Тайландтың мәдени орталығы Чиангмай қаласында ағымдағы жылдың 28 қарашасынан 12 желтоқсанына дейін ASBC элиталық спортшылары арасында бокстан Азия чемпионаты өтті.
Бұл құрлық біріншілігі ерлер арасында 13, әйелдер арасында 12 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылды. Қазақстан ерлер құрамасының сапында бұл жарысқа 13 боксшы қатысты. Олардың қатарында Ақмола облысынан Оразбек Асылқұлов 57 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жерлесіміз үшін бұл дода алғашқы ресми жарыс болып есептеледі.
Біздің спортшымыз жалпы, 4 жекпе-жек өткізіп, оның алғашқысында Малайзия өкілі Мохамад Зүльхайнды екінші раундта-ақ ұтып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Екінші жекпе-жегінде Тайланд өкілін жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Сөйтіп, Моңғолия боксшысы Гантумур Лундаамен жұдырықтасып, ақтық сынға сүрінбей өтті. Дегенмен, финалдық бәсекеде өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловке жол беріп алды. Тартысты жекпе-жектің алғашқы раунды отандасымыздың пайдасына шешілгенімен, қалған кезеңдерде қарсыласы басым түсті.
Осылайша, Оразбек бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Биыл шаршы алаңда өзін жақсы қырынан көрсеткен жерлесімізге алда тек жеңіс тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.