Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аманат арқалатқан маңызды кезең - АРҚА АЖАРЫ

Аманат арқалатқан маңызды кезең

Биыл Қазақстан Республикасында мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы ретте, Ақмола облысы мәслихаттарының 30 жылдығына арналған салтанатты шара «Болашақ сарайында» өтіп, онда облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөз сөйледі. Мерекелік салтанатқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов қатысты.

Ақмола облысы мәслихаттарының 30 жылдығына арналған салтанатты кешке Ақмола облыстық мәслихатының өткен және қазіргі сегізінші шақырылымының депутаттары, аудан-қала әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, еңбек ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінде мәслихаттардың жұмысының маңыздылығын атап өтіп, олардың жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан үлесіне тоқталды.

– Осы 30 жыл ішінде мыңдаған депутаттар үлкен саяси мектептен өтіп, қоғамдық пікірдің нағыз көшбасшысына айналды, туған өлкенің өзекті мәселелерін шешуге елеулі үлестерін қосты, қызу пікірталастарда өз сайлаушыларының мүдделерін қорғай білді. Сіздердің көпшілігіңіз жерлестеріңіздің жоғары сеніміне ие болып,  депутаттыққа қайта сайланғандарыңыз да кездейсоқ емес, –деді сөз барысында Марат Ахметжанов. –Жалпы, осы 30 жыл ішінде халық қалаулылары мәслихаттардың Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінің ажырамас бөлігі, қалалардың, облыстар мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал ететін үлкен қозғаушы күш екенін дәлелдей білді. Жергілікті өкілді органдардың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан Ақмола облыстық мәслихатының хатшыларын атап өткім келіп отыр. Олар Амангелді Сыздықов, Марат Қойшыбаев, Аманжол Жазин, Саят Қамзебаев және тағы да басқалары. Соның ішінде биліктің өкілетті органдарының дамуында жарқын із қалдырған және өз есімін мәслихат тарихына енгізген көптеген депутаттарды да атап өткен жөн. Олар – Ибрагим Жанғоразов, Иван Сауэр, Бақыт Шамиғанов, Серік Аяғанов, Уәлихан Арипов, Галина Марченкова, Жабал Ерғалиев секілді белгілі тұлғалар.

Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының құрамында бүгінгі таңда үш жетекші саяси партияның – «AMANAT», «Ақжол», «Ауыл» және түрлі қызмет  салалары мен мамандықтардың өкілдері бар. Көптеген депутаттар өз ауылдары мен аудандарында жаңа жұмыс орындарын ашып, қоғамдық пікір көшбасшылары бола отырып, жергілікті тұрғындарға үлкен материалдық қолдау көрсетуде. Жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерді шешуге жәрдемдесуде.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен бүкіл депутаттық корпусқа еліміз бен облысымыз үшін ең қиын кезеңдерде үнемі қолдау көрсетіп келе жатқандары үшін алғысымды білдіремін. Биылғы жыл өте қиын болды. Бұрын-соңды болмаған қатал қысты өткердік. Елімізде соңғы алпыс жылда болмаған ең ірі су тасқыны орын алып,  Ақмола облысының бірнеше аудандары мен Көкшетау қаласы үшін нағыз сынақ болды. Халқымыздың бірлігі бізге шығындарды азайтуға және су тасқынының салдарын қысқа мерзімде жоюға мүмкіндік берді. Бұл жұмысқа біздің депутаттарымызда белсене қатысып, азық-түлікпен, қажетті тауарлармен, техникамен, қаржылай  қолдау көрсетті, –деп атап өтті облыс әкімі.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып беріп, әріптестеріне өзінің де игі тілектерін жеткізді. Сонымен бірге, өзінің құттықтау сөзінде облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов жергілікті өкілді билік органдарының демократиялық процестерді дамытудағы, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы рөліне тоқталып, депутаттардың бұрынғы құрамдарының, хатшыларының және төрағаларының мәслихаттың қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ, депутат әріптестеріне белсенді азаматтық ұстанымдары және жерлестерінің өміріне қатысқандары үшін алғысын білдірді.

Іс-шара барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, халықтың өмірін жақсартуға және өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге үлес қосқан бірқатар депутаттар «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерейтойлық медалімен, «Құрметті депутат» төсбелгісімен, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Салтанатты кеш соңы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы әртістерінің концертіне ұласты.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар