суфизм арасындағы қайшылықты жоюға деген талпынысы болып табылады. Әл-Газалидің пайымдауынша шынайы суфизм Құран мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың суннасына кереғар келмеуі керек. Орта Азиядағы сопылық тарихаттар: накшбандия, кабруия, кадерия сияқты тарихаттардың арасында Яссауи тарихатының маңызы ерекше болды. Орта ғасырларда бұл ілім Хорезм, Мауереннахр, Анадолыға дейін жеткен. Яссауи тарихатының ерекшелігі исламның дәстүрлік сопылық танымына ежелгі түркілік танымды ұштастыруы, оның симбиозды түрде дамуы болып табылады. Яссауи ілімі адамгершілік, мейірімділікке шақырады.
Фарид-ад-дин Аттар, «Манттық ат таир» («Құстар тілі») еңбегінде оны «Түркістан пірі» деп атаған Құл Қожа Ахмет қазақ топырағындағы ежелгі Испиджаб (Сайрам) қаласында туған. Яссауидың бабасы қазақ даласына ислам таратушы Ысқақ бап. Діни білім үйренудегі ұстаздары – Шихабуддин Испиджаби, Арыстан баб, Юсуф (Жүсіп), Хамадани деген кісілер болған. Йассы қаласында (қазіргі Түркістан қаласы) тұрып, түркілер арасында сопылық ағымның, діни-имандылықтың таралуына қажымай еңбек етті. Сопылар ерекше мистикалық-аскеттік жүйе жасаған. Соның бірі олардың жаратушыны, Түп иені танудағы ерекше экстатикалық күй, «хал» күйінде болуы. Аллаһ атына «һу», «һай» деген ерекше зікір айтушы. Бұл таным жолында олар «шариғат», «тарихат», «мағрифат», «хақиқат» сияқты мистикалық таным жолдарынан өтуі тиіс болды.
Яссауи салған сопылық ағым XIII-XIV ғасырлардағы түркі әдебиетінде де жалғасын тапты. Осы кездердегі ғашықтық дастандар Әлидің «Қисса Жүсібі», Құтбтың «Хұсырау уа Шырын», діни әдебиеттер: «Қисасс ул Әнбия», «Жұмжұма», «Нехәт ул Фарадис», «Гүлстан бит туркилердің» тууы Яссауи қалыптастырған өнегелі дәстүр болса керек. Дастанның қазақша мағынасы: «Алланың құдіреті жайлы даналық кітабы».
«Диуан» сөзі арабта «жинақ» деген ұғымды білдіреді. «Диуан» әсіресе, түркілер арасында көп тараған. Яссауидің өзі жазған, авторлығы сақталған қолжазба біздің заманымызға жеткен жоқ. Ол басында ежелгі қазақ ру-тайпаларының арасында ауызша жатталып, XVІ-XVІІ ғасырларда қағазға түскен болуы мүмкін. Яссауидің  бізге жеткен «Диуани хикметі» оның кейінгі шәкірттерінің әртүрлі уақытта көшіріп жазған көшірме қолжазбалары. Негізінен түркі тілдерінің оғыз-қыпшақ  диалектісінде жазылған. «Диуани хикмет» – тек таза тілдік, әдеби, тарихи ескерткіш қана емес, ол түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының рухани-мәдени дамуында өшпес із қалдырған, көптеген ғасырлар бойы халқымызды адамгершілік, имандылық, ғибраттылық, өнегелік жолына үндеп келген, маңызы орасан зор рухани мұрамыз!
Тілші:  Енді осы мұраның әлемге тараған нұсқалары туралы айтып берсеңіз.
Сәбит Жәмбек: Яссауи кесенесінде сақталған қолжазбалар кейін көшіріліп, көптеген елдерге тараған. Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей, Иран, Үндістан, Еуропа, Араб елдерінің кітапханалары мен университеттерінің кітапханаларында асыл мұрамыздың қолжазбалары көздің қарашығындай сақталуда. «Диуани хикмет» Қазан (1887, 1901 ж.ж), Стамбул (1901ж.), Ташкент (1902 және 1911 ж.ж) қалаларының бас-паларында бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шыққан.
«Диуанның» ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Бұл нұсқада 149 хикмет бар. Осының 109 хикметі Яссауидікі, қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа енген дейді зерттеушілер.
Яссауи мұрасын түрік ғалымдары М.Ф.Кепрюлю-заде, К.Ераслан, орыс ғалымдары: А.Н.Самойлович, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Г.Ф.Благова, өзбек ғалымдары Э.Р.Рустамов, Н.М.Маллаев, В.И. Захидовтар зерттеп, түркология ғылымына өз үлестерін қосты.
Рухани мұрамызды зерттеуден отандық қазақ ғалымдары да сырт қалған жоқ. Олардың қатарында Б.Кенжебаев, Р.Сыздықова, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, Р.Бердібаев, М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи, А.Ахметбекова, Д.Кенжетай, Ғ.Ә.Қамбарбекова, А.Ш.Нұрманова, Б.С.Қорғанбеков, И.Нұрахметұлы, тағы басқалары бар.
Тілші: Соңғы кезде Яссауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасы да жұртшылықты елең еткізіп отыр. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
Сәбит Жәмбек: Иә, Қожа Ахмет Яссауидың «Диуанның» көшірмелерінің біздің Көкшетаудан табылуы Яссауи тануды зерттеу ісіндегі үлкен жаңалық. Ол қазақ рухани мәдениеті үшін үлкен жаңалық болып табылады. Асыл мұрамыздың жаңа нұсқасының табылуы Яссауи мұрасын тани берудегі алға басқан қадам деп есептейміз. Мұраның табылуына түрткі болған Көкшетаудағы Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин, музейдің бас ғылыми қызметкері, фольклоршы ғалым Е.Баятұлы және осы ұжымның басқа да ғылыми қызметкерлері. Осы жерде көне қолжазбаның ғылыми тұрғыда аударылып, зерттеліп, көпшілікке танылуына мұрындық болған Қазақ Ұлттық өнер университетінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлы бауырымызға үлкен алғысымызды білдіруіміз қажет. Иманғазы Нұрахметұлы қолжазба жа-йында былай дейді: «Көшірменің қашан, қай жерде, кімнің қолымен жазылғаны туралы нақты дерек жоқ, бас-аяғы жыртылған, сақталуы жақсы емес, тым ескі қолжазба екені белгілі. Сыртқы бетінде «Бекмұхаммет Ахметұлы (Бекмағамбет болуы да мүмкін) деген адамның аты жазылған. Соның аяқ жағында «иесі молла Бекмұхаммет» деген сөз бар. Бұл адам хикметтерді көшіріп жазушы ма? Қолжазбаны сақтаушы ма? Ол жағы анық емес. Мұражай директоры  Нұрбек Нұралин: «Бұл қолжазбаны Көкшетауға оңтүстік жақтан Сарғалдақ қожа деген кісі әкеліп, Сарғалдақ қожаның қызы Айғанымның қолында сақталған болуы мүмкін» деген болжам айтады. Ондай болжам жасауға қолжазбаның Ғ.Мүсірепов (Рузаевка) ауданынан табылғаны себеп болған сияқты. Мүсірепов ауылында Абылай заманынан бері қожалар мекендеген екен. Бұхарадан оқыған ғұлама Сарғалдақ қожаның ұрпақтары кейінге дейін сонда болыпты. Сарғалдақ қожаның өзі Қожа
Ахмет Яссауидің туған інісі Садыр Шайхтың ұрпағы дейді, Шоқанның әжесі Айғаным осы Сарғалдақ қожаның қызы екен».
Яссауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасында 59 хикмет бар. Уақыт қысымына шыдамай, біраз хикметтер оқуға келмеген, қағаздары тесіліп, әріптері түсіп қалған. Солай болса да 56 хикмет аударылып шыққан. Осының өзі үлкен олжа деп ойлаймыз.
Ғасырлар бойы Көкшетау қазақтарының арасында ауызша айтылып келіп, қағазға түскен бұл қолжазба нұсқаның орны ерекше. Түркітануда Яссауи дастанының кез келген көшірмесі ғылыми жаңалық. Сондықтан, бұл нұсқа отандық ғылым ғана емес, жалпы түркітану саласы үшін ерекше маңызға ие болып отыр. Нұсқаның ең маңызды, басты құндылығы ғасырлар бойы Көкше өңірі қазақтарының рухани дамуы жолында қызмет еткені болса керек.  Иншалла, ісіміз оңғарыла берсін!

Б. Қайырлыұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар