Сағынышымыз басылмайды саған деген…

Тағзым

Шіркін, өмір-ай десейші, тоғыз жасымда анамнан, он бір жасымда әкемнен айырылып, жетімдіктің кермек дәмін ерте татқан менің де бұл өмірде көргенім аз емес. Әйтеуір, көңілге бір медеті, әкемді, шешемді көздері көрген ауылдың ақсақалдары, ақ жаулықты аналар маған сол жетімдікті білдіртпеуге тырысып, қамқор болды.

Тең-теңімен дегендей, әсіресе, өзіммен теңдес құрбыларымның түсіністікпен қарап, қолдарынан келгенше рухани қолдау көрсетуі мені бір сәт жанымды жеген қайғыдан айықтырғандай болатын.

Шынын айту керек, құрбыларым бәрі бірдей маған жанашырлық танытты десем, артық айтқандық болар. Солардың ішінде ауылдасым, бір жылдың тумасы, бірінші сыныптан бастап бірге оқыған Күлбаршын Алпысбайқызының орны бөлек еді. Қарапайым, артық сөзбен жұмысы жоқ, әрдайым қол ұшын беруге дайын тұратын сырласым да, құрдасым да, мұңдасым да осы Күлбаршын еді. Осы Көкшетауда оқып жүргенімізде, мені өзімен туыстарының үйіне апарып, шай ішіп қайтатынбыз. Жолдасым Совет әскерде, мен бір жолы қатты ауырып қалдым, қайын атам мен енем жасы келген адамдар, ауылда медициналық пункт жоқ. Сол сәтте де жанымнан табылған осы Күлбаршын. Айта берсек, Күлбаршынның адамгершілігі мен кісілігі небір үлкен мақалаға арқау болатындай…

Әттең, әттең, 76-ға қарап тұрған шағымызда жанашыр құрбымнан айырылып қаламын деп ойлаппын ба?!. Күнді күн, айды ай алмастырып, біреуге қарындас, біреуге жар, біреуге ана, біреуге құрбы, жиен, нағашы Күлбаршынымыздың біз білмейтін белгісіз әлемге бет алып, осы бір ажал түгіл, басқасына қимас аяулы жанмен қамыға қоштасқанымызға да бір жылдың жүзі болып қалыпты. Біз уақытқа қарағанмен, уақыт бізге қарамайды.

Керек екен, керек екен бірге жүріп, құлаған,

Керек екен, керек екен бірге күліп, жылаған.

Жағдайыңды шын сұрайтын өмірде,

Керек екен, керек екен бір адам! –

дегендей, өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге көріп бөліскен, өзінің ақ жүрегімен кімге болсын, тек жақсылық тілеген Күлбаршындай құрбының шынымен керек екендігін күнделікті өмір әбден айғақтап тұр!..

Күлбаршын өмірден өткенде жолдасым Совет терең толғаныстан туған өлең жолдарын жазып еді. Сол өлеңнің бүгінгі күні екі-үш аузын келтіре кетсем, артық болмас:

Туғандай болған менің Күлбаршыным,

Әлі де бар еді ғой шығар шыңың.

Ажалға араша боп тұра алмадық,

Ертерек ұшып кеттің, көгаршыным.

 

Жұмабике екеуің бір анадан егіздейін,

Мен емес жақындықты сезінбейтін.

Бірің ауырып қалғанда алдыменен,

Жан едіңдер бірі-бірлеріңді іздейтін.

 

Ойлап па едік тамыздың соңғы күндері,

Жыламсырап шығар деп ағайын үндері.

Соңғы жазы екен ғой бауырымыздың,

Жаз болғанмен, күн де бүгін күлмеді.

 

Ал, осы жолдарға бүгін қосарымыз:

Ұмытпаймыз, еске аламыз әрқашан,

Жебеп жүрсін баршамызды Жасаған.

Рухыңменен демеп жатшы ұрпақты,

Берік болсын артта қалған босағаң!

 

Көзді мына жаспен шылап тұрамыз,

Жылаймыз да, сауықты да құрамыз.

Өмір деген осындай ғой Күлбаршын,

Зиратыңа да аттың басын  бұрамыз.

Орның ойсырап қалды ғой, қайран құрбым! Ешкім болжап, білмейтін екінші бақи өміріңде тіршілікте жиған иманың өзіңе серік болсын. Адамдардан алған ақ алғысың әрқашан жарқ етіп алдыңнан шығып отырсын!

Бақида барлық бабамыз,

Біздер де сонда барамыз.

Суық қара жер алғанша,

Суымасын арамыз!

Сыйластықта болайық, ағайын!

  Жұмабике ҚАНАПИЯҚЫЗЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар