ҮКІЛІ ҮМІТ
Бала кезімнен ән шырқауды жаным сүйетін мен 2015 жылы облыс орталығындағы балалар шығармашылық үйіне қадам бастым. Сол сәттен бастап, менің вокалға деген сүйіспеншілігім мен өнерге деген талпынысым арта түсті.
Өнер айдында жүзіп, қанат қағу, үлкен сахнада тұрып ән айту, әнші болу– менің арманым еді. Шығармашылық үйіне келгенде мені Әридаш Жарасбайқызы Хамзина мен Сабырлы Әлібекұлы Болатов есімді тәжірибелі ұстаздарым – жетекшілерім жылы шыраймен қарсы алып, ән шырқаудың қыр-сырына бойлатты, әнді орындауды үйретті, әуесқой әншілігімді кәсіби деңгейге көтерді.
«Болашақ» сарайы ашылған кезде, балалар шығармашылық орталығы сонда ауысып, мен оның алғашқы тәрбиеленушілерінің бірі болдым. Бұл сарай бүгінде шығармашылық жолына қадам басқан оқушылар мен жасөспірімдерді өнерге баулыса, ғылым-білімге ден қойған жас өренге бағыт-бағдар беруші ірі орталыққа айналуда. Мұнда мен өнерімді шыңдап, вокалдан өз биігімді бағындыру жолында музыкалық байқауларға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Жетекшілерімнің бағыт-бағдарының арқасында бірнеше өнер додасында бақ сынап, жүлделі орындарға қол жеткіздім. Ең алғаш рет «Сәлем, Астана!» байқауына барып, жүлделі 1-орынды жеңіп алғанда төбем көкке жеткендей қуанғаным рас. Кейін «Astana grand prix» байқауында Бас жүлдені иеленіп, ата-анамды, жетекшілерімді қуанттым. Осылайша, халықаралық байқауларға қатысуға қызығушылығым оянып, Итальяндық «Capriccio», «Euro Stars», Өзбекстанда өткен «Tashkent grand festival» байқауларында өз өнерімді көрсетіп, жүлделі 2-орындардан көріндім. Ресейде өткен «Ты Ярче Всех!» байқауында 1-орынға ие болып, лауреат атандым. «Күншуақ» байқауынан да Бас жүлде иегері атандым. Бұл жетістіктерімнің барлығы мені шәкіртім деп өнерге баулыған ұстаздарымның, әркез маған қолдау білдіріп, қолпаштап жүретін ата-анамның арқасы деп білемін.
«Болашақ» сарайы маған өнер мен шығармашылықты дамыту үшін үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, өзімді жаңа қырларымнан тануға көмектесті. Мұнда мен тек өнермен шектелмей, белсенді қоғамдық-мәдени өмірге араласудамын. Биыл мен «Болашақ сарайының үздік белсенді қатысушысы» сыйлығына үміткер атандым, бұл мен үшін үлкен мәртебе.
Мен «Болашақ» сарайы секілді орталықтардың балалардың дамуы мен шығармашылығына қосатын үлесін жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, өнерім арқылы көпшілікті қуанта бергім келеді. Ал, жоғарыда аталған сыйлықтың жеңімпазы атану – алға ұмтылуыма қосымша шабыт береді деп сенемін.
Сөз соңында, қатарластарыма айтарым, болашаққа нық қадам басып, өз арманымызды жүзеге асырайық!
Раушан ЕРҒАЛИ,
«Болашақ» сарайының шәкірті.
Көкшетау қаласы.