Жаңа спорт нысандары аймақ спортына жаңа леп әкелмекші

ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласындағы жаңа спорт нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қала құрамына кіретін Краснояр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокс пен жекпе-жек залдары, екі бассейн жұмыс істейді. Кешен аумағында командалық ойындарға арналған екі алаң, воркаут аймағы және жүгіру жолы жабдықталған. Қазіргі таңда кешенде жүзу, бокс, еркін және грек-рим күресі бойынша спорт секциялары жұмыс істеп тұр.

Жақында ашылған «Kokshe arena» спорт кешенінде де спорт секцияларының жұмысы өз бастауын алды. Мұнда Ақмола облысының жастар және ересектер құрамалары жаттығатын болады, сондай-ақ, бокс, ауыр атлетика және еркін күрес секцияларына балаларды қабылдау жүргізілуде.

– Кешен базасында жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға барлық жағдай бар. Сонымен қатар, «Оқжетпес» футбол орталығының спортшылары мен қаланың волейболдан жастар құрамасының мүшелері де осында жаттығады, – деді Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин.

Марат Ахметжанов спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тілей келе, Ақмола спортының жақсы дәстүрлері мен үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

– Көкшетауда тұрғындардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылым жаңадан тағы екі ірі нысанмен толығып отыр. Бұл балаларды дене шынықтыру мен спортқа тарту аясын кеңейтуге, сонымен бірге, облыстық құрамалардың жаттығуына да жақсы жағдай туғызуда. Бұл ретте, сіздердің міндеттеріңіз – болашақ чемпиондарды тәрбиелеу. Өңірге спорт әлеміндегі жаңа есімдер қажет, – деп атап өтті  жаттықтырушылар алдына жаңа міндеттер қойған өңір басшысы.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар