Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Биігінде қалған бейне - АРҚА АЖАРЫ

Биігінде қалған бейне

Бағзы заманда өмірдің өкпек желіне тоңған қамкөңіл қариялар жарық дүниеде «қанаты бүтін сұңқар, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» деп көкіректері қарс айырылып, күрсінеді екен.

Шынында да әркімнің жан дүниесінде бір нәзік мұңның болуы әбден мүмкін-ау. Менің де кей кезде өзегімді өртер өкінішім, кей кезде тәубе айтар сәтім бар. Ел қатарлы ғұмыр кешіп жүргенде жан жарым Серік Кәрібайұлының да көкірегінде әдемі бір арман болушы еді. Ол арман өз әкесі Кәрібай Ыбыраевтың өмірге келгеніне 100 жыл толуын атап өту болатын. Демек, Серіктің де жан дүниесінде әкеге деген ыстық махаббаттың, өлшеусіз құрметтің болғандығы даусыз. Тіршіліктің ащылы-тұщылы дәмін татып көрген адам ретінде кейінгі жастарға әкені сыйлаңдар деп ақыл айтар едім. Әке шын мәнінде бауыр етінен жаралған перзенті үшін асқар тау, өміршең үлгі, өшпес өнеге. Серіктің әкесі де құрметтеуге лайық адам болатын. Көзімен көргендер үшін, тылда ауыртпалығын сезінгендер үшін күні кешегідей көрінетін қан-қасап майданда, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жауынгер зұлым жаумен Панфилов дивизиясының құрамында шайқасқан екен. Соғыстың сұрапыл сұмдығы өз алдына, одан кейінгі өмір де ажал оғы жауып тұрмағанымен, соған пара-пар, жетеғабыл тіршілік. Яғни, соғыс кезінде омыртқасы опырылып, қабырғасы қаусаған халық шаруашылығын ретке келтіру, ашынған елдің бүйірін шығарып, тоғайту, қиюы қашқан істі оң жолға қою. Серіктің әкесі Кәрібай атамыз бойындағы ауыр жара тәнін сыздатқанына қарамастан, еңбек етті. Жантайып жатып алған жоқ. Жанын сала жұмыс істеген жұрттың ұйытқысы болды. Зеренді ауданына қарасты Қарлыкөл ауылында партия ұйымының хатшысы, колхоз басқармасы болды. Жан жарасы уақыт дейтін құдіретті емшінің арқасында жазылған шығар, ал, тән жарасы қанша уақыт өтсе де жазыла қоймайды екен ғой, 1971 жылы өмірден озды.
Менің жан жарым Серік Кәрібайұлы әкесін, жалғыз өз әкесі ғана емес, аға буын өкілдерін жаны-құты қалмай сыйлаумен, құрметтеумен ғұмыр кешті. Аналарды да, әжелерді де дәл солай сыйлайтын. Өйткені, асқар тау әке қайтпас сапарға аттанғаннан кейін, Серіктің соңынан ерген інілері мен қарындастарының бар бейнеті анасы Балғын әжейдің мойнына түсті. Әрине, тіршіліктің зілмауыр салмағын жас та болса Серік те көтерісті. Сол уақыттағы аналардың белшесінен бейнет кешіп жүрсе де, ұрпағы үшін қандай азапқа болсын шыдайтындығын өз көзімен көрді. Бәлкім, Серіктің бүкіл ғұмыр бойы адал жүріп, адал тұруы, шындықты ғана көксеуі осы жан дүниесі таңғы шықтай мөлдіреген аналар мен әжелерден жұққан шығар. Қайырымдылық дейтін ғажап қасиет сол жоқ-жітік кезде бір уыс бидайымен бөліскен, бір тостаған сүтімен бөліскен кеңпейіл адамдардың өмірдегі іс-әрекеті арқылы көкірегінде байланып қалған шығар. Өйткені, зейінді адам өмірде өзі көрген ұлағатты істерінің бәрін өз бойына сіңіріп, үлгі етері сөзсіз. Менің Серігім де өзі туып-өскен өлкеге перзенті ретінде еңбегін сіңіре жүріп, оның гүлденіп, нұрлануын, көркейіп қанат жаюын аңсаушы еді. Біз бүгін кейінгі жастарға осындай адами қасиеттерді айтып, насихаттауымыз керек шығар. Өйткені, қоғамның тасбауырланбай, ізгілене түсуі үшін жаны жомарт, жүрегі жайсаң аға буынның ізгілік ізеті мен бусанған тіршілігін өнеге етсең ғана жақсылық болып өріледі. Көз ұшындағы биіктігімен мұнартқан асқар тауға еңістегі пенде де бой түзегісі келмей ме. Бәлкім, адамның адамға қарап бой түзеуі, биіктікті, яки кісілікті аңсағандықтан шығар.
Менің Серігім жан дүниесі әдемі ән болып есіп, әдемі ән болып шалқып тұратын рухани аса бай адам еді. Қат-қабат жұмыстың арасында қолы бір сәт босап кетсе, домбырасын алып, ән салатын. Көркем әдебиеттерді көп оқитын. Асылында ән адамның көкірегіндегі көлеңкелі сәтті серпіп, шұғыласын төгетін құдірет қой. Сол шұғыламен нұрланып, отбасындағы перзенттеріне де әкелік мейірін төгіп отыратын. Сол Серігімді мен бүгін сағынып жүрмін. Артында бар оңалар демей ме. Немерелері де ата жолын қуып, желкілдеп өсіп келе жатқандығы көңілге демеу. Тұңғыш немереміз Элмира Беларусь Республикасындағы медицина университетіне түсті. Дәрия, Рахым, Ерғали есімді немерелері оқуларын жақсы оқып, аталары тәрізді шахмат ойнап жүр. Серіктің өзі де немерелерінің жан-жақты болып өсуін үнемі қадағалап отыратын. Зарина есімді немереміз суда жүзумен айналысады.
Тіршілік тау баурайынан тармақталып, бұлықсып, құлдилап аққан тас бұлақ. Тас бұлақтың суы сарқылып, қай жерде тоқтары жаратқанның бұйрығы. Тағдыр дейді ғой. Мынау жарық дүниеде мағыналы да мазмұнды ғұмыр кешкен, өзінің адал көңілі, адал пейілінің арқасында елінің ардақты азаматы атанған менің жарым, Көкшенің жайсаң бір ұлы Серік Ыбыраевтың да өмірден өткеніне екі жылға таяп қалды. Бір кезде өзі сүйіп оқитын облыстық «Арқа ажары» газеті арқылы адал жарға деген сағынышты жаза отырып, оның өмірі кейінгі жастарға үлгі болсыншы деген титімдей ойымды жеткізгім келді.

Күлмаш ЫБЫРАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар