Көші-қон саясаты
Елімізде тарихи Отанына көшіп келіп жатқан ағайындарымызды қабылдап, олардың әлеуметтік жағдайын жасауға мемлекеттік тұрғыдан басым назар аударылуда.
Ақмола облысына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін 1 миллион 153 мың этникалық қазақ қоныс аударды. Жыл басынан бері Ақмола облысына қоныс аударған 431 этникалық қазаққа қандас мәртебесі берілген. Бұл 253 отбасы мүшелерін қамтиды. Қоныс аударушылардың дені Қытай, Моңғолия, сонымен қатар, Орталық Азия мен Ресейден келген. Жалпы, 1992 жылдан басталған қандастардың ата-бабаларының тарихи Отанына көші күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Биыл ата қонысқа оралған этникалық қазақтар облыстың 9 өңіріне тұрақтапты. Олардың дені Аршалы, Шортанды, Ерейментау аудандары мен Көкшетау қаласында шоғырланған. Облысқа қоныс аударған қандастардың жалпы санының ішінен 113 адам жұмысқа жарамды жаста көрінеді.
– Биыл Ақмола облысы бойынша 325 адамға квота бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 215 қандасқа квота берілді. Өңірлік квотаға іліккендердің 113-і еңбекке жарамды азаматтар. Олардың 46-сы жұмысқа орналастырылса, біреуі жеке кәсіпкер. Сонымен қатар, 14 әйел бала күтіміне байланысты демалыста отыр және 9 адам жұмыс іздеп жүр. Квота алушылардың 15-і студент. Ал, қалған 26 адам өзін-өзі еңбекпен қамтып отыр, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұхамедин.
Жыл басынан бері еңбекпен қамту орталығының мамандары 120-дан астам қандасқа жұмысқа орналасу мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын өткізген екен. Сонымен қатар, жастар тәжірибесі, 50-ден асқандарға «Күміс жас» жобасы, кәсіп ашуға 400 есептік айлық көрсеткішке дейінгі грант түрінде қолдау шаралары жүзеге асырылған. Осыдан-ақ, мемлекеттің қандастардың жұмысқа орналасуына және олардың баспанамен қамтылуына жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын көруге болады.
– Қазақстанға Моңғолиядан өткен жылдың қыркүйегінде отбасыммен көшіп келдім. Қандас мәртебесіне ие болған азаматтардың бірімін. Мұнда келгенімде мемлекет барынша қолдау көрсетті, жұмысқа орналастырды, үй берді. Тарихи Отанымызға оралғаныма қуаныштымын, – дейді осы ретте, Шолпан Наридолда есімді қандас ағайынымыз.
Айта кетейік, былтыр Ақмола облысы бойынша 1714 этникалық қазақ қандас мәртебесіне ие болды.
Ы.ШАМШИЕВА.
сурет: azattyq-ruhy.kz
![]()

