Бибігүл Төлегенова – 95
Қарашаның қара суығына қарамай, алтын уақытын бөліп келген көрермендердің көңілі керемет. Олар бүгін Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық ән кешіне келіп отыр.
«Бұлбұл үнді Бибігүл» деп аталатын бұл кеш Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында болып өтті. Ән – жақсылықтың жаршысы, тіл жеткізе алмаған ойды ән жеткізеді. Ән – көзге көрінбейтін, қолға ұстай алмайтын бір ғажап құбылыс. Бар өмірін өнер жолына арнаған, 70 жылдан астам сахнаның сәнін кіргізіп, қазақтың халық әндері мен әлемдік музыка жауһарларын шарықтата шырқаған, қазақ ән өнерін биікке көтеріп, асыл мұрамызды әлемге танытқан Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына арналған ән кешінде дара талант иесінің орындаған әндері ізбасар әншілердің орындауында сахнадан төгілді.
Өмірбаянына келетін болсақ, Бибігүл апамыз 1929 жылы 16 желтоқсан күні Семей қаласында дүниеге келген. Орта жүз Арғын тайпасының Қаракесек руынан шыққан. Бибігүлдің әкесі скрипкада ойнаса, анасы ән айтатын. Әкесін 1937 жылы Шығыс Қазақстан жеріндегі Қатон-Қарағайда тұтқындап алып кеткеннен кейін хабарсыз кетті.
1946 жылы кешкі мектептің жетінші сыныбында оқып жүрген кезінде Семейдегі ет комбинатында жұмыс істей бастады. Комбинаттан көркемөнерпаздар үйірмесінде ән айтып, Семейде айдауда жүрген жазушы Г.И.Серебрякованың көзіне түсті. Галина Серебрякова Бибігүлге тәлімін беріп, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына оқуға түсуіне ықпал етті. 1954 жылы ол консерваторияны бітірді. Сол жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына солист болып орналасты. 1956 жылдан бастап Жамбыл атындағы қазақ филармониясының Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрінде солист болды.
Бибігүл Төлегенованың өнері республика мен Одақ көлемінде ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танылды. Гастрольдік сапармен Үндістан, Алжир, Египет, Сирия, Вьетнам, Польша, Франция, Чехославакия, Канада, Швеция, Франция, Италияда болып, өнер көрсетті. 1980 жылдан бері бүгінгі күнге дейін Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында вокалдан сабақ беріп келеді. 1982 жылы профессор атағына ие болды. Бибігүл Төлегенованың қайталанбас орындаушылық өнерінің қайнар бұлағы ең алдымен, қазақтың халық әндеріне саяды.
Қазақ ән өнерінің бұлбұлы атанған күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенованың сыңғырлаған даусына тамсанып, әнін тыңдап өскен жас буын мен өнеріне тәнті жанкүйерлері филармония әншілерінің орындауында сүйікті әншілерінің тамылжыта шырқайтын әндерін сүйсіне қабыл алды. «Көктем вальсі», Сегіз серінің «Гауһар тас» әндерін республикалық байқаулардың лауреаты Аягөз Қалмағамбетова орындады. «Қыз Жібек» операсынан Жібектің әні «Толқыманы» мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметова әсерлі жеткізді. Республикалық байқаулардың лауреаты Өмірзақ Шешханның да осы кеште ортаға салар өнері аз болмады. Л.Хамидидің «Бұлбұл» әні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаеваның орындауында көпшілікке тарту етілді. Александр Зацепиннің «Тақиялы періште» кинофильмінен «Ана» әні Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаеваның орындауында ұсынылды. Ал, «Надо мною небо синее» әні республикалық байқаулардың лауреаты Серікболсын Бекмолдинның орындауында көрермендерге қапысыз жетті.
Кеш соңында қызылды-жасылды әдемі көйлектерімен «Гәкку» би ансамблінің ару қыздары билеген «Көш керуен», «Қыз Жібек» билері тартымды шықты.
Қазақтың бұлбұл көмей әншісі Бибігүл апай жоғарыда айтқанымыздай, Социалистік Еңбек Ері жоғары атағының (1976 ж), сол сияқты, Ленин орденінің, 10-нан астам мемлекеттік және үкіметтік марапаттардың иегері. 95 жасқа келсе де, қартаймай, елге, әнге мәңгілік сүйіспеншілігін сақтап келе жатқан ардақты апамызға әлі де ұзақ ғұмыр тілеп, өнердегі ұлы жолы дарынды сіңлілеріне де жұғысты болсын дейміз. Көрермендер кеш өнерпаздарына сыйлаған алқызыл гүл шоқтарын халқымыздың ән өнеріндегі бір биігі Бибігүл Төлегеноваға да елдің шексіз құрметі деп білдік.
Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.