Ашық сот отырысы өткізілді

Сот іс қарады

Қосшы қалалық сотында жасөспірімдердің қатысуымен ашық сот отырысы өтті. Сот бұл шараны жастардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратурамен бірлесіп өткізді.

Сот отырысында көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша азаматша М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Сотта келесі жағдайлар анықталды. Азаматша М. жол жүрісі қағидаларын өрескел бұза отырып, Қосшы қаласы көшелері қиылысында автокөлігін масаң күйінде жүргізіп, ол автокөлікті полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Сотта М. өз кінәсін мойындады. Сонымен қатар, оның кінәсі алкогольдік орта дәрежеде масаң күйде болғандығы туралы медициналық куәландыру қорытындысымен расталды.

Мұндайда құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінің санкциясында көзделген баламасыз 15 тәулікке қамаққа алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылу қажет.

Алайда, азаматша М.-ның 14 жасқа толмаған баласы болғандықтан, әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылмады.

Сот қаулысымен М. көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылды.

 Ұлының денсаулығына зиян келтірген

Ақкөл аудандық сотында кәмелетке толмағанның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Бұл іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 107-бабы 2-бөлігінің 3,8-тармақтары бойынша сотта мәлім болғанындай, 2024 жылдың қыркүйегінде бақшада жұмыс істеген кезде О. мас күйінде 14 жасар ұлы Д.-мен жанжалдасып, оған күрекпен соққы беріп, саусақтарын жарақаттаған. Осылайша, О. кәмелетке толмаған Д.-нің денсаулығына орташа дәрежедегі зиян келтірді.

Сотта О. кінәсін мойындап, жанжал кезінде ұлы балағат сөздер айтқанын, оны қорқыту үшін ол күрекпен сермегенін, алайда, күрек ұлының қолына тигенін атап көрсетті. Жанжалдың себебі, анасы ұлының музыкалық бағанын оның рұқсатынсыз алған.

Сараптамаға сәйкес, кәмелетке толмағанның саусағы жараланған, саусақтың фалангасының жабық сынуы бар.  О.-ның кінәсі айыпталушының, кәмелетке толмаған жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және істің басқа материалдарымен расталды.

Жаза тағайындауда сот жасаған ісіне кінәлінің өкінгенін, алғаш рет ауырлығы орташа қылмыс жасағанын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Бұл арада істі ауырлататыны – оның осы іске мас күйінде барғаны.

Сот үкімімен О.-ға пробациялық бақылау белгіленіп, шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алаяқтықпен ісі сотқа жетті

Астрахан аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іске үкім шықты.

Ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Д.-ға қатысты сот мәжілісінде келесі жағдайлар анықталды. 2024 жылдың сәуірінде Д. өзінің туысы К.-дан қарыз сұрағандықтан, ол К.-ның атына 550 000 теңгеге несие рәсімдеген. Кейін 2024 жылдың мамыр-тамыз аралығында Д. несиені өтеу сылтауымен ұялы телефонындағы банк қосымшасы арқылы К.-нің атына әр түрлі сомаға тағы 9 несие рәсімдеген.

Несиелерді рәсімдеген сайын Д. бұрын алынған несиенің төлеу рәсімін жүргізгенін айтып, алдап жүрген.  сылайша, Д. алған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап, К.-ға 4,9 миллион теңгеге материалдық залал келтірді. Д.-нің кінәсі оның мойындауымен, жәбірленуші К.-нің айғақтарымен, банк үзінділерімен, жәбірленуші мен сотталушының ұялы телефондарынан алынған мәліметтермен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен Д.-ға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды қолдана отырып, жаза мерзімі 3 жыл 2 ай 15 тәулікке дейін қысқартылды. Сотталған Д.-дан жәбірленушінің пайдасына келтірілген материалдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Үкімді жариялау бөлігінде сот отырысына халық арасында алаяқтықпен байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында ауыл тұрғындары шақырылды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар