Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірқатарына «Желтоқсан оқиғасының ардагері» мерейтойлық медалін тапсырды.
Кеңестік тоталитарлық жүйеге алғаш рет ашық қарсы шыққан қазақ жастарының бұдан 30 жыл бұрынғы ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары Елбасымыздың Желтоқсан оқиғасына берген бағасы жөніндегі сілтемені келтірді. «Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға ең басты құрмет – оларды есте сақтау» деген Елбасының сөзі бастарын тәуекелге байлап, тоталитарлық жүйеге одақта алғаш рет ашық наразылық танытқан ержүрек жастардың ерліктерінің ешқашанда ұмытылмайтынын айғақтайды. Тәуелсіздік бізге өздігінен келген жоқ. Бұл сонау ерте замандағы Абылай, Кенесары хандар бастаған бірнеше ғасырға созылған ұлт-азаттық қозғалысының заңды жалғасы және еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан желтоқсаншылар – сіздер болдыңыздар, – деген облыс басшысының орынбасары жиналған желтоқсан ардагерлерін келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова «Желтоқсан оқиғасының ардагері» медалімен марапатталғандардың тізімін оқып, мерейтойлық медаль табыс етілді. Көкшетау қаласынан бұл медальға 16 адам ұсынылған екен. Олардың арасында «Ақжол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұрат Асаров, осы университеттің сызу және дизайн кафедрасының аға оқытушысы Әділбай Шүйінішев, аталмыш оқу орнының баспасөз хатшысы Айдар Қожабаев, «Арша-2» ЖШС-нің лаборанты Гаухар Кәрімова және басқалары бар.
Шара соңында марапатталған желтоқсан ардагерлері естелік суретке түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.