Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұндай азаматтар көп емес - АРҚА АЖАРЫ

Мұндай азаматтар көп емес

Адамгершілігі мен парасаттылығы кім-кімді болсын сүйсіндіретін,  азаматтығы бір төбе жақсы адамдардан қашанда бір жылылық лебі сезіліп тұрады. Біз білетін Секең – Серік Боранбайұлы Ахметов өзінің қысқа ғұмырында осындай  асыл қасиеттерімен ерекшеленетін жан еді.

 

Серікпен алғаш рет Еңбекшілдер ауданының бұрынғы Жаңа ауыл, қазіргі Аңғал батыр ауылында танысқан едім. Мен оның Айтболат деген ағасымен жақсы дос болдым. «Інім үйленіп жатыр, ауылда кішігірім той өткізуші едік, асаба болшы» деп, қолқа салды.  Бардым. Барсам үйленіп жатқан інісі осы Серік екен. Тым жас, әлі студент. Қолына қондырып отырған құсы Қарағандының текті елінің қызы көрінеді. Сол жолы «Серік асығыс үйленіп жатыр» деген жорамалдар да айтылды. Бұл жай сөз ғой деп, біз мән бермедік. Шынымен де, ол отбасына тәрбиелі қыз әкелді. Зәуренің ата-анасынан алған өнегелі тәрбиесіне Серікпен дос болып, араласып-құраласып жүргенде талай көз жеткіздік.
Досымның жары Зәуре оны өзінің сүйіспеншілігі мен махаббатына бөлеп қана қойған жоқ, Серікке аяулы жар, сырлас дос, балаларына ардақты ана бола білді. Секең де үйленерде берген сертіне сай алақанына салып, аялап, құрметтеп өтті. Бірге жүрген жора-жолдастарының арасында екеуінің бір-біріне деген сыйластығын көрген жұрт қызыға қарайтын, соларға қарап бой түзеп, олардан үлгі алатын.
Секең 1979 жылы Зеренді аудандық ішкі істер бөліміне тергеуші болып орналасты. Оның атқарған жұмысына тек жақсы сөздер айтылатын. Тергеушіліктен аға тергеуші, бөлім бастығы қызметіне көтерілді. Қызмет бабында өзіне талап қоя білуінен, жұмысын ұқыпты, дұрыс атқаруынан болар, беделі артып, өз ортасында сый-құрметке бөленді. Жылдар бойы ішкі істер органдарында бірқатар жауапты қызметтерді талапқа сай, абыроймен атқарды. Төрт жылдай Зерендіде жұмыс істеген соң Серікті Айыртау аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы етіп тағайындады. Одан кейін Арықбалық ауданының, кейін Көкшетау қаласының ішкі істер органдарында лауазымды қызметтерде жемісті еңбек етті.
Секең Зеренді аудандық ішкі істер бөлімін басқарып жүргенде, мен де басшылық қызметте жүргенмін. Сонда қызмет бабымен оған кіріпсөйлесейін, бір шаруаларды анықтайын деп, бөліміне қарай беттегенімде, оның кабинетінен шығып бара жатқанын көрдім. Енді мені қабылдамайтын шығар деп ойладым. Амандасып болған соң, «Шығып бара жатыр екенсіз, сізбен сөйлесейін деп едім» дедім. «Жүріңіз» деп ол бірден кабинетін қайта ашып, екеуіміз ішке кірдік. Шаруамды айтып болған соң, «Секе, түс болып қалды ғой, қабылдамайтын шығарсың деп ойлап едім» дегенімде: «мен ішкі істер бөлімінің полковнигі болсам, сен елдің полковнигісің ғой, неге қабылдамаймын» деп күлді. Мен бұдан оның адамгершілігі мен қарапайымдылығына, қызметіне адалдығына көз жеткізе түстім. Кейін тағы бір кездесіп қалғанымда одан «Секе, осы сен үлкен қызметте істейсің, бастықсың! Басқа бастықтар сияқты неге коттедж, «Джип» алмайсың?» дедім. Сонда ол маған: «Сәке, мен коттеджсіз-ақ биік үйде тұрамын, коттедждер көбіне екі қабатты, ал менің пәтерім үшінші қабатта. Машинам «Джип» болмаса да, «888» деген нөмірім одан кем емес», деп әзілдеп күлді. Не деген қанағатшылдық дерсің. Қазіргі бастықтарға, байларға  қарасаң, бірінен-бірі асқысы келіп, неше түрлі үйлер салып, көліктің соңғы үлгілерін мінгісі келеді, өздері ғана мініп қоймай, ұл-қыздарына да үлкен машина әпергіш. Ал, біз білетін Серік Ахметов «бұл дүниенікін о дүниеге әкете алмайсың» деп, барына қанағатшылдық жасап, асып-таспайтын кішіпейіл азамат еді.
Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін ішкі істер органдарын басқару қиын болды. Қылмыс көбейіп, бірталай істер ашылмай қалып жататын. Бірақ, Секең осы бір келеңсіздіктерге қарамастан, ел алдындағы жауапты қызметін зор ынтамен, асқан жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқара білді. Республика бойынша ішкі істер органдарында реформалар жүргізіліп, талай өзгерістер енгізіліп жатқан кез. Сондай өтпелі кезеңдердің бірінде, ұмытпасам 1995 жыл болуы керек, жаңадан тергеу комитеті құрылды. Сонда Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасын Серік басқарды. Бұрын оны қысқаша 6-шы басқарма деп атайтын. Бұл облыс бо-
йынша аса күрделі әрі абыройлы үлкен жауапты қызмет болатын. Кейін Секең қайтадан Көкшетау қаласына оралды. Мұнда ол Ақмола облыстық қаржы полициясы бастығының орынбасары қызметін атқарды, осы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Қарап отырсам, ол ылғи жауапты қызметтерде істеген екен. Оның басты себебі – қызметіне адалдығы, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қарамағындағы адамдармен тіл табыса білуінде.
Кісілік бір қасиеті – қандай жоғары қызметтерді атқарса да, сол қарапайым, кішіпейіл, адамгершілік  қалпынан таймайтындығын. Ешқашан кеудесін көтеріп, астамсып көрген жоқ. Тіпті, қызмет бабында жүріп, үйдегі шаруаларын ұмытып кететін, оны екінші кезекке сырып қоятын азамат еді.
Бір күні шаруамен жан жолдасы Серікбай Белгібаевтың үйіне барады. Үйдің қасында жатқан отынды көріп, «ойбай үйде отын жоқ, ала салайын, сосын бір әкеліп берермін» деп отын ала кетіпті. Осылайша қандай жоғары лауазымды қызметтерді атқарса да, жұмыс бабын үй шаруасымен араластырмайтын. Біреуге «сен менің үйіме ананы апар, мынаны әкел» деп айтпайтын, өте қарапайым, ақ көңіл жан еді деп еске алып отырады осы күнге дейін жолдастары.
Бүгінде өмірден озғанына да он жылдың да жүзі болыпты. Соңында Самат және Бауыржан есімді екі ұлы мен сүйікті қызы Сандуғашы, немерелері мен жиендері, өмірлік серігі Зәуре қалды. Осындай азамат аз ғұмыр кешсе де, аты елдің, туған-туысқандары мен дос-жарандарының, құда-жегжаттарының жадында мәңгі сақталары анық.
Сансызбай РАҚЫМОВ,
зейнеткер.
Көкшетау қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар