Бозайғыр ауылында осы заманғы диеталық және профилактикалық тағам өнімдерін өндіретін жаңа зауыт ашылды.
Жаңа өндіріс орны «HealthInvest» серіктестігінің жетекшілігімен іске қосылды, оның басты өнімі – «Hormesis» (Хормезис) брендімен шығарылатын энергетикалық гель. Бұл өнім Қазақстандағы денсаулық сақтау және тамақтану саласында жаңа белестерді бағындыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Өндірістің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Сағындық Шабаров қатысты. Ол жиналғандарды жаңа зауыттың ашылуымен құттықтап, жастарды еліміздің дамуына белсенді үлес қосуға шақырды. Әкімнің айтуынша, мұндай өндіріс орындары жергілікті экономиканың өркендеуіне септігін тигізіп қана қоймай, халықтың денсаулығына да елеулі әсер ететін болады. Ол сондай-ақ, аудан тұрғындарының жастарды елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналуына тілектестігін білдірді.
Зауыт «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының гранттық қаржыландыруы және жеке инвестициялар есебінен іске қосылды. Өндіріс алаңы 500 текше метрден астам аумақты қамтиды, мұнда өндірістік цех, зертхана және қызметкерлерге арналған шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар орналасқан.
Заманауи технологиялар мен жабдықтар жоғары тиімділік пен өнім сапасын қамтамасыз етеді. Осының арқасында жаңа өндірісте жылына 1 200 000 қаптама өнім шығаруға мүмкіндік бар.
«Hormesis» гелі денсаулықты нығайту және профилактикалық мақсатта қолдануға арналған өнімдердің бірі болып табылады. Ол қазақстандық стандарттарға толық сәйкес келеді. Өнім Қазақ тағамтану академиясында сараптамадан және зертханалық сынақтардан өткен, сонымен қатар, барлық қажетті сертификаттарға ие.
Бұл өнімнің мақсаты халықтың жалпы денсаулығын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыру, сонымен қатар, дене шынықтырумен айналысатын адамдарға энергияны үнемді түрде жұмсауға көмектесу болып табылады.
Жаңа зауыттың ашылуы өңір экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етуде маңызды қадам болып отыр. Алдағы уақытта «HealthInvest» ЖШС диеталық және профилактикалық тамақ өнімдерін шығару аясын кеңейтіп, өз өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында одан әрі де жаңа технологияларды енгізуге күш салмақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Шортанды ауданы.