Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұпар ауаң көкірегімді сүйгенде - АРҚА АЖАРЫ

Жұпар ауаң көкірегімді сүйгенде

Жастайынан жанына сыршыл поэзияны серік етіп, нәзік иірімдерге толы лирикалық өлеңдерімен қуантып келе жатқан Ұлмекен Шаменова бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының Айсары ауылында дүниеге келген. Әкесі елімізге танымал ақын-композитор Тыныштық Шаменов.
Ұлмекен мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ, республикалық, облыстық, аудандық оқушылар айтысына қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Кейін жазба ақын ретінде танылып, өлеңдері «Сарыарқаның жыр самалы» альманахы, «Қазақ ақындарының антологиясы», тағы басқа жыр жинақтарына енді.
Өлеңдері жыр падишасы Фариза апасының да көңілінен шығып, сол кісінің батасын алған талантты жас алғаш журналистік еңбек жолын қалалық «Көкшетау» газетінен бастаса, қазіргі уақытта Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің руханият бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогика колледжінің түлегі. Келесі жылы Орта Азия университетінің журналистика факультетін бітіргелі отыр. Бүгін біз ақын қызымыздың бір топ өлеңдеріне «Жезкиік» әдебиет бетінен орын бере отырып, жыр өлкесінде қанатың талмасын, жаңа биіктерден көріне бер демекпіз!

Күмбезін күн сүйген Астананың,
Бауырынан бек туған асқаралым.
Көк Тәңір тамашасын аямаған,
Көкшетау сеніменен мақтанамын!

Тағдырдың кездессем де қандайына,       
 Бақ болған сен деп білем маңдайыма.
Мен сені жырлап өтем туған елім,
Қорғасын құйылғанша таңдайыма!

Көкшемнің маған қымбат таулары да,
Бал дәмді тіл үйіртер саумалы да.
Туған жерді өзге елге ұқсатпаймын,
Ұқсатам жәннат жақтың бауларына.

Алма ағашы сырға таққан келіндей,
Өткендерге иіледі ерінбей.
Тамырына нәр беретін мөлдір су,
Жүрегіне жол жалғайды көрінбей.

Бүлдіргені шашын жуса жаңбырға,
Аумай қалар мәз болысқан балғынға.
Піскен шиең ұзататын қыздай боп,
Алма беті балбырайды ақ нұрға.

Қайың қыздың жас тұнбаған жанарын,
Жаңбыр келіп сүйіп жатыр тамағын.
Желбіреген жібек шашын сыйпайды,
Анасындай еркелеткен самалым.

Қарақатым қара көзім жәудірім,
Сеніменен молайғандай сәндігім.
Менің көзім сенің жауһар мөлдірің,
Сенің көзің менің гауһар көз нұрым.

Көкшетауым жәннат мекен тұрағым,
Күміспенен көмкерілген құрағың.
Жұпар  ауаң  жүрегімді сүйгенде,
Мен бақыттан шаттанумен тұрамын.

…Бір Алладан өзің берген жүрекпен,
Ғұмырыңды мәңгі қылсын сұрарым!
            

Тіршілік, сала
берші бір әніңді!
Басым – мең-зең, сырласар жан таба алмай,
Отырмын қолыма алып қаламымды.
Ақ қағаз беті болса шимай-шимай,
Жан жүрек қалап отыр жаңа жырды.

Теректер тереземнің алдындағы,
Сүйгізіп желге шашын, сыбдырлайды.
Киіп ап сағыныштан сары сырға,
Сүйеніп тереземе жыр тыңдайды.

Бір әуен жүрегімді мазалаған,
Болмай жүр көптен бері маза маған.
Ойнайды пернесімен жүрегімнің,
Сырлы әуен мені осылай жазалаған.

Жанымды кәусар сазға шомылдырып,
Белгісіз сол бір әнге болдым ынтық.
Құдай-ау ән дегенің бұлақ екен,
Қалайша байқамағам сорым құрып!

Ән  деген аққу үні мамырлаған,
Ән деген асау керім арындаған.
Ән  деген қыз шолпысы сыңғырлаған,
Ән екен жұлдызды түн жымыңдаған.

Сыбырлап, жапырағы жайқалатын,
Теректер ән салшы деп қайталадым!
Жасыл-желек жолымды гүлге ораған,
Көзіңнен бір сұлулық байқалатын.

Шық болып жанарыңнан үзілетін,
Тырс еткен тамшы ән боп естілетін.
Ақша бұлт жылағанда жауын болып,
Самал жел күрсінгендей сезілетін.

Ән айтып қайың-қыздар тербеледі,
Ән екен, қазағымның жел дегені!
Ән айтып құстар көкте қалықтайды,
Әнменен түрленеді жер бедері.

Бұл әнді естімесең қамығасың,
Шерткен соң жүрегіңнің домбырасын,
Самал жел ән айтшы деп жалынасың,
Сол мөлдір әуезіңді сағынасың!

Тосасың теректерге құлағыңды,
Тыңдайын сыңғырлаған бұлағымды.
Бүлкілдеп тамырыңда сұлу әуен,
Тіршілік сала берші, бір әніңді!

           Ауылға
       барамын!..

Асығып барамын!..
жасырып…көзіме қаланың,
беймаза тірлігін…
Асығып барамын ауылға!
Орамал, ойыншық,
Бүйірлі түйіншек,
Қолымда орамым.
Асығып барамын,
Қарамай боранды дауылға.

Бетімді шымшылап, алдымда бұралған.
Мен тұрмын именбей қаһарлы бораннан.
Несіне жасқанам, мен күннен нәр алғам,
Ал, қыстың жүрегі… көк мұздан жаралған!

Ауылға барамын!
Сағындым ауылдың адамын.
Пейілі шалқардай көсілген,
Жүзінен мейірім есілген,
Қыздарын еркем деп өсірген,
Қатемді айтқызбай кешірген,
Сен менің жау алмас қамалым!

Есімде, әр гүлің, әр тасың, әр көшең.
Жүрегім толқиды сен десем.
Ауылда бәріде өзгеше,
Менімен жүр, жаным, сенбесең!

Кеш батты…
Мен тұрмын, тас жолда тоқтатып көлікті,
Сағынып қалыппын, жүрегім соны ұқты.
Құлагер көңілім, сезім боп желеді,
Мен саған асықпын, ғашықпын себебі.
Қара жер қойнына кірсем де бір күні,
Төсіңде бүр жарған гүл болғым келеді!

Тілек тілеп
Тәңірден оянамын

Бармын деп бүгін Құдай тасымайын,
Қиындыққа тап қылсаң, жасымайын.
…Өлең мені таң ата оятады,
Ол мені күтіп отыр асығайын!..

Таңғы төртте қолыма қалам алып,
(Бір тіріліп, өлемін, қайта жанып).
Қаламымнан жыр болып ақса сия,
Жүрегім жай табары айдан анық.

Мың сан ойдың шырмалып тереңіне,
Соны айтып мұңданам өлеңіме.
Қабағыма мұң қатса қапалансам,
Беу, өлең сені іздеймін, себебі не?

Мен сені іздемесем нетер едім,
Жаныма жай таба алмай өтер едім.
Сен барда төрт құбылам тең секілді,
Қиындықты қасқайып көтеремін.

Маза бермей таң ата ой-арманым,
Тілек тілеп Тәңірден оянамын.
Адалдықтан аттамай өткім келер,
Тасып жүрек, соққанша бойда қаным.

Таң ата әлем нұрға боялады,
Өлеңді қайтып ақын қоя алады.
Шомылып күн нұрына таңсәріден,
Мен емес,  өлең күліп оянады.

Өлеңім сыңарым,
өлеңім өмірім

Кешқұрым. Сұрықсыз кабинет. Жалғызбын.
Шамдары жағылмай қалыпты бөлменің.
Жанымды қинады тағы да жансыз мұң.
Табылмай жанымнан шуағы өлеңнің.

Өлеңді іздеймін шарқ ұрып көңілім.
Өзіңмен әдемі өрнекті өңірім.
Сен менен алыстап, кетпеші киелім.
Өлеңім сыңарым, өлеңім-өмірім.

Бір шуақ кеудемде өлең боп маздаған.
Кей надан сол шоққа су себе жаздаған.
Алланың шырағын, еш адам өшірмес,
…Әркімге ақындық  жазбаған!

Аппақ ай шуағы бөлмені аймалап,
Жұлдыздар ақырын жымыңдап тұр әне.
Жүректі тербеген өлеңді қайталап,
…бір ақын жүр әне!

Бір ақын жүр әне, өлеңмен кездесіп.
Балаша қуанып, құшақтап жүздесіп.
Сұрықсыз кабинет кеткендей нұрланып,
Ән болып тербеліп тұрғандай жер бесік…

       Сағыныш
Қарашы әне ақшам бұлттар қалықтап,
Қол ұстасқан қос құрбыдай барады.
Бұлттарменен бара жатқан шарықтап,
Ақ кептерді еріксіз көз шалады.

Шақырады қанатымен қол бұлғап,
Дұғай сәлем туған жерден жолдайды.
Қайтқан қаздар үн қосады қаңқылдап,
«Туған жерді ұмытуға болмайды».

Ақ кептер боп шақырасың алыстан,
Туған жерім қасиетіңнен айналдым.
Мына өмірді майдан десек алысқан,
Сол тірліктің күйбеңіне байландым.

Маған мақтау, мадақ ешбір лайықсыз,
Сені ұмытсам өзің берген жүрекпен.
Ескек өзі жүзе алмайды қайықсыз,
Отансызға тамыры жоқ терек тең.

Дегенімде күн құшақтап мойнымнан,
Самал желпіп жібек шәлі орады.
Мөлт-мөлт етіп мөлдіреген сағыныш,
Құсқа айналып көкке ұшып барады.

      Қыз жүрегі     
      жырлайды  
Кеше…
Бір надан мұң сыйлады
…жылатты кеп.
Бүгін…
Бір адам жыр сыйлады
…жұбатты кеп.
Мұң қатқан қабағым ашылғандай,
Шаттық нұр шуақ боп шашылғандай.
Армандап, оңашада сол адамды,
Қыз жүрек сезімін жасырғандай.
Жыр сыйлап бір-ақ сәтте ғашық етті,
Онымен өткізген
…ғасыр қандай!
Сыңар болсам өмір бойы іздеген,
Құс боп келсең бақыт кілтін тістеген.
Неге отырсың тереземнің алдында?
Бәлкім…
Аңсағаның жаһұт па?
Әркім…
Тәуелді ғой уақытқа!
Кел екеуміз қанатында сол құстың…
Бірге ұшайық бақытқа!

Жүрегімде бір қуаныш, мың күдік,
Жыр жазайын отырғанша мұң «түтіп».
Армандаумен жүрген сәтте аңдамай,
Алмайықшы бақыт құсын үркітіп.

Әлде…
Жанымды ұғар досымсың ба кім білсін?
Мені ойлап алаңдаумен жүрмісің.
Мұңлы ойдан мұзға айналған жүректі,
Шуағыңмен жібітетін күнбісің!
Құшағында айдай сұлу аруды,
Аялаған тылсым сырлы түнбісің!
Кім білсін,
кім білсін!..

Ағып түсті бір жұлдыз

Жұмыстасың. Іздемейді сені ешкім.
Күнде үйге түнделетіп келесің.
Өтіп жатыр бұ дүниеден көп адам,
Жанына ертіп жалғыздықтың елесін.

Таң атады. Күн батады білінбей.
Өткен күннен кім бар жүрген ой түйіп.
Сол күндердің арасында еленбей,
Бір бұрышта сезім жатыр, томпиып.

Көңіліңде кірбің болса, жыр – емі.
Уақыт деген емші дейді сандырақ!
Құлақ түрші. Жүрек жылай біледі.
Құлақ түрші! Жүрек жатыр қан жылап.

Әне, тағы, ағып түсті бір жұлдыз.
Терезеңнен қарап тілек тіледің.
Әр адамның қиялында бір құндыз.
Дір-дір етіп шымырлатқан жүрегін.

Пенделікпен біз асылық етеміз.
Ешкім маған керегі жоқ дейміз кеп.
Сосын, сосын… жалғыз болып өтеміз…
Бұл өмірде өзім ханмын, бимін деп!

Жұмыстасың. Іздемейді сені ешкім.
Күнде үйге түнделетіп келесің.
Өтіп жатыр бұ дүниеден көп адам,
Жанына ертіп қиялдағы елесін!..

       Көңіл құсы

Неге менің көңілім көкті аңсайды,
Құс болып көкке қанат самғайын ба?
Төбем көкке жеткендей қуанамын,
Өлең сөзі түскенде таңдайыма.

Ай мен күнді өзіне дос көретін,
Мен бұлттың нәзіктігін алайыншы.
Шуақты күн нұрынан сырға киіп,
Ару боп айдан алқа тағайыншы.

Күн түндігін түргенде көк бетінде,
 Көкала бұлт тербеліп қалықтайды,
Сонау көктен тіршілік жер бетіне,
Сырт көз боп бақылаудан жалықпайды.

Мен бұлттың биіктігін қабыл алам.
Ешкімге жалпаң қағып жағынбағам.
Қиястық-қияметке бармайтынын,
Әлдеқашан айырған сайын далам.

Бұлттай биік бола алсам арман бар ма?
Сөз болсам өкінбеймін жамандарға,
Күш-қуат бер бойыма Жаратқаным,
Қарсы тұрам деп едім қамалдарға.

Бұлттар, бұлттар, не деген кең едің сен,
Жыласаң жылайсың сен жүрегіңмен.
Нәр беріп тіршілікті жайнатады,
Әрбір тамшы көзіңнен мөлдіреген.

…Көкті аңсайды көңілім неге менің,
Өлеңіммен жайнаймын көгеремін.
Қалықтасам құс  болып көк бетіне,
Шуағымды күн болып төгер едім!

                                      ***
Мөлдіреп күн батады ұясына,
Қыран құс  қалықтады қия шыңға.
Қызғалдақ би билеген желмен бірге,
Ұйқы сұрап керілді қыр басында.

Ақ қайың тыңдаймын деп құстар әнін,
Желге ұшырып алыпты сырғаларын.
Күні бойы сылқылдап күлген бұлақ,
Күн батқанда тынғандай жылғаларың.

Маған қымбат елімнің сай-саласы,
Сені сүймес адамзат қай баласы?!.
Кешкісін кекілімнен сыйпаған күн,
Таңертең жүрегімді аймалашы!

                              ***
Таңғы шықтың мөлдірі жанарында,
Күн нұры тығылғандай тамағына.
Жүрегінен күлетін сәби біткен,
Жыламасын ай-күннің аманында.
Құшақтап сүйген сәтте құлынымды,
Бір жұпар қытықтайды мұрынымды,
Бұл не деген тәтті иіс ынтықтырған,
Сонау көкке көтеріп тұғырымды.

Құндақтап жанымның жылуына,
Кешкісін ән айтамын құлыныма.
Адам боп жаралған соң балапаным,
Адам боп қалу міндет ғұмырыңда!

***

Өрлікті үйрендім аспаннан,
Күн-Ана дарытты мейірім.
Әдемі жылтырақ тастардан,
Өлеңнің  қашадым ақ үйін.

Иә, мейлі, баспанам болмасын.
Қазақтың барлығы жолдасым.
Мәңгілік тұрағым бұл емес,
Жүректе иманым солмасын.

Болсам  да үй-күйсіз, жыларман,
Жанымды жұбатқан бір арман.
Жырымды сүйетін жандар бар,
Жүректің төріне шығарған.  

Тас үйлер қаптаған маңайым…
Сағындым, ауылға барайын!
Жыр сүйер жүректі мекендеп.
Одан да өлмес жыр жазайын.
…Сол менің мәңгілік сарайым!

                                   ***
Жырымның бүрмелі көйлегін төгілтіп,
Мен сайын даламда есілген самалмын.
Жүректі тербетіп, мен кейде өкінтіп,
Бір шөкім бұлт болып бұртиып қаламын.
 
Кей-кейде дауылмын, ақ нөсер шақырған,
Сондайда сөкпеші, қимашы жаманға.
Сен ақық жыр тіле, жыр сұра ақыннан.
Ақ нөсер жауғанша, сен біраз амалда.

Жырымнан ақ жаңбыр иісі аңқиды,
Кел, жаным, гүл терші, үлпілдек сырымнан.
Мұң тұнған жүректе, сан ойлар тасиды.
Қуатын сезерсің шұғыла жырымнан.

Сезімнің мөлдірін теріп ап, алқа қып,
Мен саған жүректен сыйладым қабыл ал,
Самал боп даламда кел бірге самғалық.
Еңсеңді түсірме, қалғаны табылар…

… Құлагер көңілді ерттеп ап бір ақын,
Самалға айналып, жамал жыр жамылар…

                    Табиғат
      тамашасы

Көзі жасты келмей ме еркелердің,
Жасыңды төк, ақша бұлт еркелегін,
Жалаң аяқ жаңбырда жүгірейін,
Айғайына қалсамда жеңгелердің.

Мөлдіріңе шомылып арайыңа,
Ерке қызың болуға жарайын да.
Күн нұрының сәулелі шапағындай,
Мен де шуақ төгейін маңайыма.

Табиғатым серігім іңкәр достым,
Саған ғана мәлім ғой көңіл хошым,
Түн түндігін түргенде таңсәріден,
Тамылжыған құстарға мен де ән қостым.

Қуаныштан ән салам таң атты деп,
Жақсылыққа мені Алла жаратты деп.
Тереземнен тұрғанда күнге қарап,
Күн күлімдеп нұр сәуле таратты кеп.

Шапағымен аймалап баласындай,
Неткен жылу көзіңнің қарасындай.
Сұлусың-ау, ажарлым шұғылалым,
Ажарыңа тұрсада таласып Ай.

Бас ием жандарына асыл текті,
Ұнатам саяңдағы жасыл көкті,
Деген ем екі ұрты томпия қап,
Баладай ақша бұлттар жасын төкті.

Көзі жасты келмей ме еркелердің,
Жасыңды төк ақша бұлт
                          еркелегін,
Жалаң аяқ жаңбырда
                     жүгірейін,
Айғайына қалсам
да жеңгелердің.

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар