Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Табиғи өнім – тұтынушы талабы - АРҚА АЖАРЫ

Табиғи өнім – тұтынушы талабы

Отандық өндіріс

«Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұтынушыларды табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп отырған, өңірдегі сүт өңдеушілердің арасында көш басында келе жатқан ұжым.

Тұтынушылардың көбі сауда сөрелерінде тұрған сүт өнімдеріне күмәнмен қарайды. Көпшіліктің іздейтіні адам ағзасына залалы жоқ, таза табиғи өнім. Өңір ірі қара малдан кенде болмаса да, облыс орталығындағы сауда сөрелерінде алыс-жақын шет елдерден, өзге өңірлерден жеткізілген сүт сыңсып тұр. Егер сүт неден жасалады деп сұрасаңыз, өрескелдеу болуы мүмкін. Шынтуайтында-ақ тұтынушы дастарханынан ырыздық болып жеткенінше, сан алуан өңдеуден өтеді. Мамандардың айтуына қарағанда, кейбір өндірушілер сумен сұйылтып, майдың мөлшерін арттыру үшін өсімдік майларын да қолдануы мүмкін. Сирек кездескенімен, бар дүние. Ал, «Milk Project» серіктестігі тек табиғи өнімді пайдаланады. Сауда сөрелеріне жеткенше тазалық көздің қарашығындай сақталған. Бірінші қабылдау пункттерінде мейлінше ыждаһаттылықпен тексеріліп барып, заманауи құрылғылар арқылы салқындатылып, тазартылады. Зауыттың өзі экологиялық таза аймақта орналасқандықтан, әрі өз өнімінің сапасына барынша жауапкершілікпен қарағандықтан, ең кірпияз тұтынушының өзі мін таба алмас еді. Зауыт өнімдері сүт өндіру саласындағы өзгеден оқ бойы алда тұрған жаңа технология арқылы өңделеді. Бұл орайда, ғылыми-инновациялық шешімдердің оң әсер етіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Ақ құрамындағы күмәнді бактериялардың барлығы жойылып, табиғи таза сүт мінсіз күйге түседі. Дегенмен, оның құрамында дәрумендер мен микроэлементтер сақталып қалады. Ал, консерванттар мүлдем жоқ. Осылайша, зауыт табиғи таза өнімді ақ дастарханға жеткізгенше барлық талаптарды сақтайды.

– Тұтынушыға адал ас ұсыну басты парызымыз, – дейді зауыт директоры Әсемгүл Әшімова, – қазір халық денсаулық мәселесіне айрықша мән береді. Сондықтан, өнім сапасына деген талғам күшті. Біз өз абыройымызды сақтау әрі халқымыздың денсаулығын ойлау арқылы бүгінгі биігімізге жетіп отырмыз. Біздің өнімдеріміз еліміздің солтүстігінен бастап, шығысқа, батысқа жеткізілуде.

Зауыт жұмысымен  танысқан кезімізде мұнда осы заманғы швед құрылғылары орнатылғанын көрдік. Айтпақшы, сүт өнімдерінің сапасы оның қапталуына да қатысты екен. Бұл орайда да зауыттың барлық талаптарға сай келетін заманауи құрылғыларды пайдаланатынына көз жеткіздік. Сүт орамында май мен ақуыздың нақты мөлшері көрсетіледі. Зауыт шикізатты Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының тауарлы-сүт фермаларынан  сатып алады. Күніне 60-70 тонна сүт өңдейді. Сүт, сүт сусындары, қаймақ, ірімшік, айран, сарымай, балқытылған сыр тәрізді өнімнің бірнеше түрін дайындайды.

Малсақ қауымның сүтін жинау жағы ғана баяу. Себебі, сапасы күмәнді. Жинап көріпті. Сүтте жағымсыз иіс болғандықтан, ауыл тұрғындарының еңсесін көтеретін табыс көзіне қарайласа алмай отыр. Ұйымдасқан тауарлы-сүт фермаларында сапаға мән беру әлдеқайда жақсы. Өз өнімдерінің мінсіз болуын көздегендіктен, серіктестік бұл тарапта әліптің артын бағуда. Ол үшін әрине, кінәлауға болмас.

Өңір астананы азық-түлікпен қамту белдеуінде болғандықтан ортақ іске қомақты үлес қосуда. Астана тұрғындары ғана емес, мегаполистің іргелес аудандары да қамтылған. Ауыз екі тілде Садовый сүт зауытының өнімдері деген бейресми атаққа ие сүт өнімдерінің бүгінгі күні еш күмән тудырмайды.

Кез-келген сүт өңдеушілер үшін ең үлкен мәселе шикізат. Зауыт бұл сұрақтың да шешімін тапқан. Өздерінің мал фермалары бар. Қолдан ұрықтандыру арқылы жұмыс істейтіндіктен, өзге тауарлы-сүт фермаларының сиырлары суалған уақытта өздерінің сүті бұлақтай сиырлары сауылып тұрады. Бұл жайды басқаларға мысал болуы үшін жазып отырмыз.

Облыс орталығының іргесінде орналасқан кәсіпорын жұмысшыға зәру емес. Себеп, орташа айлық табыс 350 мың теңгенің төңірегінде. Негізінен, Садовый ауылының тұрғындары жұмыс істейді. Ал, Көкшетау қаласынан келіп қатынап істейтін адамдар зауыт көлігімен тасымалданады. Түскі, кешкі асы тегін. Әр жұмысшының отбасындағы адамдарға шақтап, сүт өнімдерін тегін береді. Әр жыл сайын ауылдағы білім ошағына қамқорлық қолын созу дәстүрге айналған. Биыл да 10 оқушыны мектепке дайындапты. Қарттар күні, Наурыз мерекесі тәрізді жалпыхалықтық шаралардан шет қалып көрген емес. Күре жолдан сәл қағыс жатқан ауылдағы бір мәселе, ұзындығы 1235 метр болатын жолды жөндеу еді. Тұрмыстық-әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігі тиіп отырған серіктестік жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға қаражат бөлген. Жөндеу жұмысы жүргізілген кезде есепке енбей қалған жол бөлігін өз күшімен жөндеп берген. Қыс бойы ауылдың ішін, күре жолдың бойын іргедегі Елікті елді мекеніне дейін қардан тазалау өз мойындарында. Абаттандыру, көгалдандыру мәселесіне де жауапкершілікпен қарап отыр. Таяуда ауылдағы мешітке 3 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіпті.

Аудан бюджетіне өндірілген өнімнің көлеміне сәйкес қомақты салық төлеумен қатар, зауыт орналасқан елді мекеннің ажарына айтарлықтай үлес қосып, тұтынушыларды таза, табиғи өніммен қамтамасыз етіп отырған серіктестіктің жұмысы өнік. Ең бастысы, ел ырыздығы талапқа сай. Ал, табиғи таза өнім бүгінгі тұтынушының ең басты талабы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар