Облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді жаңғырту шеңберінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
– Ағымдағы жылдың маусым айында аудан орталығы Макинск қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда жұмыс қаланың 33 көшесінде аяқталды. Оған ұзындығы 45,012 метр су құбырлары төселіп, 524 құдық орнатылды. Алдағы жылы қаланың екінші бөлігі – темір жолдың арғы бетінде де жұмыстар жалғасады. Жоба аяқталғаннан кейін қала тұрғындары таза ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі, – дейді аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Жақыпова.
– Жұмыс кезінде орын алған қолайсыздықтарға қарамастан, біздің үй іргесіне дейін су құбыры тартылғанына өте қуаныштымын. Отбасымызда төрт кішкентай баламыз бар. Бұған дейін ауыз суды құдықтардан, кейде бұлақтан алып келетінбіз. Бұл біз үшін өте қиын болатын. Мен осы бағытта көмек көрсетіліп, аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасалғаны үшін алғыс айтамын, – деп өз пікірін білдірді қала тұрғыны Жазира Балтабаева.
Сонымен қатар, биылғы жылы аудандахалықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша мұндай жұмыстар Тастыөзек, Айнакөл, Қараөзек және Новодонецк 4 ауылдарында да жүргізілді. 3 ауылда су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ, Шұбарағаш, Мат, Иванковка және Аққайыңауылдарында суды тазартуға арналған кешенді блок-модульдері орнатылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.