Жұмысшының пайдасына өтемақы өндірілді

СОТ ІС ҚАРАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың еңбек ету барысында қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.

Осы бағыттағы тапсырмалардың нақты көрінісі сот тәжірибесінде де айқын байқалуда. Ақмола облыстық сотында өндірістік жарақат алған жұмысшының пайдасына моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс қаралды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, слесарь-жөндеуші А. еңбек міндеттерін орындау кезінде өндірістік жарақат алған. Медициналық қорытындыға сай, оған бас және мойын тұсындағы сүйектердің сынуы диагнозы қойылып, үшінші топтағы мүгедектік белгіленген. Сонымен қатар, кәсіби еңбекке қабілеттілігін жоғалту деңгейі 55 пайыз деп танылған.

Жазатайым оқиға туралы актімен жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз екені анықталған. Бұл еңбек қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғанын көрсетеді. Президентіміз атап өткеніндей, дәл осындай немқұрайлылық пен жауапсыздық еңбек саласындағы құқық бұзушылықтарға, ал, ауыр зардаптарға әкеп соғатын жағдайларда қылмыстық тәуекелдердің туындауына негіз болады.

Жәбірленуші жұмысшы сотқа жүгініп, жұмыс беруші ЖШС-нен жоғалтқан жалақы сомасын және моральдық зиянды өндіруді талап еткен. Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырып, жәбірленушінің пайдасына 3 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіріп берді. Ал, жоғалтқан жалақы сомасын өндіру аннуитеттік сақтандыру шартына сәйкес жәбірленушіге 1 миллион теңге төленгеніне байланысты қанағаттандырылған жоқ.

Сонымен қатар, сот еңбек заңнамасының жұмыс беруші тарапынан бұзылғанын назарға алып, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің атына жекеше ұйғарым шығарды. Бұл шешім Мемлекет басшысы жүктеген алдын алу қағидатына сай, заң бұзушылықтарға жол берген субъектілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Облыстық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, сот актісі заңды күшіне енді.

Аталған іс Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың нақты мысалы болып табылады. Еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс берушілердің заң талаптарын бұлжытпай орындауы қылмыстың алдын алудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды тетігі екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар