Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа міндеттерін белгіледі.
Бурабай өңірі Қазақстанның жетекші туристік орталықтарының бірі ретінде өз әлеуетін нығайтуды жалғастыруда. Ел Президентінің тапсырмаларын орындау аясында Щучинск пен Бурабайды отбасылық демалыс және ойын-сауық орталықтарына айналдырудың бағыттары айқындалды. Туристік инфрақұрылымдарды заманауи ойын-сауық кешендері, саябақтары, аквапарктар, визит-орталықтар және басқа да нысандар толықтырады.
– Курорттың көліктік қолжетімділігін арттыру үшін шағын авиацияны дамыту және тікұшақ экскурсияларын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Туристер үшін қолайлы жағдай жасау маңызды міндет болып қала береді, – деді Марат Ахметжанов.
Сапалы ұялы байланысты қамтамасыз ету үшін 5 антенналық-діңгекті құрылым орнатылған. Сондай-ақ, туристердің қауіпсіздігі мақсатында 100 «ақылды» бейнебақылау камералары жүйесі енгізіледі, модульдік өрт сөндіру деполары мен су-құтқару станциялары салынады.
Аудан өнеркәсібі облыс өндірісінің жалпы көлемінің 13 пайыздан астамын құрайды. Жетекші кәсіпорындар – алтын өндіруге және өңдеуге мамандандырылған «RG Gold» және «RG Processing» ЖШС-лары.
Экспортқа бағдарланған толық циклді өнім шығаратын «KazBeef» компаниялар тобы оң үлгі көрсетіп отыр. Осыған байланысты облыс әкімі елордамыз Астананы қоса алғанда, тұрақты нарық үшін дайын тамақ өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірісін дамыту қажеттігін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы саласына келсек, биыл аудан астық жинауды екі есеге арттырды. Яғни, гектарына орта есеппен 17 центнер өнімділікпен 223 мың тонна астық өндірілді. Сұраныс пен бағаның тұрақты өсуі ескеріліп, майлы және жемшөп дақылдары алқаптарын ұлғайтуға баса назар аударылды. Мал шаруашылығы да белсенді дамып келеді, оның ішінде сүтті мал шаруашылығы да бар. Жетекші өндірушілердің қатарында «Айна сүт фермасы» ЖШС, «Қоянды Агро» шаруа қожалығы және басқаларын атауға болады. Қайта өңдеу саласында 4 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.
Жыл басынан бері ауданда 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 134 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін тағы 6 жобаны аяқтау жоспарлануда, бұл 120 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Биогаз өндірісін дамыту бойынша инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Ауданда мұндай жобаларды іске асыру үшін шикізат базасы жеткілікті.
Шағын және орта бизнесті қолдау маңызды бағыт болып қала береді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 78 жоба іске асырылды. Бұған қоса, ауданда шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру тетігі енгізілуде, бұл кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі ауданның инфрақұрылымын жақсарту қажеттігіне ерекше назар аударды. Негізгі жобалардың қатарында «Щучинск – Николаевка» автожолын жөндеу, Текекөл көлінің айналасында жол салу және электрмен жабдықтауды дамытуды айтуға болады. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарын жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде.
–Мемлекет тарапынан ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері жоспарлы түрде шешілуде. Өңірді табысты дамыту үшін аудандық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, сондай-ақ бизнесті қолдауды және инвестицияларды белсенді тартуды қамтитын кешенді тәсіл бойынша жұмыс жүргізу қажет. Туристік және өнеркәсіптік әлеуетті пайдалану ауданның барлық тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Кездесуде Марат Ахметжанов аймақтың дамуына үлес қосқан аудан тұрғындарын ақшалай сертификаттармен, «Ақмола – еңбек озаты» төсбелгісімен, «С.Қ.Нұрмағанбетовке 100 жыл» медалімен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Еліміздің 20 миллионыншы тұрғындарының бірі, бір жасқа толған кішкентай Ясинге де ерекше назар аударылып, ілтипат білдірілді.
Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды қабылдап, олардың жеке сұрақтарына жауап берді және мәселелерін шешу жағын қарастырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.