Құлагердің шабысын көрген бұл ел!..
Арғы заманда Арқа жерінде өткен айтулы оқиғалардың бірі –Керей Сағынайдың асы. Ерейментаудың Қусағында болған осы дүбірлі жиынның дақпырты мен Құлагердің өлімі жайлы әңгіме арада бір жарым ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін толастар емес. Жалпы қазақ даласының әр аймағында ел жақсыларының аруағына бағышталған бұл секілді талай-талай дүбірлі астар болып өткенінен хабардармыз. Мысалы, Есіл бойында өткен Қуандық-Тоқа Қорысбайдың асы, Абыралы жерінде өткен Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Шідерті бойындағы Мұса мырза Шорманұлының асы, Сандыбайдың Ерденінің асы тағы басқалары.
Ал, Сағынай асының ерекше болып тарихта қалуының ең бірінші себебі Құлагер өлімімен байланысты екені белгілі. Содан болар, аталмыш оқиғаға негізделгенаңызы мен ақиқаты аралас небір алыпқашты әңгімелер сонау замандардан бері әлі де айтылып келеді.
Көзі ашық оқырмандардың есінде шығар, Сағынайдың асында Құлагердің опат болуына байланысты бір-біріне кереғар, деректі-дерексіз талай әңгімелер сонау кеңес заманынан бері баспасөз бетінде жарияланып келеді. Бірақ, ол жазбалардың қай-қайсын да «мынау ақиқат» екен деп айту қиын. Бүгінгі күнде де ақпарат көздеріненбіраз адамдардың (тіпті араларында Ерейментау жерінің топырағын басып көрмегендер де бар) осы оқиға жайлы түрлі пікірлерін оқып жүреміз. Бірақ, олар да сол бұрынғы жазылғандардықайталау ғана. Осы себептен, Ерейментау жерінің тумасы болғасын, бірер ауыз өз білгенімізді жария еткенді жөн көрдік.
Ас қай жылы өтті?
Ең бірінші, Сағынай асының өткен уақыты жөнінде. Бұл дата кейбір деректерде, 1876, кейбірінде 1886 жыл деп белгіленіп жүр. Мысалы, ғаламтор кеңістігінен: «Паң Нұрмағамбет несімен ел есінде қалды? Ол – әкесі Сағынайға берген асы. Ғалымдардың айтуынша, 1886 жылы әкесіне ас бергенде, 500 ақ үй тігіліп, 500 бұхар кілемі ілінді, 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алдырылды», – деген дерек оқыдық.
Бұдан бөлек Жұмабай Есекеев деген адамның да мынадай бір жазбасын көзіміз шалды: «Сағынайдың асы 1886 жылы өтіпті. …10 мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 100 жылқы сойылды», – дейді.
Сағынай асының өткен уақыты жөнінде белгілі сазгер, жазушы Ілия Жақанов өзінің 2022 жылы жарық көрген «Аққу әні» атты кітабында: «1876 жыл. Тамылжыған сарша тамыз. Кіші бесін кезінде желпіген самал салқындап, күздің лебін сездіре бастағанды. Сол кездерде тасы өрге домалап, асып-тасқан байлығын қайда шашарын білмей, кеудесіне нан піскен Паң Нұрмағамбет әкесі Сағынайға ас беретін болды», – деп астың 1876 жылы өткенін жазады.
Біз де осы «1876 жылы өтті» деген деректі құптаймыз.
Оған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мына бір жазбасы себеп болып отыр. Мәшекең былай дейді: «Керей Сағынай асына сауын айтып шақырғанда, Саққұлақ ойдағы-қырдағы барлық Толыбай ұранды Қанжығалыға хабар айтып, жинап алып, бас қосып тұтас барған. Ас берген ауылға жақындап барып, аттан түспей «Толыбай ұрандыға жүз үй тіксін» деп айдалада отырып алған. Бұның себебі, өзімен қоныстас, маңайлас жайлап жүрген керейлер байлық айтып, Саққұлақты кедейсініп:
– Саққұлақ несіне бізбен жайлауға таласады, Оның бір-екі айғыр үйір жылқысына жер жетпей бара ма? – деп сықақтаған болуы керек.
Осыдан соң топ ішіндегі Күлік Әкімбек мырза төбелес шығарып, Айдабол Секербайпаң бір жағынан кекесіндеп, ас бүлінуге айналады. Жағдай осылай болғасын, Керейден Жүкен Айдарбек баласы бас болып, басты-басты кісілер Мұса мырзаға келіп жалынады.
– Сізге мал-жанның билігін бердік, өзіңіз атқа мініп басқармасыңыз болмайды! – деген соң, Мұса мырза Айдаболдан — Секербайды, Тінәліден – Айдапкелді, Алтай-Тоқадан – Бекқожаны қасына алып барып, асты жайластырған екен.
Асқа бұрын келіп орнығып қалғандарды ығыстырып, екі үйдегісін бір үйге сыйдырып, Саққұлақ биге үйді молайтып, айтқанындай қылып, Сағынайдың сары жорға атын тұлдап, ер-тұрманымен Малкелді баласы Ақпан байға жетелетіп, Саққұлақтың алдына апарып көлденең тартыпты.
Сонда Саққұлақ би:
– Ойбой, құтым келді ғой, енді бармасқа болмас! – деп асқа келген екен», – дейді.
Біздің жоғарыда «Сағынай асы 1876 жылы өтті, ал 1886 жыл деген жаңсақ дата» деп отырғанымыз, Мұса мырза 1884 жылы қайтыс болған. Егер ас 1886 жылы өткен болса, онда оған Мұсаның қатысуы мүмкін емес еді.
Саққұлақ бидің мінез көрсету себебі
Паң Нұрмағамбет ас өткізуге Қусақ жерін Бөгенбай ұрпақтарынан сұрап алыпты деген Ерейментауда ертеден айтылып жүрген сөз. Бұл ешқандай дау тудырмайтын әңгіме. Себебі, Керейлердің Қызылтопырақ болысының жері Сілеті өзенінің оң жақ, сыртқы бетінде. Ал, Қусақ көлі – Сілетінің бергі бетінде, Қанжығалылардың Қоржынкөл болысы жерінің аумағында жатыр.
Төмендегі біз ұсынған мұрағаттық мәліметте Қусақ көлі Бөгенбай ұрпақтарының, оның ішінде Ноғайдың жайлауы екені анық көрсетілген. Ноғай – Бөгенбайдың қалмақ қатыны Қамарханнан туған Жылқыбай атты ұлының баласы. Біздің ұсынып отырған бұл дерегіміз 1926 жылғы, кәмпескенің алдындағы мал-жан санағының жазбасы. Бұл құжатта аталған қоныстардың барлығы XVIII ғасырдың екінші жартысынан былай қарай, Ерейментау жерін Қанжығалылар иеленген кезден бастап,жаңа өкімет орнағанша Бөгенбай ұрпақтарының иелігінде болған. Және аталмыш құжатта көрсетілген жер атауларының біразы бүгінгі күнге дейін сақталған, әлі де солай аталады.
Енді асқа барған Саққұлақ бидің мінез көрсету себебіне тоқталсақ, ол Керей елі адамдарының кекесіндеп айтқан сөзінен дейді Мәшһүр Жүсіп. Бұл әңгіме негізсіз емес. Өйткені, «Паң Нұрмағамбет ас өткізу үшін Қусақ көлін Бөгенбай ұрпақтарынан сұрап алыпты. Сақаң асқа барғанымен, атта түспей тұрып алған екен» деген әңгімені бұрыннан құлағымыз шалып жүретін.
Енді Керейлер жағы неліктен «Саққұлақ бидің жылқысы аз» деп кемсіте сөйлегені жөнінде бірер сөз.
Жалпы Бөгенбай әулеті, оның ішінде үлкен ұлы Тұраналыдан тарағандар ешқашан мал-жаннан тарықпаған.
Дегенмен, Саққұлақ би өз заманында жылқы малынан біршама жүдеңкіреп қалады. Оның себебі, Кенесары көтерілісінің алдында, одан кейін де Қанжығалы ауылдары Қоңырқұлжа төренің тарапынан бірнеше мәрте шапқыншылыққа ұшыраған.Қуандық руларынан жасақталған (алтай, темеш, тінәлі, бөріші т.б.) Қоңырқұлжаның қолы Саққұлақтың әкесі Бапан бидің ауылын бірнеше мәрте шауып, бидің Сұлушаш деген қызы мен бір інісін өлтіріп, көптеген дүние-мүлкін талауға салады. (Қоңырқұлжа Ақмола сыртқы округінің аға сұлтандығына сайланбай тұрып, Алтай-Қарпық елінің болысы болған).
Қоңырқұлжаның Бапан би ауылын шабуы жөнінде Орталық мемлекеттік мұрағатта: «Дело по жалобе бия Канжигалинской волости Б.Тураналина об ограблений и убийстве его детей султаном Кунур-Кульджа Кудаймендиным» деген іс бар.
Осы істе Бапан би ауылынан тоналған 443 заттың (үй мүліктері, алаша, кілем, ыдыс-аяқ, киім-кешек, жағалы тон, ішік секілді сол кездегі бағалы дүниелер) тізімі бар. Мысалы, Бапан би өзінің саржамен тысталған түлкі ішігін Қоңырқұлжаның хатшысының үстінен көрген. Төренің тонаушыларытіпті Тілеке Шоманов деген адамның өліп жатқан қызының үстіндегі киіміне дейін шешіп алып кеткен. Бұнымен қоймай, Бапан бидің 500 бас, інісінің 300 бас жылқысын қоса айдап әкетеді. (338 қор, 1 тізбе, 795 іс).
Кейін Кенесары көтерілісі басталғасын, Ереймен елінің төресі Нұрмұхамет Сыздықов (Нұрқан төре) Қанжығалының екі биі Бапан мен Жанболатқа көтерілісшілерге қосылайық деген қолқа салады. Қос би бұған келісім бере қоймай, әзірше ел ішін дүрліктірмелік, сабырға келіп, артын тосайық десе керек. Бұған шамданған Нұрқан төре Торғай жағына, Кенесары қолына қарай аттанып кетеді. Оның әскер әкеліп, зорлықпен көшіретінін білген екі би қалың елді орнынан қозғамай, тек өздеріне қараған ауылдармен ғана Сарысу бойындағы нағашылары Тарақты Байғозы батырдың ұрпақтарын пана етпекке солай қарайкөш түзейді. Дегенмен, Нұрқан төре соңдарынан қуып барып, зорлықпен әкетпекші болады. Мал төлдеп жатқан жазғытұрым уақыт болса керек. Бапан би төл бауырын көтергенше тоқтай тұруын сұрайды. Нұрқан бұған келіскенімен, Бапанның екі мыңнан аса жылқысын алдына салып айдап, баласы Саққұлақты да аманатқа қоса алып кетеді. Кейін Тіленші, Сабанбай батырлар бастаған Қанжығалы қолы келіп, барымташыларды қуыпбарғанымен, қалың жасақтың күзетіндегі мыңдаған бас жылқыны қайтарып ала алмайды, тек Саққұлақтың өзін ғана айырып алуға шамалары жетіпті.
Бөгенбай ұрпақтарына деген қысымшылық бұнымен тоқтамаған. Патша өкіметі Қоңырқұлжаға 100 солдат пен зеңбірек беріп, Кенесарыға бейілді болған ірі байлар мен белгілі адамдарды ұстатқыза бастайды. Қоңырқұлжа өзінің баласы Шыңғыстың қасына 10 солдат ертіп, Бапан мен Саққұлақты тауып алып, кездескен жерде тілге келместен атып таста деген пәрмен беріпті. Осыны құлағы шалған Қуандық елінің бір жанашыр адамы көшіп бара жатқан Саққұлаққа хабар салса керек. Бұл уақытта жаны қысылған Бапан би қоныс сұрамаққа Қоқан, Ташкент жағына кеткен екен дейді бүгінгі қолымыздағы жазбаларда.
Осы жайсыз хабарды көшкен елмен бірге келе жатқан Саққұлақтың қарындасы Шантай деген қыз да естиді. Солдат ерткен Шыңғыстөре көшке көз көрім жер қалғанда Шантай қыз: «Аға, сізден айырылсақ мынау ел басшысыз қалды ғой, жолыңызға мен құрбан болайын!», – деп, ағасының шапаны мен тымағын киіп алып, топтан шыға қашады. Солдаттар Саққұлақ осы екен деп атып жіберіпті. Барып қараса,оққа ұшқан Саққұлақ емес, шашы шұбатылған әйел адам. Бұны көрген қуғыншылар қатты сасып қалады. Осыдан соң келіссөз жүріп, Қанжығалы жағы Қоңырға кісі салып, «патша үкіметіне адалмыз» деп уәде беріп, аман-сау ата қоныс Қоржынкөлге оралған екен.
Бұл жөнінде Бөгенбайдың ағасы Көлбайдан тарайтын Молдажан ақын Жадайұлының:
«Би Бапан ол да көшіп аумады ма,
Ықтияр болмай ханның заңдарына.
Қараағаш деген жерде қолға түсіп,
Тұтқында қатын-бала қалмады ма.
Түзеліп оның арты, жауын жеңіп,
Айналып Қоржынкөлге бармады ма.
Оралып Қоржынкөлге отырғасын,
Үлгіні Орта жүзге салмады ма!», – деген өлеңі бүгінге жетіп отыр.
Міне, осындай аумалы-төкпелі зобалаңы мол тірліктен кейін әкелі-балалы Бапан мен Саққұлақ билердің жылқысы кәдімгідей азайып қалады. Ол уақытта белгілі адамдарды ел іші сауынсыз қалдырмайды, 5-6 айғыр үйірі жылқы жинап береді екен. Бірақ, ол бұрынғы жер қайысқан мыңдаған жылқыдай болмасы белгілі.
Ас неге Қусақта өткен?
Сағынай асы мен Құлагер трагедиясы арқылы тарихта қалған Қусақ көлі Ерейментау қаласынан жоғары, күнбатысқа қарай 40-45 шақырымдай жерде. Қусақтың географиялық орналасуына қарасақ, ол – Қуандық, Керей, Қанжығалы секілді үш елдің нақ ортасында тұр. Қусақтың шығыс беті Ерейментау, Қанжығалы елі.
Сырты мен оңтүстік жағы бүгінгі Астана төңірегі, одан әрі қазіргі Қарағанды облысына қарай созылған қалың Қуандық жұрты: Тоқа, Алтай-Қарпық, Бөріші-Темеш елі.
Ал, Сілетінің сол жақ беті, солтүстік-батысы – Керей елінің Қызылтопырақ болысы. Ол уақытта қалың Керей жұртының бір шеті бүгінгі Степногорск, Ақсу жеріне жетіп, Қанжығалылардың Аққозы, Баспан-Базаргелді елдерімен шектес болса, одан әрі бүгінгі Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы аумағын жайлап, терістік беті қазіргі Ақкөл, Домбыралы-Моншақты болып, Көкшетау, Бурабайдың сыртымен әрі созылып Сәбит, Ғабиттердің еліне ұласады.
Бүгінде Ерейментау ауданының құрамындағы Торғай, Майлан ауылдық округтерінің біраз жерлері сол уақытта Керейлердің Қызылтопырақ болысының құрамында болған. Ол туралы мұрағаттық құжаттарда анық жазылады. Міне, Қусақ осы үш елдің ортасындағы ен жайлау, ол кезде суы мол айдынды шалқар көл, оңтүстік-батыс беті ат шабуға ыңғайлы жазық. Осы себептен, Қусақ жерін ас өткізуге Паң Нұрмағамбеттің сұрап алуы ақылға қонады.
Сағынайдың асы өткен уақытта кәдімгідей суы мол, телегей-теңіз көл болған Қусақ бүгінде тартылып, бетін қамыс басып, аса жүдеу күйге түскен. Көлдің солтүстік жақ қабырғасында қатар-қатар қазылған шұңқырлардың ізі жатыр. Жерошақтардың орны осы шығар деп жобаладық біздер.
Құлагердің соққыға жығылуы
Ілияс Жансүгіров өзінің «Құлагер» поэмасында сәйгүліктің өлімі жайлы:
– А, құдай, бере көр! – деп ұмтылды,
Ұйытқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.
Қыспақ жол, Жыландының жырасында,
Қақтығып бір-біріне ат тығылды.
Сап етіп бердеңкедей кеп ұрынды,
– Бере бер, балам, бері шылбырыңды.
Жанасып Құлагерге қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құлын ұрды… – дейді.
Яғни, Құлагердің қаруға ұрынып, қанды оқиға болған жер Жыландының жырасы деп көрсетіледі.
Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романында: «Көкөзекке құлдырап кеп дара түскен Құлагердің басын Мөңке сәл тежей берген. …Құлагер қамшылар жағынан ұшыртып, жанамалай келіп қосылған қарақасқа атты біреуді көзі шалып қалды. …Жер астынан шыққандай тосын тоспадан пайда болған, аузы-мұрны тұмшаланған сұсты адамнан Құлагер үріккен жоқ. Орта жолда белгі алуға тұрған біреу шығар деп ойлады.
– Шылбырыңды жина, шылбырыңды көтер, шылбырыңды, – деп әлгі адамның мыңқылдап айғайлағынын анық естіді.
…Жарқ еткен айбалта аспанға көтеріле бергендей болып еді, құлақ шекесінен бірдеме сарт етті», – деп жазады.
Көріп отырсыздар, С.Жүнісовтың жазуынша, Құлагер оқиғасы Көкөзек жерде болған екен.
Құлагер өлімі жайлы Ілия Жақанов өзінің «Аққу әні» деп аталатын кітабында бұл оқиғаны былай суреттейді: «Ақыры бұл бәйге немен тынды? Ерейменнің етегінде Шырпылы биігінде көлден ұшқан аққудай жалт етіп, жеке дара қылаң берген Құлагердің шекесіне ойда жоқта бір өзектен шыға кеп киліккен алпамсадай біреудің сылқ етпе шоқпары тиді, солқ етіп. Құлагердің көзінен оты жарқ етті. Алдыңғы екі аяғымен аспан тепкілеп, омақаса құлады…».
Сонымен, Ілияс Жансүгіров Құлагер опат болған жер Жыландының жырасы десе, Сәкен Жүнісов Көкөзек дейді. Ал, Ілия Жақанов ол жерді Шырпылы биік деп атапты. (Құдайға күнәлі болсақ та айтайық, Ілекең осы Шырпылы биік деген жер атауын біздің дерегімізден алған секілді. Себебі, бұған дейін «Шырпылы биік» деген атау Сағынай асына байланысты жазылған мақалалардың ешбірінде айтылмаған. Бұл атау біздің 2009 жылы жарық көрген «Ерейментау» атты тарихи-танымдық кітабымызда тұңғыш рет жазылды. Ал, Ілия Жақановтың кітабы 2022 жылы шыққан).
Енді осы Шырпылы биік жөнінде бірер сөз. Кезінде осы Қусақ төңірегінде «Ақжар» деп аталатын мал бордақылайтын совхоз болды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары аталмыш шаруашылықты марқұм Дүкенбай Төлеуов деген Ерейментау жерінің адамы басқарған. Сол ақсақал ана бір жылдары маған төмендегідей деректер айтып еді.
«Мен ол кезде «Ақжар» совхозын басқарамын. 1970 жыл Қусақ жерін көрмек болып бір топ қаламгерлер, облыстық газеттің қызметкерлері келді. Араларында жолбасшы болып жүрген Жолдыбай атты қария бар. Жолдекең сол уақытта Ақмола қаласында тұрғанымен, негізі Ереймен жерінің тумасы, сүйегі Қанжығалы-Қоскелді екен. Қарияның балалық шағы Қусақ көлінің басында өтіп, осы жерде ес біліп, ержетіпті. Және Сағынай асын көзімен көрген адамдардың әңгімесін тыңдап өскен адам. Жолдекең бізді ертіп жүріп, асқа деп қазылған жерошақтардың орнына дейін көрсетіп еді. Ол кезде Сағынайдың асы өткеніне жүз жылдай уақыт болып қалған.
Жолдыбай қарияның айтуынша,бүгінде ел айтып жүргендей, бәйге аттары Ерейментау жағынан емес, оңтүстік-батыстан, яғни қазіргі Аршалы ауданы аумағындағы Вячеславка су қоймасы жағынан жіберіліпті. Себебі, бәйге аттары шапқан кезде шаңға тұншықпас үшін, жел алдан да, арттан да емес, бір бүйірден болуы керек екен. Яғни, аттар оңтүстік беттен Қусаққа қарай шапқанда, жел сырт жақтан, батыстан, бір бүйірден соғады.
Сөйтіп, жүйріктер мәреге жақындағанда, Қусақтан 7-8 шақырымдай жердегі Шырпылы биік деген кезеңнің қылтасынан өтетін болған. Міне, осы жерде аңдып тұрған адам Құлагерге қару сілтейді», – деп әңгімелеген еді Дүкенбай Төлеуұлы.
Қапталында шілік пен терек өскен Шырпылы биік Қусақтан оңтүстікке қарай көз көрім жерде, шамамен 7-8 шақырымдай болып қалар. Екі араны қазір Астана – Павлодар темір жолы бөліп тұр. Ол уақытта ағашы мен шырпысы қалың әжептәуір тоғай болса керек. Қазір айтарлықтай сиреп қалған. Біздіңше, Құлагер өліміне байланысты шындыққа жақын дерек осы Дүкенбай ақсақалдың әңгімесі.
Тағы бір дерек
Құлагер өлімі туралы тағы да бір әңгімені бізге жеткізуші Көкшетау қаласында тұратын Мәулет Амантайұлы деген ақсақал. Бұл кісі Көкшетауда тұрғанымен, негізі Сілеті бойының тумасы, Қанжығалы елінен, сүйегі Базаргелді-Сәрке болып тарайды. Мәулет ақсақал кезінде Семей пединститутының тарих факультетін бітіргенімен, өмірін спортқа арнаған адам. Кезінде самбо күресінен республика чемпионы атанған, спорт шебері, ҚР Спортына еңбегі сіңген қайраткер деген ресми атағы бар.
– Әкей сол заманда елдегі еті тірі жігіттермен бірге ат үстінде жүрген екен. Жаңа өкімет орнап жатқан аласапыранды уақытта Петропавл, Қарағанды, тіпті, сонау өзбек жерінің түрмесінің де дәмін татқан кісі. Кейде осының біразын әңгімелеп айтып отыратын. Бірақ, ол кезде оған құлақ қойып, жазып алайықшы деген ой болды ма бізде. Дегенмен, Құлагерге байланысты мына бір әңгімесі есімде, – дейді Мәулет аға.
Мәулеттің әкесі Нұрпейістің Амантайы деген адам сол уақытта кеңес билігі тарапынан жасалып жатқан бассыздықтарға наразы болып, қарсылық еткен адамдардың бірі. Елдегі шолақ белсенділер Сілеті бойындағы елдің малын артельге жинап алып, халық ашаршылыққа ұшырауға айналады. Ел ішіндегі Малтайдың Қабдуәлиі, Нұрпейістің Амантайы секілді ширақ жігіттер төменгі Қарабұжыр елінің Айтқұл-Жәдік балаларымен қосылып, белсенділердің бассыздығына қарсы тұрып, елдің малын қайтарып алып, өздеріне таратып беріпті. Сөйтіп, сол төңіректегі ағайынның аштықтан аман қалуына себеп болған екен.
Бірақ, кеңес өкіметі бұндайды кешіре ме. Осыдан соң Иванов деген адам басқарған қызылдың әскері бұлардың соңына түсіп, біразын өлтіріп, тірілерін Петропавлдың түрмесіне апарып қамайды. (Бұл негізі бір кітапқа жүк боларлық ұзақ әңгіме, кейін жеке дүние етіп жазармын деп жүрмін).
Дегенмен, Нұрпейістің Амантайы бұл қамаудан бір себептермен аман-сау босап шығады. Босап шыққанмен, ол уақытта «құйрығына шала байланған» адам қуғын-сүргіннен құтылмасы белгілі. Амантай тағы да тұтқындалып, Қыпшақ Базылбай бақсы деген адам екеуі Қарлагтың Қарабастағы түрмесіне қамалады. Сол жерде Амантай, Базылбайлармен бірге бір шал адам да отырыпты. Жасы сол уақытта сексеннен асыңқырап кеткен екен дейді. Әлгі байқұс кейде түн баласында айғайлап, өз-өзінен шошып, камерадағыларға ұйқы бермейтін көрінеді Аналар оны балағаттап: «Түні бойы айғайлап ұйқы бермейсің, не қылған адамсың?!», – деп ұрсады ғой.
Сонда шалдың айтқаны: «Жас уағымда Сағынайдың асында ақымақтықпен Ақан серінің Құлагеріне қару сілтеп едім. Соның зардабын енді тартып жүрмін. Түн баласында көзім ілінсе, бір жылқы түсіме еніп, тістелеп тартады да тұрады, ұйқы бермейді, содан шошып оянам», – депті. Бұны естіген түрмедегілер әлгі шалды өлтіреміз дегесін, оны басқа камераға ауыстырып жіберіпті.
Міне, Мәулет ағаның өз әкесі Амантайдың аузынан естіген дерегі осындай. Өкінішке орай, ол уақытта Құлагерге қару сілтеген шал қай елдің адамы екенін, оны кім мәжбүрлегенін сұраған адам болды дейсіз бе. Сұраса да, әркім өз басымен әуре болып жүрген заманда кімнің есінде қалады. Бірақ, бұл да Құлагер өліміне байланысты бұрындары айтылмаған бір дерек.
Сағынай асында бас бәйге алған Жақып балуан жайлы бірер сөз
Ілияс Жансүгіров өзінің «Құлагер» поэмасында:
«Атағы бұл сарының – балуан Жақып,
Шыңыраудан түйе тартып алған Жақып.
Әдісқой, алысқанда дөңгеленіп,
Топтарды талай жығып, жарған Жақып.
Асына Абақ-Керей барған Жақып,
Онда да бас бәйгені алған Жақып.
Мойынын қашағанның үзген талай,
Дейтұғын Баянауыл «Таутан Жақып», – дейді.
Осы өлең жолдарын бұрыс түсінген кейбір адамдар «Жақыптың әкесінің аты Таутан екен» деп қате жазып жүр. Анықтамалық сөздікті қарасақ, «таутан» деген жолбарыстың ұрғашысы деп көрсетіпті. Яғни, бұл жерде Ілияс ақын «таутан» деп Жақып балуанның әбжілдігін, шапшаңдығын, қайратын айтып отырғаны сөзсіз.
І.Жансүгіров өз шығармасында Жақыпты Арғын елінің, Баянаула жерінің балуаны етіп көрсетіп және оны Найман балуанымен белдестіреді. Ал, шындығында, Жақыптың сүйегі – Найман жұртынан. Түп-тегі – Найман-Дөрбуіл атасынан.
Ерте замандарда Дөрбуіл-Найманның Айтымбет деген адамы төрт қос жылқымен келіп Қаржас еліне жақын қонып, бір қыстап жатып, Қаржас-Сатылған-Таңаттан Атамбек деген кісінің Мөр деген қызын тоқалдыққа сұрайды. Мөрдің ағасы Қожамбердінің жылқышыларының ішінде Аткелтір, Шарық деген екі құлы бар екен. Шарық өзі балуан, жылқы ұстампаз, құрығына екі жылқы қабаттап түссе де, Шарықтың тартып қалған күшіне шыдамай, екеуі де мұрттай ұшып, пышаққа ілінеді екен. Сол Шарықты ұзатылар қыздың «жеңгетайына» бер деп сұрағанда, беріпті. Сонда Аткелтір: «Мұны берсең, мені айырма, қоса бер, Егер айырсаң, Найман, сен де оңбайсың, Қаржас, сен де оңбайсың! Екеуіңнің де түбіңе жетем, бастарыңды мүжімей қоймаймын! – деген соң, Аткелтірді де қоса беріпті.
Айтымбеттің осы Мөрден туған балалар Найман-Дөрбуіл деген атауымен Қаржас ішінде қалады. Осы жоғарыда аталған Шарықтан – Бекжан, Мамай туса, Мамайдан Жақып балуан туады. Кешегі Мұса – Секербай заманында Жақып балуандықтан бәйге бермей, Мұсаның өз асында балуандықтың бас бәйгесін алған дейді.
Жақып балуан жөнінде біз Баянауылдың Жұмат Шанин атындағы ауылында тұратын шежіреші, өлкетанушы, өзі де Найман атасынан тарайтын Нығмет Жәмінұлы атты қариядан сұраған едік.
Ол кісі былай дейді:
– Мөр анамыздың Найман Айтымбетке ұзатылып жүрген уақыты XVIIIғасырдың басы, Ақтабан шұбырындының алдында болған жайт. Одан кейін жоңғар шауып, ел іші бүлініп, Мөр анамыздың барған жері шапқыншылыққа ұшырай ма, болмаса басқа жағдай болды ма, ол кісі Есекқұрт, Дүкен, Өтеп деген үш баласын ертіп қайтадан төркініне, Қаржас еліне келіп қосылып,біржола қалып қояды. Мен өзім Өтептен тараймын. Осы үш баладан өсіп-өнген ұрпақ Баянауыл жерінде бүгінге дейін тірлік жасап жатыр.
Ал, енді Найман Дөрбуілдің Шеге деген інісі болған екен дейді бізге жеткен шежіреде. Осы Шегеден – Шарық, Шарықтан Жақып балуан туады. Жақыптан бүгінде ұрпақ жоқ. Оның інісі Жақұттан ұрпақтар бар, Астана қаласында тұрады.
Бұл жерде Мәшһүр Жүсіп жазбасы мен Нығмет ақсақалдың әңгімесінде ептеген айырмашылық бар. Егер Шарық Найман болса, неге Қаржас Қожамбердінің жылқысын бағып жүрген? Әлде ертеден Қаржас ішінде жүрген Найман ба? Осы тұсы әлі де анықтауды керек ететін сияқты.
Астан соң
«Қанына тартпағанның қары сынсын» дегендей, кезінде Құлагер өлімі Жеті Момын балалары арасында, әсіресе, өз жерінде ас өткен Қанжығалы елі үшін әжептәуір дүрбелең туғызады.
«Тартқанда Құлагерлеп Ақан бай-бай,
«Момындап» біздің Сақаң салады айғай.
Жиылды бұл ұранға Қанжығалы,
Момынның басқасының жері шалғай», – деп жырлапты осы оқиғаны көзбен көрген Қанжығалы Қуат ақын Арабданұлы.
Бұл жерде «Момын» балалары» делініп отырған – Қанжығалы, Тобықты, Атығай, Қарауыл, Шақшақ, Саржетім, Бәсентиін аталары.
Қусақтағы Құлагер қазасынан кейін Саққұлақ бидің сүйікті баласы, Ақанның замандасы Нұралы мырза серіні Ащылы көлдің басындағы ауылына алып барып, біраз күн мейман етіп, сауық-сайран ұйымдастырып, Құлагердей болмаса да, астына таңдаулы ат мінгізіпті. Кейін Ақанды Сілеті өзенінен өткізіп, Киікбайдан асыра шығарып салып тұрып: «Ақанжан, тірі жүрсем кегіңді бір алармын!», – деген екен. Бірақ, Нұралы осы мақсатына жете алмай, өмірден ертерек өтіп кетеді. Бүгінге жеткен ауызекі әңгімелерде Нұралының ажалы кісі қолынан болған екен дейді.
Сөз соңы
Бүгінде Сағынай асы жөнінде жазылып жүрген: «Бәйгеге 500 ат шауыпты, 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілем ілінді. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды. 10 мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 100 жылқы сойылды», – деген тым ұшқары деректер сияқты.
Ақылға салып қараңыздаршы, 500 ат деген кәдімгі бір табын жылқы. Соншама атты бәйгеге қосуға ұйымдастырушылар рұқсат бермесе керек. Себебі, осыншама жылқының қайсы шауып, қайсы жолдан қосылып жатқанын айыру мүмкін емес. Және бұндай айтулы аламанға тек өз елінде бәйге бермей жүрген жүйріктер ғана әкелінеді. Жай тұғырлар қосылмайды. Сонда әр аймақ, әр болыс екі аттан әкелсе де, жүз қаралы ғана жүйрік болмақ. Менің бұл сөзіме біреулер дау айтар, бірақ шындығы осы.
Сонан соң, жоғарығы деректегі «тонна» деген сөз бұл жазбаның бертіндегі адамдардың қаламынан туғанын айқындап тұр.
Біздің айтарымыз, Орталық мемлекеттік архивте қазақ даласында өткен үлкен астар жайлы мәліметтер баршылық. Ана бір жылдары атүсті қарап өткенім есімде. Ол құжаттарда «тонна»деген сөз жоқ, пәленбай саба немесе пәленбай шелек қымыз ішілді деп жазылады. Егер ерінбей іздейтін адам болса, архивте Сағынай асы жайлы да мәліметтертабылуы әбден мүмкін.
…Сонымен, біздің Қусақ даласы, Сағынай асы және Құлагер қазасы жайлы айтайын дегеніміз осы еді.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өлкетанушы.
сурет egemen.kz сайтынан
![]()

