Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұмтылыспен келеміз - АРҚА АЖАРЫ

Ұмтылыспен келеміз

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен биыл Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов «Құрмет» орденімен марапатталды.  Жоғары марапаттың белгілі бір еңбек жетістігі үшін берілетіндігін ескере отырып, жылдың соңғы нөмірінде Астрахан ауданының тыныс-тіршілігі туралы баяндағанды жөн көріп отырмыз.

Үміт алға жетелеген, сенім айрықша серпін берген тағы бір жыл мәресіне жетті. Ежелден қалыптасып қалған дәстүр бойынша жаңа жылды қарсы алып жатырмыз. Жаңа жыл әлдебір жарқын жақсылық, халқымызға көл-көсір қуаныш, әр шаңыраққа шаттық, әрбір босағаға тепкілесе кетпейтін құт-береке әкелетін тәрізді. Егеменді еліміздің жылнамасына алтын реңді жарқын әріптермен жарқырай жазылатын өткен жыл тарихқа айналып бара жатыр. Енді бір сәт біз сол өткен жылы ел мерейін үстем ететін қандай қомақты шаруаларды атқара алдық деген сауалға жауап беріп көрелікші. Жыл ішінде тындырылған істі безбендеудің, ой елегінен өткізудің пайдасы өте зор. Өйткені, ауданның барша мүмкіндігі мен қуатын жан-жүрегіңмен сезініп, баянды болашаққа бастар анық, сара соқпағын көкірегіңде саралап барып, жалпақ жұртқа жақсылық әкелетін келісті, кешенді істерді жоспарлап, бастап кетуге болады.
Өткен жылы көкірегімізді керіп, кеудемізді соқпасақ та ауыз толтырып айтуға әбден болатын біршама табыстарға қол жеткізіппіз. Рас, аудан шаруашылығының кез-келген саласын бірден табысты тасқынға айналдырып жіберу оңай-оспақ іс емес. Әңгіменің әліппесін алдымен өндіріс саласынан бастаған ләзім. Өйткені, өндіріс өрге басса, әлеуметтік-тұрмыстық саланың да өңі кіретіндігі белгілі. Аудандағы өнеркәсіп орындарының ішінде шоқтығы биігі жауапкершілігі шектеулі «Колутон» серіктестігі. Алдыңғы жылмен салыстырғанда мұндағы өндіріс көлемі 128,7 пайызға өсті. Есепті мерзім ішінде кәсіпорын 1302,8 миллион теңгенің өнімін өндірді. Оқыған адамға осы бір сандардың қаншалықты әсер ететіндігін кім білсін, ал, өндірісте жұмыс істеп, маңдай терін төгіп жүргендер жақсы сезіне алады. Осы қомақты қаржының арғы астарында өз ісін табысты жүргізуге деген зор талпыныстың, үлкен ұмтылыстың, ұжым мүшелерінің кәсіби шеберлігі мен еңбекке деген ықыласы жатыр. Осы серіктестікпен қатар үзеңгі қағыстырып келе жатқан кәсіпорындардың қатарынан жауапкершілігі шектеулі «Фермер 2002», «Ізбасаров және К» серіктестіктерін атай кетуге болады. Бұл серіктестіктер де өз істерін алға бастырып, аудан бюджетіне лайықты үлес қосып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Өткен жылы осындай қадау-қадау табыс-тар жан жадыратса, алдағы жылдан да үмітіміз аз емес. Мәселен, жауапкершілігі шектеулі «Астрахан құс» серіктестігі «Сбербанк» акционерлік қоғамы тарапынан айналымдағы қаржыны молайтып, шаруашылықтың ауқымын кеңейту үшін 200 миллион теңге несие алып отыр. Төрткүл дүниені дағдарыстың дауылы есеңгіретіп тұрған уақытта кәсіпкерлер де әр тиындарын неғұрлым пайданы көбірек беретін іске жұмсап, қайткен күнде де табысқа жету үшін жандарын салуда.  
Аудандағы ахуал ауыл шаруашылығының дамуына да тікелей байланысты. Сондықтан да, өткен жылдың өнегесінен сабақ ала отырып, келер жылғы келісті істерге кесімді жоспар құрып отырмыз. Өткен жылдың сабағы дегенде, ауа райының қолайсыздығы мүмкіндігіміздің қаншалықты екендігін көрсеткендігін айтқым келеді. Маңдай термен өсірілген ақық дәнді ысырап етпей, жинап алу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін жедел жаңартулары, толайым толықтырулары қажет. Осы орайда, 22 комбайн, 9 егіс кешені, 27 трактор тәрізді жаңа техникалар алынғандығын айта кету керек. Өткен жылы 404,4 мың тонна астық жинадық. Гектар берекесі 12,5 центнерден айналды. Бұрнағы жылмен салыстырғанда біршама тәуір. Сондай-ақ, 19,7 мың тонна картоп жиналды. Картоптың өнімділігі әр гектардан 130 центнерден айналды.  Қара мал басы бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама өсіп келеді. Қазір ел ішінде мал басын көбейтіп, өз төлі есебінен өсіріп, бағуға ниет білдірушілер аз емес. Есепті жыл ішінде мал тұқымын асылдандыру барысында да бірқатар шаралар жүзеге асырылды. «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде асыл тұқымды бұқалар сатылып алынды. Салаға серпін берілген соң қайтарымы да көзге көрініп тұрады. 2013 жылмен салыстырғанда ет, сүт, жұмыртқа сату көлемі өсе түсті.
Кәсіпорындардың қауқары арту үшін негізгі қорды көбейтіп, инвестицияны молайтудың маңызы өте зор. Есепті жыл ішінде кәсіпорындар 1738,6 миллион теңге өз қаржыларын айналымға қосып, мүмкіндіктерін арттыра түсті. Сондай-ақ, банктердің несиесі түріндегі 112,3 миллион теңге қаржысы қосылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі арта түсті. Есепті кезең ішінде 772 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Астрахан селосында салынып жатқан 92 шаршы метр тағы бір тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Ауданда кәсіпкерлікті дамытуға да барынша көңіл бөлініп отыр. Қазір ауданда шағын бизнеспен 1832 адам айналысады. Бір шағын базар, 5 сауда орталығы, 2 мейрамхана, 210 дүкен, 18 монша, 13 шаштараз тәрізді халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін орындар мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Қай уақытта болмасын барынша назар аударып, көңіл бөлетін жай жұмыссыздықты азайту. Негізінен елдің тыныс-тіршілігі осы бір жайға байланысты. Өткен жылы жаңадан жұмыс орындарын ашудың арқасында аздап болса да жұмыссыздықты азайтуға тырыстық. Қазір ресми тіркелген 37 адам бар. Еңбекпен қамту бөліміне жыл ішінде 325 адам өтініш жасаса, соның 250-і жұмысқа орналасқан. Есепті кезең ішінде жаңадан 485 жұмыс орны ашылды. Біздің шағын аудан үшін бұл да аз көрсеткіш емес.
Ауданда 32 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның 18-і орта, 13-і негізгі және біреуі бастауыш. Шындығын айту керек елді мекендерде бала саны аз. Сондықтан, біздің ауданда бір елді мекеннен екінші елді мекендегі білім ошағына балаларды тасымалдау өте көп. Жас ұрпақтың лайықты білім алуы үшін қолдан келген шараның бәрін жасап жатырмыз. Қазір ауданның бірқатар елді мекеніндегі балалар тасымалданып оқытылады. Оның барлығы көлікпен қамтамасыз етілген. Мектепте ыстық ас ұйымдастырылған. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде 82,3 балл жинау мүмкін болды. Атап айта кету керек, бұл орайда да аздаған алға басушылық бар. Айталық, 2013 жылы 72,8 балл жиналған болатын. Білім ошақтарында қосымша үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді. Ауданымызда 4 балалар бақшасы бар. Оған қоса 20 шағын орталық ұйымдастырылған. Старый Колутон селосындағы балалар бақшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының шеңберінде Акимовка селосында жаңадан шағын орталық ашылды.
Денсаулық сақтау саласы да қалыпты қызмет етуде. Аудандағы 35 медициналық мекеме адамзаттың ең басты байлығы денсаулық мәселесін сақтау, нығайту, алдын алу тәрізді ауқымды істерді мінсіз атқаруда.
Шаруашылық жұмыстарымен қатар елдің рухани дүниесін байыту жолында жұмыс істеуге тиістіміз. Қазір аудан орталығында және елді мекендерде 17 кітапхана жұмыс істейді. 14 селолық клуб жұмыс істейді. Онда әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылған.
Өзге аудандармен салыстырғанда, ауқымы аздау ауданымыздың өткен жыл ішінде атқарған ісі осындай. Рас, оның барлығын таратып айтуға тырысқан жоқпыз. Тек жаңа жыл қарсаңында екшеп, таразылап айтқан тұс осы. Алдағы уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында нақты көрсетілген міндеттердің үдесінен шығып, іс-қимылымызды ширатып, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей түсуге ат салысатын боламыз. 

Талғат ЕРСЕЙІТОВ,
Астрахан ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар