Бәрекелді!
Жаңа оқу жылының алдында өткен республикалық тамыз конференциясында ақкөлдік педагог Юлия Алдажарова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қатысуымен өткен биылғы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық тамыз конференциясы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған таңдаулы педагогтардың басын қосқан айтулы тәжірибе алаңына айналғаны сөзсіз. Оған қатысқан Урюпинка ауылындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Балабақша-мектеп-интернат» арнайы кешенінің директоры Юлия Алдажарова өз ісінің шын майталманы. Саналы ғұмырының 30 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған тәжірибелі маман бүгінде көшбасшылық қырымен де өз ортасында сыйлы жан. Еңбек жолын қарапайым техникалық қызметкерден бастаған ол, кейін тәрбиеші, одан әрі директордың орынбасары қызметіне көтерілді. Қазіргі уақытта Урюпинка ауылындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Балабақша-мектеп-интернат» арнайы кешенін басқарып отыр. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» демекші, аталмыш награда педагогтың білім беру саласына сіңірген ерекше еңбегі үшін берілген баға жетпес марапат.
Оның басшылығымен мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқыту процесіне заманауи әдістер енгізілуде, педагогтардың кәсіби өсуіне жағдай жасалуда. Соның арқасында балалардың білім сапасы жыл сайын артып келеді.
Ю.Алдажарова – педагог-зерттеуші, әдістемелік ұсынымдардың авторы. Оның әдістемелік еңбектері 2024 жылы Алматы қаласында жарық көрген. Ұлттық ғылыми-практикалық арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығының жинағына енгізілген. Ол арнайы білім беру ұйымдарының мониторингі бойынша республикалық семинарлар мен жұмыс топтарының жұмысына қатысқан. 2023 жылы Қостанайда өткен Қазақстан педагогтарының тамыз кеңесінде «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында баяндама жасаған.
Әріптестерінің айтуынша, жүйелі жұмыстың нәтижесінде кешен тәрбиеленушілері «Жұлдызай», «ARTE ITALIANA», «Астана Жұлдыздары», «Қазақстан – менің алтын бесігім» және басқа да халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздары атанып жүр.
–Сондай-ақ, мекеме педагогтары облыстық және республикалық «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогы» конкурстарында жүлделі орындарға ие болып, Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды, – дейді арнайы кешеннің педагогтары.
Юлия Сергеевна жаңашыл көшбасшы әрі тәлімгер ретінде әріптестерінің құрметіне, кәсіби қауымдастықтың мойындауына ие болған ұстаз. Ол өз өмірін жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту ісіне арнаған ұлағатты да жаңашыл педагог.
Ы.ШАМШИЕВА.
Ақкөл ауданы.
![]()

