Мақсат – желілерді жаңарту

Ұлттық жоба

Көкшетау қаласында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер, өңірлік кәсіпкерлер палаталары, салалық қауымдастықтар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен кезекті көшпелі семинар-кеңес өтті.

Іс-шара барысында қатысушыларға «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асырудың негізгі тетіктері түсіндірілді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазцентр ТКШ» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ өкілдері баяндама жасады.

2025 жылы өңірде желілердің тозу деңгейі 71,4 пайызға жеткен «Степногорск Теплотранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жылумен жабдықтау саласында пилоттық жоба іске асырылады. 4,3 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және сорғылар, ысырмалар және тағы басқа да 11 жабдықтарды ауыстыру жоспарланған. Іс-шараларды жүзеге асыру тозу деңгейін 3,32 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Компания 22 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді, оның 21,5 мыңы – халық, шамамен 600-і – заңды тұлғалар. Қамту аумағы – Степногорск қаласы және Заводской кенті.

Сонымен қатар, Ұлттық жобаны өңірлерде жүзеге асыру жөніндегі Жобалық кеңсенің тобы «Көкшетау Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны нысандарында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Мұнда желілердің тозу деңгейі 43 пайызға жеткен. Биыл шамамен 5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау, 3 қазан агрегатын жөндеу және автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жүргізілуде. Бұл іс-шаралар тозуды 4,39 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын 66 мыңнан астам абонентке, соның ішінде облыс орталығы Көкшетау қаласының, қала құрамына кіретін Краснояр ауылы мен Станционный кентінің тұрғындарына қызмет көрсетеді.

2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «Петропавл жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Солтүстік Қазақстан электржелілік үлестіру компаниясы» акционерлік қоғамы, «Қызылжар су» серіктестігі және тағы басқа да кәсіпорындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 21 пайызға төмендейді.

2026 жылға арналған жалпы инвестиция көлемі Ақмола облысында 89,17 миллиард теңгені, Солтүстік Қазақстан облысында 130,56 миллиард теңгені құрайтын болады.

ТМРК төрағасы Тимур Қосымбаев өз сөзінде инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін, экономиканың тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасы соған байланысты екенін, демек, бұл стратегиялық таңдау екенін атап өтті. Ол Ұлттық жобаны іске асыруға отандық өндірушілер мен бизнес өкілдерінің белсене қатысу қажеттігін жеткізді.

Көкшетау қаласындағы семинар энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бағдарламасын аймақтарда түсіндіру бойынша Жобалық кеңсенің осымен, екінші көшпелі кеңесі.

Қ.КӘКЕНОВ,
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ақпараты бойынша.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар