Әдеби кеш
Біздің кітапхана жуырда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына арналған «Поэзия падишасы» атты әдеби кеш ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат – қазақтың аяулы ақын қызының шығармаларын дәріптеу. Іс-шараға №7 орта мектептің 9″А» сынып оқушылары қатысты. Зарифа Тамаева, Наргиз Шәкиева, Алина Закариянова, Іңкәр Сатыбалдинова, Аяулым Тасыханқызы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, «Шаңырақ» клубының мүшелері ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы қамтылған бейнебаян көрсетілді. Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын Серік Жетпісқалиев өз сөзінде мектептің жемісті ынтымақтастығы балаларды тәрбиелеуде табысқа жетудің маңызды шарты болып табылатынын атап өтіп, оқушыларға әдеби кешке белсенді қатысқандары үшін ризашылығын білдірді.
Іс-шараның барлық қатысушылары Алғыс хаттармен марапатталды. «Шаңырақ» клубының жетекшісі Аманкелді Тошкен мектепке және кітапхана ұжымына әсерлі кеш үшін өз алғысын білдірді. Көрнекті ақын Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» акциясын өткізудің бастамашыларының бірі және оның ұйымдастыру комитетінің төрайымы да болғаны белгілі.
Фариза Оңғарсынованың кітаптары біздің кітапханада да міндетті түрде өзінің жаңа оқырмандарын табады, өйткені, оның поэзиясы барлық уақытта да шынайы.
Райхан ТҰРЛЫБЕКОВА,
Станционный үлгілі кітапханасының кітапханашысы.
Көкшетау қаласы.