Қыс айлары орман үшін ерекше әрі күрделі кезең. Табиғат тыныштықта дем алып, аяздың қыспағымен күреседі. Ал біз, адамдар, бұл уақытта ормандарды қорғауымыз керек екенін ұмытпауымыз қажет.
Бірақ, кейде ағаштарды кесу үшін орманға шығып, табиғатты ауыр жағдайға ұшыратып жатамыз. Мұндай әрекеттер тек орманның экологиялық тепе-теңдігін бұзып қана қоймай, ауа сапасының нашарлауына, жануарлардың тіршілік ету ортасының сиреуі мен жоғалуына әкеледі. Осы орайда, орман шебері ретінде қыс мезгілінде ормандарымызды қалай қорғауға болатыны туралы өз ойыммен бөліскенді жөн көрдім.
Жаңа жыл мерекесі жақындағанда, кейбір адамдар орманнан жас шыршаны кесіп әкелуді көздейді. Бұл әрекет қылмыс болып табылады. Орманды заңсыз кесу – экологиялық қылмыс, әрі бұл тек біздің болашақ ұрпағымызға ғана емес, барша табиғатқа зиянын тигізеді. Әрбір ағаш – ауа мен тіршіліктің көзі деп жатамыз. Ал, олардың жыл сайын ұрлануы болашақта орманның жойылуына әкеліп соғуы мүмкін.
Қыста орманның атмосферасы өзгереді, яғни, аязды күндері ағаштар мен бұталар мұзға толып, кейде олар сынғыш болып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда орманда жүру өте қауіпті. Бұтақтар мен ағаштар күшті жел мен аязға төтеп бере алмай, опырылып түсуі мүмкін. Сондықтан, орманда аязды күндері серуендеуден аулақ болған дұрыс.
Қыс мезгілі ормандар үшін ең қауіпті кезеңдердің бірі болып табылады. Бұл уақытта орманның флорасы мен фаунасы қатты күйзеліске ұшырайды, сондықтан, табиғатқа зиян келтірмеу үшін әрқайсымыз қолымыздан келгенше әрекет етуіміз керек. Ормандағы жануарлар да бұл мезгілде тіршілігін жалғастыру үшін бар күшін салып күреседі, демек, оларға да қол ұшын беру біздің азаматтық борышымыз.
Қорытындылай келсек, табиғат – біздің ортақ қазынамыз. Орманды қорғау, ағаштарды кеспей, қайта молайту, аман сақтау, орманда қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрқайсымыз үшін маңызды міндет. Әрбір ағашты қорғап, қыстың қатал күндерінде табиғатты түсіну, оны қадірлеу арқылы біз болашақ ұрпаққа таза әрі әдемі ортаны қалдыра аламыз. Осыны әрқашан естен шығармасақ екен дегіміз келеді.
Жасқайрат СЕРКЕНОВ,
«Қыпшақ» орман шаруашылығының шебері.