Мопедті тіркеп, заңға  бой ұсыну керек

Жол қозғалысы

Биылғы жылдың 5 сәуірінен бастап елімізде мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестірілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты түсінік  берілді.  

Ақмола облыстық полиция департаментінің процессинг орталығының бастығы Сайран Жүкебаевтың мәлімдеуінше, ендігі арада заң нормаларына сәйкес оларды пайдалану үшін полиция органдарына тіркелу қажет және оны жүргізетін азаматта А1, А немесе  В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс.  Енді мопед жүргізушілер оған мемлекеттік нөмір алып, оны жыл сайынғы техникалық тексеруден өткізіп отырулары керек. Сондай-ақ, олардан азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру да талап етіледі.

Мопедті тіркеу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша қажетті құжаттарын жинап, атап айтқанда  жеке куәлігі мен мопедтің техникалық құжатын алып арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барулары тиіс. Техникалық құжаты болмаған жағдайда, интернет көздерінен мопед сипаттамасын алып, оны техникалық тексеруден өткізу керек әрі қажетті мемлекеттік баждарды төлеу міндетті. Егер мопедтің қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден асса, құжаттар қатарына кедендік декларация, көлік құралының электрондық паспорты және сатып алу-сату шарты секілді кеңейтілген құжаттар пакеті қосылады.

Сонымен қатар, мопед жүргізушілері Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» заңы бойынша оны мас күйінде басқару, жолда ұялы телефонды пайдалану секілді негізгі тыйымдарды сақтауы тиіс. Бұдан басқа, мопед жүргізушілері рөлді тым болмағанда, бір қолымен ұстауы тиіс, заң бойынша олардың автомагистральдарда жүрулеріне рұқсат етілмейді. Өйткені, бұл техниканың жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспайды. Мопед жүргізушілері мен оның жолаушылары оған отырғанда міндетті түрде мотошлем киюлері керек.

Бүгінгі таңда облыс тұрғындары тіркеуге қойған мопедтер саны 2141 мопедті құрайды. Көптеген адамдар мопедті тіркеу тек 5 сәуірге дейін ғана жүргізілді деп қателесуде. Полиция департаменті өкілінің айтуынша, оларды тіркеу енді тұрақты негізде, автокөліктер тәрізді жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, брифингте электрсамокаттар мен велосипедтердің жүргізушілері де жол ережелерін сақтауға міндетті екендігі айтылды. Оларға рөлді ұстамай басқаруға, жолаушыларды арнайы құрылғыларсыз тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелдерін кесіп өтуге, қараңғы уақытта жарықпен шағылысатын элементтерсіз қозғалуға және шлемсіз жүруге тыйым салынатыны ескертілді.

Электрсамокаттардың жүргізушілері веложолдарда немесе тротуарда жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмай жүрулері қажет. Ал, 18 жастан бастап және жүргізуші куәлігі болған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе маршруттық көлікке арналған арнайы жолақта жүруге рұқсат етіледі. Велосипедшілер веложолдармен, арнайы жолақтармен немесе жол жиектерімен жүре алады. Бірақ, моторлы велосипедтерге тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге тыйым салынады.

Брифинг соңында Сайран Жүкебаев облыс тұрғындарына жол қозғалысы ережелерін сақтау және жолда қырағы болу қажеттігін тағы бір еске салды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет kaz.zakon.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар