Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бейбіт өмір, бірлікпен - АРҚА АЖАРЫ

Бейбіт өмір, бірлікпен

I
Қазақтың қатпар тарихын,
Таразылап заманды,
Ақтармай-ақ танитын,
Болжамға тіреп шамамды.
Қисынын тапса қамтитын,
Қолыма алдым қаламды.

Өмірге келдім сұрапыл,
Сұрқылтай ызғар өтінде.
Көңілде қалған сұмдық бұл,
Дегендей әлі өкінбе…
Алдыңда талай сынақ тұр,
Ғаламның жанған өртінде.

Бұл сонау жылдар жер ауған,
Аштық пен қуғын арпалыс.
Көздерді қан мен жас жуған,
Аласапыран ат шабыс.
Ата мекен, бір туған,
Артта қалып, зар, қарғыс.

Түсіндім сонда жалғанның,
Алдамшы түлкі әмірін.
Байқадым басты шалғанның,
Бодандық бұғау қыл кәрін.
Қатардан сусып қалғанның,
Еркіндік, теңдік қадірін.

Заманнан залым кертартпа,
Дін, тіліміз құлдырап.
Саясат сайқал тартты артқа,
Алды артымыз бұлдырап.
Пұшайман болдық жат-жұртқа,
Таңымыз атпай тұнжырап.

Тұрғанда мең-зең тұралап,
Желтоқсанның желі есті.
Өлмейтін рух бұлаңдап,
Көрсетті көзге елесті.
Өр мінез жастар ұрандап,
Шайқалтты шарпып Кеңесті.
Мойынға салған құрығы,
Өліммен өмір таласып.
Ұзаққа жетпей ғұмыры,
Мұрттай ұшты бел асып.
Өзімен кетті қылығы,
Керегі қанша, бал ашып.

II
Атты ғой таңым арайлап,
Шапағы нұрға бөлеген.
Ғасырлар бойы армандап,
Бабалар аңсап көреген.
Батырлар рухы атойлап,
Мезгеген биік өреден.

Тәуелсіз елдің таңымен,
Түрленді далам, қалам да.
Жер жаһан терең таныммен,
Тебірене жар сап ғаламға.
Бас тарттық тұңғыш наныммен,
Атомнан апарар залалға.
Бейбіт өмір, бірлікпен,
Ұранымыз ту бастан.
Алға өрлеп ерлікпен,
Ұлы істерге ұласқан.
Тереземіз теңдікпен,
Теңесіп талмай жарасқан.

Ұлы Дала – өр кейіп,
Сарыарқам самсап түрленді.
Ерке Есіл бойы көркейіп,
Орман, тоғай бүрленді.
Табиғат тылсым бас иіп,
Сары бел сайын гүлденді.

Ажары айдай Астана,
Ордасы өнер тасыған.
Өңірдің сәні жас қала,
Абыройын елдің асырған.
Болашақ алып бас қала,
Қаланған іргең асылдан.

Қайнаған еңбек айнала,
Ақорда шамы жайнаған.
Отыр ғой онда ғұлама,
Халқының қамын ойлаған.
Нұрсұлтан қарап қияға,
Алысты болжап бойлаған.

Көтеріп елдің еңсесін,
Көшбасшым көсем ұлтына.
Қайтарып кеткен есесін,
Дем берді дәстүр, ғұрпына,
Беліне тағып кісесін,
Қазағым өрге ұмтыла.

Дендедік бекем өмірге,
Бал тілім, дінім түледі.
Шат сезім ұялап көңілге,
Толағай табыс тіледі.
Жайғасты елдің төріне,
Киелі ұлттың тірегі.

Қайда барсам жол ашық,
Төрткүл дүние бұрышы.
Тайбурылдай жарысып,
Тақымның қанды құрышы.
Діттеген жерге қыр асып,
Жетті ғой көлік құрылысы.

Қарыштап алға Отаным,
Бақ құсы қонып басына,
Ырысқа толды қотаным,
Береке беріп асына.
Қара алтынды қотардың,
Байлықтың қорын асыра.

Көкке жетті асқақтап,
Тәубе дейік төбеміз.
Емеспіз әсте жалтақтап,
Әлемді бірдей көреміз.
Тізгінін тартып, тең бастап,
Тақта отыр ғой төреміз.

Ерлікпен егіз жүрегі,
Еңбектен тауып бақытын.
Түрілген халқым білегі,
Бағалап қымбат уақытын.
Ел бірлігін біледі,
Арттырған қоғам қуатын.

Қазақтың атын паш еткен,
Қастерлеп бас иерім.
Сен үшін халқым қан төккен,
Арманым адал сүйерім.
Тәуелсіздік киелім,
Мәңгі болғай тілегім!

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
Еңбекшілдер ауданының
құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар