ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС
Астрахан аудандық сотында құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық сананы арттыру мақсатында ауыл тұрғындары үшін ашық сот отырысы өтті. Сотта алаяқтық жасаған С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Сот барысында анықталғанындай, 73 жастағы С. 350 мың теңгеге Г.-ға көлік жүргізушісінің куәлігін алып беруді ұсынған. Г. ол ақшаны С.-ның есепшотына аударған. Алайда, ақшаны алғаннан кейін С. 2024 жылдың мамыр айынан бастап қоңырауларға жауап бермей, хабарсыз кеткен. Сөйтіп, қаражат та қайтарылмаған, куәлік те қолға тимеген. Оның үстіне С. арнайы мекеменің қызметкері емес, онда ондай қызмет көрсету мүмкіндігі де болмаған.
Жаза тағайындауда сот С.-ның өз кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырып, жасының жетпістен асқанын, жәбірленушінің оны жазаламау туралы пікірін, бұрын соттылығының болмауын, басқа ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.
Осының бәрі назарға алына келе, сот үкімімен С.-ға 9 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сонымен қатар, одан Г.-ның пайдасына 350 мың теңге көлеміндегі материалдық шығын өндіріліп алынды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

