Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қызым саған айтам, келінім сен тыңда - АРҚА АЖАРЫ

Қызым саған айтам, келінім сен тыңда

Облыс әкімінің қолдауымен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанынан Аналар кеңесі құрылған еді. Аталған кеңес жұмысын үйлестіру міндеті маған жүктеліп, міне, жылға жуық уақыттың ішінде ертеңгі бір үйдің анасы – қыз балаларға тәлім-тәрбие беру бағытында бірқатар шаралар атқардық.

Кеңес мүшелерінің санатында этно-мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер және зейнет жасына жеткен ақ жаулықты әжелер бар. Жуырда Достық үйінің ашылу салтанатында Елбасы жастардың тәрбиесіне көп көңіл бөлу қажеттігін айтып,  бізге осы бағытта нақты шараларды қолға алуды тапсырған еді. Аналар кеңесі осы тұжырымды өз жұмысының темірқазығы ретінде ұстанады. Мемлекет басшысының: «Әйел – ошағымыздың ұйытқысы, Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі. Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз де түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді», − деген сөзі де Аналар кеңесі мүшелерінің басты ұстанымы.
Жалпы,  осындай ұйымды құру жайындағы ой қайдан туды дегенге келер болсақ, оған бірқатар ішкі-сыртқы факторлардың әсер еткен жайы бар. Себебі, жаһандану дәуірінде заманына сай болуды көздеген қоғам өзгеріп, ұлттық құндылықтардан алшақтап барады. Қазір аналар балаға бесік жырын, ал әжелер ертегі айтудан қалды. Ал, оны естімей өскен ұрпақтың ұлттық рухы қайдан биік болсын? Қиындықтарға төзбей, бірден ажырасуға әзір тұратын жастардың да көбейгені бізді қынжылтады. Келіндерімен сыйыспай, қарттар үйіндегілердің санын көбейтіп жатқан қариялар тағы бар. Баласын тастаған аналар мен жеңіл жүріске салынғандар да қазіргі қоғамда қыз бала тәрбиесінің ақсап жатқандығын көрсетсе керек.
Қазақ қашанда қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелеуге болады деп есептеп, бұрымдылардың тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Онымен әрине, аналар айналысқан. Біз де осы істі қолға алдық. Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және облыстық ассамблеяның қолдауымен «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында терең мазмұндағы кеш өткіздік.  Оған Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының басшысы Айнұр Әбдірәсілқызы шақырылып, бойжеткендерге ой салардай мәнді де мағыналы баяндама жасады.
Осы орайда, мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, Аналар кеңесінің бірінші республикалық форумын өткізгендігін айта кетейін. Мен аталған шараға қатысып, сөз сөйлеген едім. Осы жиында барлық облыстарда аналар мен енелер мектептерін құру қажеттігін айттым.  Бұл да ақ жаулықты аналарымыз бен үлгілі енелеріміздің жастарға өз білген-түйгендері, өмірден тоқығандарын үйретсін деген ой ғой. Ал, қазіргі таңда нақты атқарылып жатқан тірліктерге тоқталар болсақ, біз Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі «Қыз Жібек» клубы мен №18 орта мектептегі осындай филиалға жетекшілік жасап отырмыз. Алдағы уақытта облыстағы бала бақшалар, мектептер, орта және кәсіптік білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарын түгел қамтысақ па дейміз. Тек осылайша ғана, біз        жастармен жұмыста нақтылыққа ие бола алар едік.
Қалай десек те, біз жастардың санасында Қазақстан халқының рухани-мәдени бірегейлігі ұғымын қалыптастыру және соған тәрбиелеу, этносаралық келісімді, толеранттылық қарым-қатынасты насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды нығайту, кейінгі буын өкілдері арасында кездесетін жат мінез-құлықтарды болдырмау тетіктерін қарастырып, оларды аға буынға құрметпен қарауға тәрбиелеу және ең бастысы, отбасы құндылықтарын насихаттауды көздейміз. Бұл бағытта қыз балалармен сырласу, пікірлесу, талдауларды, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыруды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз. Мұның барлығы да қыздарымыз тамырдан ажырамай ертеңгі ұлтқа ана болар үлгілі жанға айналса екен деген ізгі ниеттен туындап отыр.

Зере ҚИЫҚОВА,
Қазақстан халқы Ақмола
 ассамблеясы жанындағы
Аналар кеңесінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар