Облысымызда депутаттардың халық алдындағы есеп беру кездесулері бастау алды. Осындай кездесулердің алғашқыларының бірі Зеренді ауданында болып өтті.Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес депутаттар жылына кемінде бір рет өзінің депутаттық қызметі туралы халық алдында есеп беруге тиіс.
–Бұл есептер депутаттардың өткен жылғы қызметі мен қол жеткізген нәтижелері және жыл бойғы негізгі бастамалары туралы маңызды ақпарат береді. Бұл біз үшін, жергілікті қоғамдастық және өкілді орган үшін маңызды сәт, – деп атап өтті бірқатар аудандардың ауыл тұрғындарымен кездесулерінде Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов.
Зеренді ауданы Шағалалы ауылының тұрғындары алдында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша бекітілген іс-шаралардың орындалуы жөнінде партияның Зеренді аумақтық филиалының атқарушы хатшысы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Ауғалиев есеп берді.
–Ауданымыздың 13 бастауыш партия ұйымында 1960 партия мүшесі тіркелген, оның ішінде жұмыс атқаратындар саны 1410 адамды құрайды. Жалпы зейнеткерлер саны 310, жұмыссыздар 145, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар 19, бала күтіміндегілер саны 76, – деді сөз алған депутат Қайрат Ауғалиев. –Бастауыш партия ұйымдары халық арасында партиялық жобаларды кеңінен насихаттау және партияның игі істердегі үлесін одан әрі арттыру бойынша партия башылығының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударады.
«Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» партия жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы шенберінде 15 балаға жалпы соммасы 660 000 теңгеден астам көмек көрсетілді.
«Жер Аманаты» партиялық жобасы бойынша 4 мың гектар игерілмеген жерлер қайтарылды, сөйтіп, жоспар толық орындалды. «AMANAT» партиясы аумақтық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлімі халықпен жұмыс істеудің тиімді түрі болып табылады. Жалпы, қоғамдық қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері 386 өтініш түссе, оның 264-ші шешімін тапты.
Зеренді аудандық филиалы «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» партиялық жобаларын іске асыруда. Жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша оқыту жоспары толық орындалды, яғни, 400 адамды оқыту жоспарланса, 423 адам оқытылды. Жалпы, аудан депутаттары мекемелерге 53 сауал жолдады. Олардың негізгі бөлігі елді мекендерді абаттандыру, инфрақұрылымын жақсартуға қатысты болып келеді.
«AMANAT» партиясының мүшелері және аудандық мәслихат депутаттары ауданда сауда нысандарын, су, жылу құбырларын тексеріп, бақылау жүргізуде. Зеренді аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшелері аудан тұрғындарынан келіп түскен өтініштерді орындау бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, халықпен кездесулер өткізіледі.
Депутаттық фракция мүшелері партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы шараларының орындалуын бақылауды да жүзеге асыруда. Өткен жылы ауданда Жол картасы бойынша 84 іс-шара көзделсе, бүгінгі таңда оның 77-сі орындалды.
Зеренді ауданы өзен көлдерге бай, табиғаты сұлу мекен екендігі белгілі. Осы әдемі табиғатты сақтап қалу мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Бастауыш партия ұйымдары, депутаттар мен мемлекеттік мекемелер, ауыл тұрғындары бұл іс-шараларға белсене қатысады.
Депутаттың айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстарға фракция мүшелері де ат салысып, әр ауылдың халқымен бірге тығыз жұмыс атқарды. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «Судағы қауіпсіздік» акциясына қатысып, балалардың жазғы лагерьлердегі қауіпсіздігі мен демалысын ұйымдастыру барысына мониторингтер жүргізді.
Зеренді ауданының орталық қазандықтарының 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындығы жайлы мәселе де күн тәртібінен түскен жоқ, – деді өз есебінде Қайрат Ауғалиев.
Депутат алдағы уақытта да партияның беделі мен қызметін нығайту мақсатында партия жұмысын жандандыруға күш салатынына сендірді. Іс-шарада 2024 жылы 8 партиялық саяси кеңес бюросы, 9 партиялық бақылау комиссиясы, 8 депутаттық фракция отырыстары өткізілгені де атап көрсетілді.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.