Өткен өмір жолдарын еске алатыны бар. Бал күлкілі балалық шағын, туған топырағын. Белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы академиясының академигі, пенде ғұмырдың жетпіс бесінші шыңына табан тіреген Әбілжан Құсайынов туған жері туралы толғағанда былай дер еді:
–Мен қайыңды орманның жиегінде ретсіз салынған, үлкен жолдан біршама қашық жатқан шоқ жұлдыздай шағын ғана Қайдауыл ауылында туыппын. Омбылық тарихшы ғалым Н.А.Томилов бұл өлкені Алаш жұрты алты жүз жылдан астам мекендеп келе жатыр дейді. Осы бір өлкені Алаштың мекен еткендігін жер-су, ауыл аттары әйгілеп тұрады. Жеріңнің аты төл тарихыңның тылсымын ұқтырып, уақыт шымылдығын сыпырып тастап, ақиқатын айтады емес пе? Алабота, Бозаң, Бесағаш, Байгел, Жалтыркөл, Қайдауыл, Қаратал, Керейбай, Қожа деген атаулар ықылым заманнан бері келе жатыр. Демек, бұл өлке біздің ел бауырына басып жайлаған жер деп айта аламыз. «Ежелгі дәуірдегі Қазақ ССР тарихы» деп аталатын жинақта 1740 жылдың 28 тамызы күні Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен оның немере ағасы Абылай сұлтанның Ресеймен одақтас болуы туралы актіге қол қойған. Ол заманда Қазақ хандығы мен Ресей империясының шекарасы қазіргі Омбы облысының солтүстігін жиектей Тары қаласының маңынан өтетін. 1716 жылы Омь өзенінің жиегінде Керей тайпасының бауыр басқан жерінде Омбы бекінісі тұрғызылған. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, Омбы. Міне, сондықтан мен бұл өлкені өзімнің аруақты аталарым жайлаған, тамыр жайған, ұрпағын өрбіткен өлке деймін. Осы жерді Керей тайпасы есте жоқ ескі кезеңнен бері жаз жайлауы, қыс қыстауы етіп күн кешкен.
Болашақ ғалым мектепте жүргенде-ақ ауыл шаруашылығы тақырыбына аңсары ауғаны. Кейін бар саналы ғұмырын осы салаға арнады. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана таратып айта кетелік. С.Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінің егін шаруашылығы бөлімшесінің түлегі. Институт директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Виктор Бурлактың қабылдауына кірді. Институт басшысының ірі ғалым, ұтымды ұйымдастырушы, үлкен қоғам қайраткері екендігін кейін білді. Өкінішке орай нағыз күш-қайраты толар 45-ке де келмей, өмірден өтіп кетті. Қабылдау барысында Виктор Васильевич ілтипат таныта отырып, институт жанынан жер өңдеу бағытындағы Ишим тәжірибе станциясы ашылғалы жатқандығын айтты. Сәуірдің 14-і күні Ишим қаласында болды. Онда Анатолий Силантьев қарсы алды. Шақыру жібергенінің себеп-салдарын түсіндірді. Осы институттың мал азығы бөлімінің меңгерушісі Григорий Пуртовтың жетекшілігімен ғылыммен айналысуға кеңес берді. Өзі де осы үшін шақырған екен. 1972 жылдың 14 сәуір күні кіші ғылыми қызметкер болып тағайындалуы туралы бұйрық шықты. Осылайша, ғылымдағы ғұмыры басталды.
Көктем таяу қалған. Сортаң топырақты жерлерді өңдеу мәселесімен шұғылданатын учаскелерді іздестіру басталып кетті. Алдымен, Ишим тәжірибе өндірістік шаруашылығының аумағындағы алқаптардың тұзды топырақ картасын іздеді.
Ишим тәжірибе өндірістік шаруашылығы толайым табысқа қол жеткізді. 1980 жылы дәнді дақылдар берекесі өсіп, әр гектардан алынатын өнім көлемі 2,5 есе молайып, 26 центнерді құрады, сүт өндіру де екі есе ұлғайып, әр сиырдан сауылатын сүт көлемі 4000 литрге жетті. 1990 жылы әр гектардан 32 центнер өнім алынды, әр сиырдан сауылатын сүт көлемі тиісінше 5000 литрге жетті. Өндіріс барысында осы бір түйткілді жайлар есінде неліктен жатталып қалды? Өйткені, ғылыми қызметкерлер өндірістік жұмысты тәжірибемен ұштастыра жүргізетін-ді.
Өсімдіктердің өсу деңгейін В.Р.Вильямс атындағы Бүкілодақтық мал азығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе әдістемесі бойынша жүргізді. Егістік алқаптарды арамшөптің басуы СССР Оңтүстік шығыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының әдістемесі бойынша есепке алынды. Жасыл шалғынның шығымдылығы тұтастай таразы басына тартылатын. Ал, шөп көктеп шығуына орай есепке алынды. Бұл арадағы ғылыми жұмыс Фишер әдістемесі мен Доспеховтың түйіндеуіне орай екшелетін. Бұдан өзге шалғынның ботаникалық құрамы да назарға алынды. Шөптің биохимиялық құрамы анықталды. Олардың бойындағы ауыр металл мен өзге де элементтер сарапталды.
1973 жылы Омск қаласында, 1980 жылы Целиноград қаласында, 1984 жылы Волгоград қаласында, 1988 жылы Новосібір қаласында сортаң жерлерді игеру тақырыбында ұйымдастырылған Бүкілодақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысты. Бұл арада көп секциялы жұмыстан бір тақырыпты қамтитын ғылыми жұмыстардың барынша тиімді екендігін айта кеткім келеді.
1973 жылы Ленин орденді С.М.Киров атындағы Омбы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында Бүкілодақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ленин атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми бүкілодақтық академиясының корреспондент мүшесі, Ресей Федерациясы ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Лениндік сыйлықтың иегері К.П.Горшенинді туғанына тоқсан жыл толуына орай ұлықтау рәсімі өткізілді. Ғалымның сол кездегі ең жоғары мемлекеттік марапат – Лениндік сыйлыққа ие болғандығын айта кетуге болады. Бұл құрмет 1955 жылы жарық көрген «Сібір топырақтары: Оралдан Байкалға дейін» монографиясы үшін берілді. Осы жинақта ғалымның қыруар еңбегі, табанды жұмысы, баға жеткізгісіз тәжірибе нәтижелері топтастырылған экспедицияның бастау көзі 1927 жыл. Сол кездегі ғалымдардың ғылыми ізденіс жолындағы қажыр-қайраты адам айтса нанғысыз. Ғалымдар ат жеккен арбаларға отырып, ұшы-қиыры жоқ даланы аралап, ғылыми-зерттеулерін жүргізген. Олардың жүріп өткен жолдарына Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кетер еді. Әрине, шалқар далада атпен жүрген көңілдірек шығар, әйтсе де, оның арғы жағында жөпшеңді адам шыдай алмайтын адам айтқысыз ауыр еңбек жатыр.
К.П.Горшениннің өзіндік ғылыми мектебі қалыптасты. Омбы ауыл шаруашылығы институтының қабырғасында сортаң жерді игеретін мамандардың тұтас бір буыны өсіп жетілді. Сол кездің өзінде толымды ғылыми еңбектері әйгілі болған ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, РСФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Николай Градобоев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Александр Мигуцкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нина Семендяева, Леонид Березин, Александр Парфенов тәрізді ғалымдар жұмыс істеді.
– Өз өмірімдегі елу жыл ғұмырымның өткен ғасырдың еншісіне бұйырғандығын ризашылық сезіммен еске аламын. Олай болатындығы, бар ғұмырын ғылымға арнаған атақты ғалымдардың алдын көрдім. Пікірлестім. Бірігіп жұмыс істедік. Қазіргі замандағы компьютерлер дәуіріне еніп, қалыптасу оңай болған жоқ. Әрине, мұның дамудың даңғыл жолындағы тиімді процесс екендігін іштей сезінемін. Замана лебімен ілесіп қатар жүруің керек, онсыз көштен қалып қоятының белгілі. 1960 жылдары институтта «Есептеу техникасы» деп аталатын пән болды. Ғылым жетістіктері осы жерде сараланатын. Бізге қиял жетпестей қызықты болып көрінуші еді. Мәселен, Феликсте 89 санын көбейту керек болатын болса, арифмометрді тоғыз рет бұрайсың. Содан соң сабын сегіз рет айналдырасың. Міне, сол кезде көбейту нәтижесі шыға келеді. 1970 жылдары ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында біз ВК-1 есептеу машинасының клавиштерімен жұмыс істедік, – дейді ғалым, – 1980 жылдары алғашқы калькулятор пайда болды. Бұл алдыңғы құралдардан әлдеқайда жоғары әрі тәуір еді. Дәл сол кезде біз осының өзін ғылымның ең жоғары жетістігі деп есептедік. Тоқсаныншы жылдары тұңғыш компьютерлер келді. Алғашқы бетте қолымыз жетпеген компьютерлер әлі де жетілдірілмеген күйде еді. Өзімнің кандидаттық диссертациямды облыстық жер қатынастары басқармасындағы компьютермен бастым. Күндіз компьютерде чиновниктер жұмыс істейтін. Қазіргі күні құдайға шүкір цифрландыру Қазақстанда қарқынды жүргізілуде. Өз басым ғылыми жетістіктен қалып қоймауға тырысамын. ІТ технологияны меңгерген әріптестерімнің бейімділігіне қызыға да қызғана қарайтыным бар. Сортаң жерлердің мелиорациясы тарапындағы менің таным-түсінігімнің кеңеюіне Батыс Сібір және Оңтүстік Орал сор жерлерінің мелиорациясы үйлестіру кеңесіне қарыздар екенімді айта кетпекпін. Үйлестіру кеңесіне 1975 жылдан бері мүшемін. Бұл кеңестің төрағасы сол уақытта С.М.Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтының топырақтану кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Н.Д.Градобоев болды. Біз аймақтағы сортаң жерлерді зерттеу тақырыбындағы бағдарламаларды түбегейлі талқылайтын едік. Батыс Сібір аймағына ғылыми ұсыныстар әзірлейтінбіз. Николай Дмитриевич өмірден өткеннен кейін бұл жұмысты Сібір ғылыми-зерттеу институтының жер өңдеу және химияландыру Сібір бөлімшесінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор В.И.Кирюшин қолына алды. Мен кеңес мүшесі болып қалдым. Отырыстарға үзбей қатысатынмын. Біз бірлесе отырып, Батыс Сібір мен Оңтүстік Оралдың сортаң жерлерінде мал азығын өндіру мәселелеріне орай ұсыныстар даярлайтын болдық.
Ғалымның «Батыс Сібірдің сор жерлерін мелиорациялау процесі» деген тақырыптағы монографиясы Ресей академиясы алқасының шешімімен Мәскеу қаласында өткен мәртебелі халықаралық кітап көрмесіне қойылды. Бұл еңбегі Лондон (Ұлыбритания), Франкфурт на Майне (Германия), Барселона (Испания), Нью-Йорк (АҚШ), Гонконг (Қытай) мемлекеттерінде ұйымдастырылған кітап көрмелері арқылы төрткүл дүниеге мәлім болды. Ғылымды қуған адамға бұл үлкен, тамаша жетістік болатын.
Енді 1990 жылдарға қайта оралайықшы. Баршаға мәлім 1991 жылы бір кезде мызғымастай болып көрінген Кеңес Одағы тарады. Жаңа дәуір өзіндік қиындықтарын да ала келді. Алдымен кең-байтақ Одақта бір-бірімен экономикалық байланыс құрып, жұмыс істеп тұрған бар сала күйреді. Атам қазақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демей ме, тәуекелге бел буып, 1992 жылы «Мелиоратор» ғылыми-өндірістік кооперативін құрып, Жарғысын дайындады. «Ишим» өндірістік тәжірибе шаруашылығы алқабында Сібір өлкесі үшін бейтаныс аморантты қолдану арқылы дән екті.
1994 жылы отбасымен бірге ежелден ән-жырдың бесігі атанған, өлең ұшып, ән қонған Көкшетау өлкесіне, оның ішінде шағын әрі көркем Көкшетау қаласына қоныс аударды. Бұл өлке өзінің тамаша табиғатымен тартты.
Алдымен С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау ауыл шаруашылығы институтына барды. Институттың ректоры Бақыт Жүнісов қабылдады. 1995 жылы агрономия факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Валерий Сапега жұмысқа өзі шақырды. Ботаника және өсімдік физиологиясы кафедрасының аға оқытушысы қызметіне тағайындады. Кафедра меңгерушісі, биология ғылымының кандидаты Мархаба Жабаева. «Қоршаған ортаны қорғау» пәні бойынша сараптамалық-тәжірибелік лекция оқыды. Тосындау тақырып болғаннан кейін сабаққа қатысты қажетті ақпараттарды шөкімдеп жинауға тура келді.
1996 жылы С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау ауыл шаруашылығы институты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрамына енгізілді. Университет ректоры болып физика-математика ғылымдарының кандидаты Абай Айтмұхаметов тағайындалды. Сәйкесінше жоғары оқу орындарының құрылымы өзгеріске ұшырады. Университеттің топырақтану және агроэкология кафедрасының аға оқытушысы ретінде жұмысын жалғастыра берді. 1996-1999 жылдары «Экология», «Табиғатты пайдалану экономикасы», «Экологиялық мониторинг», «Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау», «Экологиялық сараптама» тәрізді пәндерден сабақ берді.
Ғылыми еңбектері үсті-үстіне жарияланып жатты. Диссертация жұмысын небары екі айдың ішінде жазып шықты да, Омбы мемлекеттік аграрлық университетінің диссертация кеңесіне тапсырды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Анатолий Силантьев үлкен көмек көрсетті. Ғылыми жетекшісі болуға қуана-қуана келісім берді. Диссертацияның тақырыбы «Батыс Сібір аймағының орманды алқаптарындағы сортаң жерлерді тиімді өңдеу мен химиялық мелиорацияның тиімділігі». 2001 жылдың 14 желтоқсан күні. Диссертация қорғау сәті. Өйткені, тақырыпты қаншама ғұмырын сарп еткізіп түбегейлі зерттеді емес пе? Бір жыл, екі жыл емес, аттай 23 жыл бойы. Қаншама ғылыми мақалалар жариялады.
Биология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым, академик Әбілжан Құсайынов Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері атанды. Бұл ұзақ жылғы көз майын тауысып еткен ерен еңбегінің өтеуі еді. Ғылымдағы ұшан-теңіз қажырлы еңбегі үшін 2020 жылы «Қазақстан Республикасының құрметті профессоры» атағы берілді. Ұстаз ретінде жүздеген шәкіртті тәрбиелеп, қанаттандырып, өсірген ғалым 2020 жылы «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атанды.
Алдына қойған мақсат-мұраты туған елге қызмет ету болғандықтан, Әбілжан Тоқанұлы әлі де ғылым жолында, білім жолында табаны тастан таймаған тарланбоздай еңбек етіп келеді. Бауыр еті балаларын тәрбиелеп, үлгілі отбасының отағасы атанған Әбекең қай кезде болсын, кісілік келбетіне, адамгершілік ажарына қылаудай кіршік түсірген жан емес. Бәлкім жаратқан иенің тұла бойына өлшеусіз күш-қуат құюы, қажымас қайрат беруі осы адалдығынан шығар. Арлының жолы ашық, келер күндерінің көкжиегі кең.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.